(Букмекер мен спортқа бәс тігу туралы «аңыздар»)

One senior man watches soccer match and bets on the game.
Букмекерлік салада спортқа бәс тігу туралы алып-қашпа әңгіме көп. Кейбіреулер бәс тігу арқылы бірден байып кетуге болады деп ойлайды. Беттингтің қыр-сырын білмейтіндер оны құмар ойындары және лотереямен шатастырып жатады. Ал шындығында спортқа бәс тігудің сипаты мүлде өзгеше. Сондықтан осы ермекке дұрыс көзқарас қалыптастыруға кедергі келтіретін «аңыздарға» тоқталып, түсініктеме берейік.
Бірінші «аңыз»: букмекерлік кеңседе ұтысқа жету оңай
Неге екенін, жұртты адастыратын әрі кең таралған қасаң қағида дәл осындай. Бәс тігудің не екенін бәлмейтіндер спортқа болжам жасайтын саланы карта немесе рулетка ойынымен шатастырып жатады. Өкінішке қарай, мұндай жаңсақ пікір қоғамда спортқа болжам жасауға деген теріс көзқарасты қалыптастырады. «Бәс тігу – карта сияқты құмар ойын» деген түсінік басым. Бір қызығы, жай адамдар ғана емес, Парламенттегі кейбір депутаттардың өзі осылай ойлайды.
Мұндай қаталесудің мәні мынада: көп адам спортқа бәс тігу лотерея немесе рулетка сияқты кенеттен жолы болып, ұтумен бірдей деп ойлайды. Білмейтін командаға немесе спортшыға бәс тіксең де ұтасың деп ойлайды. Әрине, бұл – казино немесе лото-залдар үшін үйреншікті тәсіл. Онда шынымен де аяқ астынан сәтін салып, ұтуың ғажап емес. Покерде қандай карта ашылатынын, рулетканың тілі қай жерге тоқтайтыны, лотереяда қай сан ұтыс әкелетінін болжай алмайсың.
Әрине, спортқа бәс тігуде де кездейсоқ ұтыс болып тұрады. Мәселен, атағы жер жарған спортшыны әлі таныла қоймаған жас боксшы аяқ астынан жеңуі мүмкін. Спорттың аты – спорт, ондай кездейсоқтық кездеседі. Дегенмен қандай да бір спорт түрінен хабарың жоқ болса, жекелеген спортшының немесе команданың ерекшелігін білмей, «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп бәс тігуге болмайтыны әлдеқашан дәлелденген. Казино мен ойын автоматтары залынан шықпайтын ойынпаздарға бұл үйреншікті тәсіл. Ал беттингте ол тәсіл қол емес, яғни ойланбай жасалған болжамның 99,9 пайызы сәтсіз аяқталады.
Тәжірибелі бәс тігушілер өзінің білімі мен есеп-қисабына сенеді. Олар өздері бүге-шігесіне дейін білетін, нәтижесін болжай алатын спорт түріне ғана бәс тігеді.
Екінші «аңыз»: спортқа бәс тігу – баюға апаратын жол
Иә, ондай жағдай да болып тұрады. Осыдан үш жыл бұрын Алматыда спортқа үзбей бәс тігіп жүрген бір тұрғынның ағымдағы чемпионаттағы 44 оқиғаның нәтижесін бір мезетте болжағаны дәл келіп, екі миллион долларға жуық ақша ұтып алған. Бұл оқиға тек Қазақстандағы емес, бүкіл ТМД-дағы букмекерлік бәс тігу тарихына енді.
Сол бір орасан ұтыстың иесі спортқа әуесқойлықпен ғана болжам жасап жүрген. Ол өзін кәсіби бәс тігуші деп санамаған. Беттингтің арқасында баю туралы ойына да кіріп-шықпаған, Бірақ бәс тігуде біраз тәжірибесі бар еді. Бірнеше жыл айналысқан. Футболды жақсы білетін. Өз сұхбатында ол «экспресс» режиміндегі бәс тігуге әр оқиға бойынша талдау жасап, мұқият дайындалғанын айтып еді. Алайда болжамының бәрі дұрыс шығып, соншама ұтысқа кенелемін деп ойламаған.
Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Букмекерлер статистикасы бойынша әдетте беттингпен тұрақты түрде айналысатын тәжірибелі болжам жасаушылардың ұту-ұтпауы әрдайым 50 де 50 болып шығады. Тәжірибесі аздау болса, көбіне ұтылады. Өте сирек жағдайда ұтыс статистикасы белгілі бір уақыт бөлігінде ұтылыс статистикасынан басым түсуі мүмкін. Осының өзі сәттілік саналады.
Алайда пысықайлар шындықты жалпақ жұртқа жайып салудан тартынады. Ғаламтор желісінде букмекердегі ұтысты тұрақты етуге болады деп сендіргісі келетін тақырыптық талдаулар жетіп артылады. Мұндай материалдар белгілі бір мақсатпен жарияланады. Жұртты алдап, оңай ақша тапқысы келетіндер бәс тігуге жаңадан ден қойғандарды жылдам баюдың тәсілдерін үйретеміз деп алдап, тұзағына топ еткізуге тырысады. Дәл осындай алаяқтар қайсыбір «каппер-кәсібилердің» қисапсыз байлығы туралы аңыздарын шығарады. Соның арқасында олар спорт бәсекесінің «құпия дерегін» сатып алуға үгіттеп, түрліше тәсілмен алдауға тырысады.
Үшінші «аңыз»: букмекерлер клиенттерді алдайды
Бұл нарықтағы ішкі арпалыс туралы әңгімеге келіп тіреледі. Мүдделі ойынпаздар мен лоббистер қолданатын нағыз «қара пиардың» өзі. Отандық БАҚ-та букмекерлік кеңселерді жерден алып, жерге салатын мақалалар ауық-ауық жарияланып тұрады. Әлде білместікпен, әлде қасақана ма, әйтеуір, букмекерлерге ойын бизнесіне (казино, рулетка, лото-клуб, ойын автоматтары) тән классикалық «күнәнің» бәрін үйіп-төгеді.
Жуырда орыс тілді отандық басылымда мақала авторлары букмекерлерге «Қазақстандағы 10 ажырасудың 7-уі ойынпаздықтың кесірінен» деген айып тақты. Мақала авторлары келтірген тағы бір «жаңалық» – елімізде букмекерлік кеңселерде ойнайтын 350 мың адам ойынқұмарлық дертіне шалдығыпты-мыс. Басылымға мұндай деректерді аноним авторлар емес, Парламент Мәжілісінің депутаттары келтіріп отырғанына назар аударыңыз. Олардың аты-жөнін жазбай-ақ қояйық, білгісі келтіндер желіден-ақ тауып алар. Мәжілісвуменнің бұл деректі қайдан алғаны бір өзіне мәлім. Заң шығарушының пікірін кім және қандай мақсатпен бұрмалап отыр, мәселе сонда. Қос депутаттың ондай мәлімдемені тектен текке жасамағаны белгілі. Олар букмекерлерді (казино, рулетка немесе лото да емес) ел ішінде осындай сұмдық жағдайдың қалыптасқаны үшін кінәлі деп айыптады. Қарай гөріңіз, екінің бірі ойынқұмар, ал соның бәріне букмекер кінәлі екен!
Депутаттардың еш тексерілмеген көрсеткішті пайдаланғаны таңдай қақтырады. Мәселен, денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Жүйке денсаулығы орталығында бүкіл психиатриялық патологиясы бар сырқаттардың мұншама саны тіркелмеген. Оған қоса, букмекерлік кеңселерде, сондай-ақ казино мен лото-клубтарда тұрақты түрде бәс тігушілердің жалпы саны да әлдеқайда аз.
Клиенттерді алдау, Қазақстан букмекерлерінің өздері айтқандай, күйіп тұрған мәселе. Бірақ мұндай алдаумен отандық букмекерлер емес, астыртын кеңселер, яғни біздің елімізде тіркелмеген онлайн-букмекерлік сайттар және онлайн-казинолар айналысатынын ескерген жөн.
Көптеген заңсыз кеңселер шынында да өз клиенттерін оңды-солды алдайды.
Кең таралғаны – ұтысты төлемеу, қазақстандықтардың ақша салынған аккаунтын бұғаттау немесе жою. Бәс тігу шарттарын түсініктеме бермей-ақ өзгерту. Тағы да қайталап айтамыз: мұндай тәжірибе заңсыз жұмыс істейтін (астыртын), шетелде тіркелген және қазақстандық лицензиясы жоқ букмекерлік сайттарға тән. Алаяқтарға ұрынбаудың қағидасы қарапайым: елімізде ресми тіркеліп, лицензия алған отандық букмекерлердің (соның ішінде халықаралық компаниялардың) қызметіне жүгінген дұрыс.
Қазақстандық лицензиясы бар-жоғын тексеру оңай: букмекерлік кеңсенің сайтында ол көрініп тұрады. Онымен мұқият танысуға мүмкіндік бар. Ал егер сайтта ондай мәлімет болмаса, онда кеңсе заңсыз жұмыс істейді деген сөз. Онда оған жоламаған дұрыс. Сондай-ақ букмекердің құзырлы органның – мәдениет және спорт министрлігінің тізімінде бар-жоғын да тексеруге болады. Министрлік сайтында ресми тіркелген букмекерлік кеңселердің тізімі бар.
Ал отандық букмекерлердің алдайтыны туралы әңгіме шындыққа жанаспайды. Біріншіден, ел ішінде қызметі ресми тіркелген бірде-бір букмекерлік кеңсе заң бұза алмайды. Өйткені әшкере болған жағдайда жұмысын тоқтатып, лицензиясын кері қайтарады. Екіншіден, бүкіл қазақстандық букмекерлердің қызметі мемлекеттің ұдайы онлайн-бақылауында. Әрбір операцияны тәулік бойы онлайн режимде қаржы министрлігінің салық комитеті қадағалап отырады. Сондықтан кез келген заңсыз немесе алаяқтық іс-қимылды жүзеге асыру мүмкін емес.
Осы аңыздардың бәрінен хабардар болу, ең бастысы, шындықты білу спортқа бәс тігуге объективті қарауға мүмкіндік береді. Бүкіл әлемдегідей спорт жанкүйерлерінің ермегіне дұрыс көзқарас қалыптастырып, негізсіз қорқытып-үркітуге, тез баюға шақыратын қулардың уәдесіне сенбеу керек.
Олжабек Байқуатов