jasqazaq.kz

Месси Аргентинаны алға сүйрей ала ма?

21 маусым 2018, 14:22

Бүгін түнде футболдан әлем чемпионатының орталық кездесуі Аргентина мен Хорватия арасында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нижний Новгород қаласында өтетін матчта Хорхе Сампаоли жаттықтыратын аргентиналықтар барын салатыны анық. Бірінші турда Лионель Месси пенальтиді соға алмай, Исландиямен тең ойнаған екі мәрте әлем чемпиондарының енді шегінер жері жоқ. Алғашқы ойынында Нигерияны 2:0 есебімен тізе бүктіріп, D тобында көш бастаған Хорватия құрамында да маңдайынан жел ескен жұлдызды ойыншылар жетерлік. Әйтсе де Нигериямен бәсекеден кейін ши шығып, «арқам ауырды» деп, алаңға шығудан бас тартқан Никола Калиничті бас бапкер Златко Далич үйіне қайтарды. «Маған сақадай сай футболшылар керек», деген бапкер сөзінің жаны бар. Қазіргі таңда хорваттар Мессиді қалай тоқтатады деген мәселе көбірек талқылануда. Тіпті З.Далич Мессимен «Барселонада» бірге ойнайтын, командаласын бүге-шігесіне дейін білетін Иван Ракитичтен сыр тартыпты. «Барсаның» сыралғы қарсыласы — Мадридтың «Реалында» доп тебетін, шабуылдың бәрін ұйымдастыра алатын ақылды ойыншы Лука Модричтің өзі бір төбе. Аргентинаның құрамында қорғанысты тас қылып ұстайтын Хавьер Маскерано, Маркос Рохо, Николас Отаменди, алдыңғы шепте жасындай жарқылдайтын Анхель Ди Мария, Серхио Агуэро, Гонсало Игуаин секілді мықтылар жеткілікті. Бірінші ойында Сампаоли Игуаинды алаңға бірден шығарған жоқ, бұл жолы ол қандай тактика ұстанады, мұны кездесу көрсетеді. Қайткенде де шабуылға көбірек көңіл бөлері түсінікті. Бұл бәсекеге өзбекстандық төреші, 40 жастағы Равшан Ирматов қазылық етеді. 2014 жылғы дүниежүзілік додада ол төрт матчта төрелік етіп, соның біреуінде хорваттар Мексикаға 1:3 есебімен жол берген болатын. Аргентина мен Хорватия құрамалары осыған дейін өзара төрт кездесу өткізіп, соның бәрі тартысқа толы болды. Соның ішінде бұдан жиырма жыл бұрынғы әлем чемпионатында аргентиналықтар хорваттармен бір топта ойнап, 1:0 есебімен басым түсті. Дегенмен дәл сол додада хорваттардың қола жүлдеге қол жеткізгені белгілі. Содан кейін олар тіпті топтан шығып көрген емес. Сонымен, футболды шемішкедей шағатындар Аргентинаға сенім артуда. Алайда тосын нәтижелер жиі тіркеліп жатырған бұл біріншілікте Хорватия жеңіске жетіп, плей-офқа берілер жолдамаға иелік етсе, таңғалмауға болады. Айта кетейік, чемпионаттағы бәсекелестігі аса жоғары, ең қиын топ болып есептеліп отырған D төрттігінде Нигерия — Исландия матчы ертең Волгоградта өтеді.

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде