Мен комментатор болсам — 2

23 тамыз 2016, 15:23

eff856e7-8692-42a9-97b9-30ac5e546227

Комментатордің көзі ілінгені сол, бірдеңе маңдайына жабысып қалды. Корыққанынан, көз қиығымен қарап еді, бірнеше әріп маңдайына жабысқан, «О» әрпі башпайына ілініп, тілін шығарады ма, «Ж» әрпі жыбырлап, кеудесіне келді ме… Бір кезде бәрі қосылып, «Қуалап жүріп сабады» сөйлемі бола кетті де, қабырғада салбырап тұра қалды. РИО Олимпиадасынан тікелей хабар жүргізетін «Хабардың» комментаторы Асхат Жақаевтың көздері 220 ваттық ләмпечкедей жарқ ете қалып, көрпесін бүркеніп алды. Сосын бір кезде барып, ақырын көрпенің шетін ашып, қабырғаға қарап еді, сөйлемдер «сөйлеп» кетті.
–Сәлеметсіз бе ағай? –деген дауыс шықты бөлмеде. Ол жан-жағына қарады.
–Бұл кім? Кім сөйлеп тұрған? –деп сұрады ол.
–Біз ғой. Әріптер ауылынанбыз. Оның ішінде сөйлемдерміз.
–Болсаңдар ше? Сөйлемдер сөйлейді дегенді естісем, екі құлағым бір-біріне жабысып қалсын!
–Ой, ағай, сөйлеуге мәжбүр болып отырмыз ғой.
–Е, не болып қалды? Сендерді түн ішінде кім шақырды өзі?
–Ағай, айқайламаңызшы. Біздер сүмелек сөздерміз…
–Е?
–Бізді сүмірейткен сіз… Мықты комментатор бола алмайды екенсіз. РИО-дағы бокстан хабар жүргізгенде абайлап сөйлемейсіз бе? Әріптердің абыройын төгіп… Сөйлемдерді сапырылыстырып… «Қуалап жүріп сабады» дейсіз.
–Енді. Боксшылар кейде қуалап жүріп сабайды ғой?…
–Туу ағай, қойыңызшы, «ауылбайский» сөзді айта салады екенсіз. Күйеуі әйелін қуалап жүріп сабайды. Сонда ғана құлаққа кіреді.
–Сендер өзі … –деген Асхат орнынан ұшып тұрып, «сүмелек» сөйлемді қуалап жүріп сабады. Өзі «Хабарда» айтқандай: «Не спи Қостанай! Актау вы с нами!» деп айқайлап қояды. Бір кезде әріптер жоқ болып кетті. Тура баяғы-ы-ы «Фантомас» фильміндегі комиссар Жювтің күйін кешті. Көрпені басына бүркеп, біресе ашып жіберіп, бірде қайта бүркеп, мазасы кетті. Ұйықтап кеткен екен, біреу мұрнынан сипалады. Селк ете қалғанда, мұрны үстіндегі «Ә» әрпі домалап түсті. Сөйтті де, «Данияр, Жәнібек» деген спортшылардың есімдері құралып, төбеден салбырап тұрды.
–Күш, күш! Кетіңдер! –деді ол қалтырап, әріптер шабуылына ызаланып.
–Біз ғой…
–Бізің кім?
–Сүмелек сөздерміз. Сізге, кешіріңіз, ия сізге өкпеліміз. «Данияр» деп Жәнібектің атын шатастырып алғаныңыз қалай? Сізді Фархат деп шатастырсақ жақсы көресіз бе не?
–Төу, ұйқы бересіңдер ме, жоқ па?
–«Ұтты» дейсіз. Боксшы бір зат ұтпайды, жеңеді.
–Қумаңдаршы, а?
–Сіз туралы әлеуметтік желіде не жазылғанын білесіз бе? «Хабар агентігінің орыс тілді бокс комментаторы Асxат Жақаевтың сөйлеу стилі күнде осы. Құдды, бокшылар Олимпиада емес, облыс аралық бәсекеде бақ сынасып жатқандай. Әдейі айтама, жоқ, санасы сол деңгейде ме, белгісіз?!» деп жазды бір фейсбукшы.
–Жаза берсін! –деген ол атып тұрып, сүмелек сөздерді шыбын ұрғышпен ұрып түсірді…
Әрине, қымбатты оқырманым менің! Дәл осындай фантастикалық оқиға бола қойған жоқ, бола қойғанның өзінде сенбейтініңіз анық. Бірақ «Хабардың» комментаторы Асхат Жақаевтің сөздерді сүмірейтіп, сүмелектендіріп жібергенін жұрт әлеуметтік желіде жапа-тармағай жазып жатыр! Олпы-солпы айтыла салған сөздерін сынап, ашынып жатқандар қаншама! Шынында жалғыз Асхат ғана емес, өзге де комментаторлардың тіліне тікен кіріп кеткен сияқты, кібіртіктеп қалатындары сол. Сөздерінің сиқы– ұйпа, жанкүйерлдердің жегендері– «құйқа»…
Ал, ұлттық арнаның комментаторы сөзден сорпа ішкізді, қуырдақ та пісіріп берді! Қараңыз: «Ұлттық арна көрерменнің жүйкесін жұқартып, ызасын келтіруді қоймайды екен. Комментаторларды қайдан тауып алады мынадай? Әп-әдемі бокстың сәнін кетірді. «Мына екі боксшының біреуі точно жеңеді» дегендей сөздерімен.. Ешқандай жеке араздығым, ала алмай жүрген өшім жоқ. Тек төрт жылда бір келер әлемдік доданы рахаттанып көргім келеді.» деп жазады Жарас Ниязбек деген бауырымыз. «Мына сиыр точно туады» дегендей, ұлттық арна комментаторының бұл қандай мазағы? Қазақ тілін соншама шұбарлағаны несі? «Бесінші бұрышты іздеп кеттіні» түсініп көр…
Мен айтар едім, спорт комментаторларын жинап алып, сабақ өткізіп, тест тапсыртып, оқушы балалар сияқты үйге тапсырма беру керек шығар? Сондай жағдай бола қалса, Асхатқа қандай баға қояр едіңіз? Немене? Екі? Жарайды, көтермелеп, «үш» қоялық! Үш, үш те болса күш!

 

Мұхтар ШЕРІМ

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр