
Мектеп салу мәселесі Астана қаласында қазір аса өзекті болып отыр. Өйткені елорда тұрғындарының саны жыл сайын арта түсуде. Мысалы, 2019 жылдың басында қалада 1 млн 30 мың адам тұрса, биыл бұл көрсеткіш 1 млн 330 мыңнан асты. Айналасы үш-төр жылдың ішінде астаналықтардың саны 300 мың адамға өскен. Бұл дегеніміз — бір облыс орталығының халқы.
Қалада 2019 жылдан бері 93 мың оқушыға арналған 2 ауысымдағы 45 мектеп салынған. Тоғыз мектеп биылғы оқу жылында ашылғалы отыр. Астана қаласының әкімдігінің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта мектеп салынатын 102 жер телімі белгіленген көрінеді.

Аталған әлеуметтік нысандар қажеттіліктеріне орай қаланың барлық ауданында біркелкі орналасқан деуге болады. Қала тұрғындары көбірек шоғырланған және қарқынды дамып келе жатқан Есіл ауданында мектеп салынатын 49 жер телімі, Алматы ауданында 29 жер телімі қаратырылған.
Бүгінгі таңда мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 23 аса ірі мектептің жобасы қолға алыныпты. Бұл 23 мектеп 2 ауысымда 84 мыңнан астам оқушыны қамтуға мүмкіндік береді. Осыған дейін Астанада алты ірі мектеп ашылып, олардың әрқайсысы 4 мың оқушы орнына (6 мектептегі оқушы орындарының жалпы саны – 2 ауысымда 24 мың) есептелген болатын.

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов жақында бірқатар білім беру орындарының құрылысымен танысып шықты. Ұлы Дала даңғылындағы, сондай-ақ Ұлы Дала мен Сауран қиылысындағы, 187-көше мен Қарасай батыр көшесінде орналасқан мектептерді биылғы оқу жылында ашу жоспарланып отыр.
Абзал Ибргаим,
Астана