«Мейірбандық дүниеге нұрын төгер»

16 қыркүйек 2022, 11:17

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – тәуелсіз еліміздің тарихындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың бірі.

Биыл 14-15 қыркүйекте бас қаламыздағы Тәуелсіздік сарайында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация келді. Тіркелген ақпарат құралдарының саны 300-ге жетті.

Діни форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Мұхаммед Ахмед әт-Тәйеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф қатысты.

Съездің пленарлық отырысы «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» тақырыбына арналуы бекер емес. Екі жылдан бері тәжтажалдың қыспағында қалған күллі адамзат бетпе-бет жүздесіп, лебіздесудің қадіріне жеткендей. Осы тұрғыдан алғанда, дін көшбасшыларының пандемиядан кейін алғаш рет біздің елімізде бас қосуының өзіндік маңызы бар.

Пленарлық отырысты ашқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін әлемнің ең құрметті рухани көшбасшыларының басын қосып, диалог орнату зор құрмет екенін атап өтті. «Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол – ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. «Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндайда гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Ал Рим Папасы Франциск съезде сөйлеген сөзінде: «Қазақ жерінде 20 жылдан бері әлем үшін маңызы зор осы съезд ұйымдастырылып келеді. Биылғы кездесу бізді пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани, әлеуметтік дамуындағы рөлі туралы ойлануға бағыттап отыр. Коронавирус баршамызды бір деңгейге түсіріп, барлығымыз қарапайым адам екенімізді еске түсірді. Ұлы ақын Абайдың шығармаларынан осы жайында терең түсінуге болады. Абай өз өлеңінде «Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер, мейірбандық дүниеге нұрын төгер» деп жазған. Жаратушы табиғатты жайнатып жасартқан. Сондықтан жер бетін ластауға, орасан зор залал келтіруге қалайша жол береміз? Баршаңызды осы мәселені бірлесіп шешуге шақырамын», – деді.
Әл-Азһар ислам университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тәйеб адам баласына жаһандағы апаттардың себебі туралы ойлану керектігін айтты.

«Табиғи, саяси және «экономикалық» апаттарды адам өзімшілдігінің кесірінен өз қолымен жасап алды. Қасиетті Құранда бұл екі құбылыс пен олардың салдары туралы осыдан шамамен 15 ғасыр бұрын айтылған. Бұл апаттарды адам өзінің пиғылынан, салғырттығы және басқаларға немқұрайды қарауынан туындатқанын ұмытпауымыз керек», – деді Ахмед әл-Тәйеб.
Съезде Израильдің Бас Сефард раввині Ицхак Иосиф, Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Шейх Равиль Гайнутдин, ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахманов және тағы басқалар сөз сөйледі.

Елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығының аумағында Месса рәсімін өткізген Рим Папасы Франциск қазақстандықтарға алғыс білдірді. «Жаратушыға осынау ұлы елде тұрып жатқан халық үшін алғыс. Бұл халықтың мынау әлем аса мұқтаж диалог пен бейбітшілікке ықпалдастығы алғысқа лайық», – деді Рим Папасы Франциск.

Басқосудың соңында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының
VII съезінің Декларациясы қабылданып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясының ресми құжаты ретінде таратылатыны мәлім болды.

 Талап Тілеген

22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде