
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Тұрғындар екі түрлі медициналық пакет бойынша көмек алады. Яғни келесі жылы кепілдендірілген медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүреді.Осыған орай, сақтандыру жүйесін тұрғындарымыз қалай қабылдады? Қай санаттарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарнасы мемлекет тарапынан төленеді? Жүйенің тиімділігі неде? Осы сынды бірқатар сұрақтарға Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасы медициналық статистика бөлімінің меңгерушісі Мақсат Болатұлы жауап берді.
Jas qazaq: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы не айтар едіңіз?
М.Болатұлы: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бірнеше рет белгілі бір себептермен кейінге қалдырылды. Себебі бұл жүйені енгізу барысында түрлі мәселелер орын алған еді. Мысалы, еліміздегі 2 миллион адам мәртебесі анықталған тұлғалар қатарына жатады. Олар мемлекетке ешқандай салық төлемеген кәсіп иелері. Яғни бұл топтағы адамдардың белгілі бір тұрақты жұмысы жоқ. Мысал ретінде базардағы саудагерді, такси жүргізушісін, осыған ұқсас басқа да азаматтарды айтуға болады. Сондықтан Елбасы алғашқыда бұл жүйеге мораторий жариялады. Өйткені жоғарыда атап өткен топтағы тұлғалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қалай қатыса алады? Міне, осы мәселені нақтылау керек болды. Мамандардың сараптауы нәтижесінде белгілі бір шешім қабылданып, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы жүйені енгізу түбегейлі шешілді.
Jas qazaq: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстары қалай жүзеге асты?
М.Болатұлы: Қазіргі таңда №7 қалалық ауруханада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша науқастарға, олардың туыстарына жүйенің тиімділігі жан-жақты түсіндірілуде. Мәселен, мемлекеттік кепілдендірілген медициналық көмек беру жүйесімен МӘМС жүйесінің қандай айырмашылығы бар? Оған кімдер мүше бола алады? Осыған жауап берейін.
Қазіргі таңда мемлекет медициналық сақтандырылған немесе сақтандырылмаған барлық тұлғаларға бекітілген тізім бойынша тегін медициналық көмек көрсете алады. Ол – өзімізге белгілі жедел жәрдем көмегі. Емханалардағы алғашқы медициналық көмек. Жалпы, елімізде өмір сүретін азаматтарға Үкіметтің бекіткен тізімі бойынша тегін медициналық көмек көрсетіледі. Ол өз кезегінде мемлекет тарапынан ішкі жалпы өнімнің бір бөлігі медициналық көмекке жұмсалады деген сөз.
Jas qazaq: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын кім қалай төлейді. Осыны толығырақ түсіндіре кетсеңіз?
М.Болатұлы: 2020 жылдан бастап енгізілетін жүйе мемлекет және жұмыс беруші тарапынан үш жақты жауапкершілікті анықтап, әр адам өз денсаулығына жауапты қарайтындығының кепілі бола алады. Сондықтан жұмыс істейтін әрбір адам, жұмыс берушінің есебінен белгілі бір пайызға дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлем жасайды. Бұл жүйеде құрылған арнайы қор бар. Сол қорға еліміздің барлық азаматтары жарна аударады. Егер еш жерде жұмыс істемесе, қала тұрғыны болса, ерікті түрде бір 1, ауылдық жерде болса 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна төлеп отыруы тиіс. Егер ешқандай төлем жасамаса, олар базалық медициналық көмек ала алады. Бірақ МӘМС жүйесінде сақтандырылмаса, бұл санаттағылар толыққанды медициналық көмек ала алмайды. Ал толық көлемдегі медициналық көмек дегеніміз – жоспарлы түрде емдеу. Мысалы, оңалту, сауықтыру орталықтарындағы көмекті ала алмайды. Неге десеңіз, олар сақтандырылмаған азаматтар санатына жатады. Сондықтан, біз осы жүйеге тіркелудің мәнін жұртшылыққа түсіндіреміз. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар болса, олар ерікті түрде жарна төлегені жөн.
Jas qazaq: Сонда нақты жұмысы бар адамдар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған топтардың жарнасы екі түрлі ме?
М.Болатұлы: Иә, айырмашылығы бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жарнасы туралы жоғарыда айтып өттім. Бұл жерде жұмыспен қамтылғандар ұтады. Өйткені өзін-өзі жұмыспен қамтығандар зейнетақы қорына табыс салығын төлемей, тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ғана төлем жасайды. Ал 2020 жылдан бастап жүмыс істейтін адам жалақысының 1 пайызын, ал жұмыс беруші 1,5 пайызын МӘМС жүйесіне төлейтін болады. Яғни жұмыс беруші жұмыскерінің денсаулығына да жауап береді деген сөз. Оған қосымша мемлекет тағы да төлем аударады. Бұл жерде әркім өз денсаулығына көңіл бөледі, мемлекет тарапынан да жан-жақты қолдау жасалады деген сөз. Мемлекеттің берер көмегі – қордағы қаржы толықтай сақталады, оған қосымша жұмыс беруші аударады. Ол әрбір жұмыс істейтін адам алатын жалақы мөлшеріне байланысты болады. Одан кейін жұмыс өз жалақысынан 1 пайыз көлемінде төлем аударады. Яғни үш жақты төлем жасалады. Ал егер еш жерде тіркеуде жоқ, бірақ жұмыспен өзін-өзі қамтыған азаматтар пайыз емес, мүмкіндігіне қарай белгілі бір көлемде қаржыны аударады.
Jas qazaq: МӘМС жарнасы қай санаттағы адамдарға мемлекет есебінен төленеді?
М.Болатұлы: Осы жүйенің аясында құзырлы орындар 15 топты анықтады. Олар – мүгедектер, бала күтімі бойынша үйде отырғандар, әскери қызметкерлер мен ІІҚ, сонымен қатар 18 жасқа толмағандар. Олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылғандар тобына жатады. Нақты 15 топ бар. Сол топтағы азаматтарға емге арналған қаражатты мемлекет төлейді. Жеке кәсіпкерлер де мемлекетке салық төлейтіндердің қатарына жатады. Сонымен қатар олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын қосымша төлейді. Мысалы, біздің ауруханада 27 мың адам МӘМС жүйесіне төлем жасайды. Олар толыққанды медициналық көмек алуда. Ал стационарлы көмек алатындар саны 70 мың адамның көлемінде. Егер мүлдем жұмыс істемейтін тұлға болса, ол өзінің тіркелген мекен жайы бойынша жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыздардың тізімне ене алады. Ал осындай тұлғаларға да мемлекет МӘМС төлейді. Оның жұмыссыз деген мәртебесі болуы тиіс.
Біздің дәрігерлер сауда орталықтары мен базарларда, адам көп шоғырланған жерлерге барып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы акциялар ұйымдастырды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.
Сұхбаттасқан Нұргүл Жамбылқызы