
Маңғыстау облысының полиция департаменті республика аумағында 16-18 маусым аралығында жүргізілген «Стоп-трафик» жедел-алдын алу шарасының нәтижесін жариялады деп хабарлайды Lada.kz. Іс-шара барысында полицейлер үш күн ішінде көші-қонды заңсыз ұйымдастырудың екі фактісін анықтаған (ҚК 394-бабы, 1-бөлігі). Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 309-бабы, 2-бөлігі бойынша (Жезөкшелік пен жеңгетайлыққа арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау) үш қылмыстық іс қозғалған. Бас бостандығынан заңсыз айыру (ҚК 126-бабы, 3-бөлігі) бойынша бір адам жауапқа тартылған. Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 449-бабы бойынша (Қоғамдық орындарда тиісу) 25 факті анықталған. Одан бөлек, Қазақстанда жеке басын растайтын тіркеусіз немесе құжатсыз тұру бойынша (ӘҚБК 492-бабы) 10 дерек белгілі болған. Сонымен бірге, жезөкшелікпен немесе жеңгетайлықпен айналысу үшін ғимарат берген үш адам ұсталған (ӘҚБК 450-бабы). Полицейлер 48 жеңіл жүрісті қызды анықтап, есепке қойған.