
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовке Ақтаудан 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
Облыс әкімдігінде чемпионды қабылдаған өңір басшысы ел үмітін ақтаған Бекзатқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын жеткізіп, пәтер кілтін табыстады. «Әрі қарай шыңдала бер. Жеңісті сәттер көп болсын! Сондықтан Ақтаудың төрінен пәтер сыйлаймыз. Осындай жетістікке жеткізген бапкерлерінің еңбегі зор», — деді Серікбай Трұмов. Бапкерлерін ерекше атаған аймақ басшысы оларға да қаржылай марапат сыйлады. Бекзаттың жас кезіндегі бапкері Батырбек Жайлыбаевқа 3 млн теңге, Марат Жәкиевке 5 млн теңге берілді. Еске сала кетсек, Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатында 81 келі салмақта Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионы атанды. Қазақстандық финалда өзбекстандық боксшы Дилшодбек Рузметовпен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен 5:0 есебін жеңіске жетті.
Дереккөзі: ҚазАқпарат