Үкімет басшысы Асқар Мамин Asyq жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күнгі шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырды.
«Жалпы эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Ауру деңгейі төмендей бастады. Өткен аптада вирустың репродуктивтілік индексі 1-ден төмен түсіп, қазір 0,93 деңгейіне жетті. Ауруханалардағы орындар 49 пайызға, ал жансақтау бөлімдері 46 пайызға толған», — деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Сонымен қатар Премьер-министр жауапты органдарға вакциналау науқанын күшейтуді міндеттеді.
«Вакцинаның бірінші компонентін алғандардың саны 6,5 миллион адамға жуық, ал екінші компонентін 5 миллионнна астам адам салдырды. Вакцина салдыру науқанын одан әрі күшейту қажет. Ведомствоаралық комиссияға эпидемиологиялық жағдай тұрақталып жатқан өңірлердегі Asyq жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күнгі шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырамын», — деді Үкімет басшысы.
Ол бұл жұмысты жалпы бақылауда ұстауды орынбасары Ералы Тоғжановқа тапсырды.