
«Мамандығым мақтанышым» атты педагогикалық тәжірибе
Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған
Рухани жаңғыру және Ұлы даланың жеті қыры бағдарламалары
аясында өткен конференция
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттері қысқы демалыстан оралып, студенттері көктемгі семестрінің алғашқы күнін қызу жұмыспен бастады.
Жыл сайын университетімізден бір-бір маман иесі атанып, қара шаңырақтан үлкен өмір жолына бет алып жататын жастарымыздың соңғы шешуші рөл атқаратын және үлкен жауапкершілікті талап ететін педагогикалық тәжірибелерінің алғашқы күні студенттердің есінде қалары сөзсіз.
Университетіміздің филология және әлем тілдері факультетінің «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының 4 курс (қазақ, орыс топтарының) студенттері үшін де бүгін ерекше.
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі, профессор МӘДИЕВА Гүлмира Баянжанқызы М. Әуезов атындағы дәрісханада өткен конференцияда студенттерге педагогикалық практиканың мақсаты мен міндеті, қазіргі заманауи білім жүйесі жайында баяндама жасады.
Ерекше атап өту керек, баяндама барысында Гүлмира Баянжанқызы бүгінгі таңда Елбасымыз Н. Әбішұлы Назарбаевтың халқымыздың келешегі үшін ұсынған бағдарламалары мен Мемлекетіміздің дамуы жолында ұстанып отырған саясаттың келешек жастарға, яғни мектеп оқушылары мен студенттер, жалпы кез келген осы елдің азаматына қажеттілігін атап өтті.
Сонымен қатар, педагогикалық тәжірибе жетекшілері мен атқарылатын жұмыстардың жоспарымен таныстыра отырып, студенттерге пайдалы кеңестер айтылып, олардың сұрақтары мен ұсыныстары да ескерілді.

Педагогикалық тәжірибе барысында міндетті кәсіптік бағдар беру шарасын ұйымдастыруда Рухани жаңғыру және Ұлы даланың жеті қыры бағдарламаларының назарда болуына көптеген септігін тигізетін дәлелдер келтіріле де айтылды.
4 жыл бойы алған білімдері мен жинақтаған тәжірибелерін дәлелдейтін сәтте студенттер университетіміздің айнасы екенін естен шығармау, мектеп қабырғасында өтетін 6 апта ішінде міндеттелген жұмыстар мен қарым-қатынас орнатудың негізгі принциптер жайында кафедра оқытушылары, тәжірибе жетекшілері П.Т. Медетбекова мен Б.Т. Утепова айтып өтті.
Жыл сайынғы студенттерге өтілетін аталмыш конференцияның тағы бір ерекшелігін де атап өткен жөн. Кафедра ұжымы биылғы 70-ке жуық түлектердің келешек мақтан тұтар ағылшын тілінің белді мамандары болатынына кәміл сенім артуда. Кафедра меңгерушісі мен оқытушылардың мейлінше заманауи білім беру жүйесін қолға алған мектептермен келісе отырып, ағылшын тілін тереңдете оқытатын мектептерге жіберуге тырысты.
Биылғы жылы жоғарыда аталған студенттер физика-математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, О. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математикалық орта мектеп, №146 мектеп-лицей, М. Базарбаев атындағы гуманитарлық гимназияларда өтеді.
Еліміздің қара шаңырағы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері қашанда университет абыройын асқақтатып келеді. Биылғы түлектерімізге де мол сенім артамыз. Ал студенттерімізге алдағы тәжірибелеріңіз сіздерге нағыз маман болып қалыптасуға тигізер септігі мол болсын, ал сіздерге білім берген ұстаздарыңыздың абыройы артып, мерейлері үстем болсын!
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ,
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының оқытушылары:
Мадиева Г.Б., Медетбекова П.Т., Утепова Б.Т.