Мақұлықтың мәртебесі адамнан артық па?

17 маусым 2022, 11:45

Елімізде иесіз ит-мысықты атуға, аулауға заңмен тыйым салынған. Көшеде қаңғып жүрген бұралқыларды бұрынғыдай құрық салып ұстауға немесе ұйықтататын дәрімен есінен тандыруға болмайды. Себебі Еуропаға еліктеп, мақұлықтарға мәртебе берілді. Кесірін енді көріп жатырмыз.

Ақтөбеде 12 жастағы баланы ит талап өлтірді. Киім-кешегі жыртылып, әбден жұлмаланған оқушының өлі денесін құрылыс алаңынан күзетші тауып алған. Қайғыдан қан жұтқан отбасы Мадиярдың кешкі салқынмен аулаға ойнауға шыққанын айтады. Араға екі сағат салып қаралы хабар жеткен. Оқушыны қаңғыбас иттер талап тастапты. Ел аман, жұрт тынышта немересінің бұралқыларға жем болғанын естіген әжесі ит-мысықты атуға тыйым салатын заң қабылдаған жауаптыларды қарғап-сілеп отыр.

Рахима Уәлиева, баланың әжесі:

– Алланың ісіне әр пенде көнеді. Бірақ менің немеремнің сондай зәбірмен қиналып, ешқандай көмек жоқ, екі көзі жәудіреп қиындықпен өмірден озғанына ішім қан жылап тұр. Адам баласының жаны қадірсіз болып кетті. Иттің жаны қымбат болып тұр. Итті атуға рұқсат жоқ дегендерге лағнет айтқым келеді.

Мадияр оқыған мектепке оның суретін іліп қойған. Білім ошағының басшылығы осыған дейін бірнеше баланы ит талап жан таптырмаған соң «адамның досын» атуға жан-жақтан көмек сұраған. Бірақ ұстаздардың жанайқайына ешкім құлақ аспапты.

№60 мектеп директорының орынбасары Мейрамгүл Тұрғанбаева: «Біздің мектебімізде бұл екінші жағдай. Ит көп. Өткенде дабыл соқтық. Оған дейін де қысты күні 1-2 ит жүргенде әкімдікке де, бәріне хабарладық. Неге осындай болғанына таң қаламыз», – дейді.

Осы оқиғадан кейін Ақтөбеде ата-аналар жануарларды қорғау туралы заңның күшін жоюды талап етті. «Шала әзірленген құқықтық құжаттың кесірінен балаларымыз бұралқы иттерге таланып жатыр. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заң қоғамдық талқылауға түспей, тек еріктілердің сөзінен кейін қабылданып кетті», – дейді.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Индира Асылбекқызы: «Зооқорғаушыларға айтарым: ит – жеті қазынаның бірі. Бірақ қандай да бір мақұлық адам өміріне қауіп төндіретін болса, оны өлтіруге болады. Бәрінен сұрап барып, заңды шығару керек», – деген пікірде.

Белсенді ата-аналардың сұрауы бойынша Мадияр оқыған мектепте мұғалімдерге арналған оқу жылы соңындағы педагогикалық кеңестің жоспары өзгертілді. Бұл жолы жылдағыдай оқушылардың оқу үлгерімі емес, бұралқы иттердің жайы талқыланды. Жиынға осыдан үш апта бұрын қызын ит талаған Алтынгүл Жарылғапова да келді. Ол бұралқы иттер баласына шапқан күні киген киімі мен заттарын ала келген. Ит талаған Алтынгүлдің қызы ауруханадан шығыпты. Бірақ қатты шошынып қалған.

Иесіз иттердің қаптап кеткенін шенеуніктер жануарларды қорғау туралы жаңа заңнан көреді. «Соның кесірінен бұралқыларды аулай алмай келдік» деп ақталады. Бірақ адам өміріне қауіп төнгенде ит-мысықты өлтіруге рұқсат бары енді ғана естеріне түскен. Оқушының өлімінен соң ғана ветеринарлар иесіз иттерді аулауға кірісті. Қаңғыбастардың көзін жоюға облыс әкімі Оңдасын Оразалин тапсырма беріпті.
Оңдасын Оразалин,

Ақтөбе облысының әкімі:

– Үш аптаның ішінде қаңғып жүрген иттердің бәрін аулап, сол жеткізетін орынға жеткізсін деп тапсырма бергенмін. Бұған қаражат мәселесі кедергі келтірмейді. Оның бәрі бізде бюджетте қарастырылған. Тек заңның күшіне енгенін күту осындай жағдайға апарды.
Қаңғыбастардың қаптауы қоғамға қауіпті екенін депутаттар да енді түсінген сыңайлы. Мәжілісмендер бұралқы иттердің көшеде жайбарақат жүруін қадағаламаған шенеуніктерді жауапқа тартуды талап етті.

Сергей Симонов, Мәжіліс депутаты:

– «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енгеннен кейінгі соңғы үш жарым айда бірнеше бала өліп, ауыр жарақат алды. Депутаттардың өңірлерге сапары кезінде тұрғындардан және жергілікті атқарушы органдардан иттер мәселесіне, қабылданған заңды жүзеге асыру тетігінің жоқтығына қатысты шағымдар түсті. Біз Заң күшіне енбей тұрып дабыл қаға бастадық. Жүзеге асыру механизмдері мен тиісті қаржыландыру болмаған жағдайда проблемалардың туындайтыны бәріне белгілі.

Мәжіліс депутаты қаңғыбас иттер мәселесіне байланысты экология, ауыл шаруашылығы министрліктеріне сауал да жолдаған. Алайда мардымды жауап ала алмапты. Оның ұсынысы бойынша, жануарларға қатысты заңды жүзеге асыру үшін құқықтық актілерді тезірек қабылдап, ондағы талаптарды орындау бойынша шаралар әзірлеу керек. Сондай-ақ бұралқы иттерді аулауға қаражат бөлініп, ал оларға бас-көз болмаған шенеуніктер жауапқа тартылуы тиіс. Еске салайық, биыл наурыз айынан бастап Қазақстанда иесіз жүрген иттерді атуға, қинауға, аулауға тыйым салынған.

Диас Нұрақын

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды