Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаралдағы өзекті мәселелерді шешу жөнінде тапсырма беріп, халықпен тығыз байланыста қызмет атқарудың жолын айтты. Ernur.kz сайты хабарлағандай, биыл Түркістан облысында аудан, қала әкімдерінің есебі өзгеше форматта өтіп жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан басшыларын қабылдап, атқарған жұмыстарын саралауды қолға алды. Кемшіліктер айтылып, шешу жолдары ұсынылады. Анықталған мәселелер бойынша облыс әкімі аудан, қалаларға барып, елмен кездеседі.
Осы аптада Мақтарал ауданының даму қарқыны, өзекті мәселелері талқыланды. Аудан әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, 2021 жылы Мақтаралдағы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 65 млрд теңгеден асқан. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы өнімі – 50 млрд теңге, мал шаруашылығы – 14 млрд теңге. Сөйтіп нақты көлем индексі бойынша, бұл аудан облыс көлемінде 2 орынды иеленіпті. Аудан бойынша 93 мың тоннаға жуық мақта жиналған. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 10 мыңнан асады. Былтыр шағын және орта кәсіпкерлік саласында 41,3 млрд теңгенің өнімі шығарылса, өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 358 пайызға орындалды. Үш инвестициялық жоба іске қосылып, құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 10 млрд теңгеге жуықтаған. 65 мың шаршы метр тұрғын үй берілген. Сонымен қатар, облыс әкімінің «Қамқорлық» бағдарламасы аясында тұрмыс тауқыметіне тап болған 36 отбасының тізімі белгіленіп, 5,4 млн теңгенің көмегі көрсетілген. Жүйелі көмектің арқасында 15 отбасы кедейшілік шегінен шығып, жағдайы жақсарған.
Облыс басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіштері кеміген медициналық және әлеуметтік салалардағы қиындықтарды шешуге күш салу керектігін атап өтті. Су үнемдеу технологиясын пайдалану, жылыжайды көбейту, тұрақты жұмыс орындарын арттыру арқылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға болады. Осы орайда Өмірзақ Шөкеев ауданда кейбір индикаторларды орындау бойынша жұмысты күшейтуді міндеттеп, халықпен тығыз байланыста қызмет атқарудың жолын айтты. «Әр ауылдың әкімі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын білуі тиіс. Қанша жұмыссыз адам бар екенін анықтап, олармен сөйлесу керек. Бәлкім, істің орайын таппай жүрген шығар. Не керек екенін сұрап, ауыл шаруашылығы техникасын, құрылғысын тауып берген жөн. Ауыл шаруашылығы арқылы мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға болады», – деді облыс басшысы.
Айдос ҚҰСАЙЫНҰЛЫ