Мағауияның мың бояуы

01 наурыз 2019, 11:52

Уақыт өткен сайын жарқырай түсетін, сан ғасырлар өтсе де өзінің мәні мен мағынасын ешқашан жоғалтпайтын шынайы құндылықтардың бірі – сурет. Жүрек түкпіріндегі сырын сурет әлеміне сыйғызып, сол арқылы өз сезімін көпшілікке ұсына білген өнер иесі Мағауия Аманжолов еді.
Бүгінгі таңда Елбасы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында заманауи қазақ бейнелеу өнерін өркендету, әлемге таныту мақсатында Қазақстан суретшілер одағы тарапынан жыл сайын республикалық деңгейде өткізілетін атаулы көрмелер барлық өңірде ұйымдастырылуда. Сондай көрменің бірі Шығыс Қазақстан облыстық өнер музейінде де өтті. Салтанатты шараға Мағауия Аманжоловтың жары Күлбайраш Сүлейменқызы мен әке жолын қуған қызы Құралай қатысты. Жұртшылық ғажайып қылқалам шебері Мағауия Аманжоловтың аса бағалы туындылары – «Ауылда», «Сүлейменов портреті», «Қысқы таң» «Уақыт үстемдігі», «Таң», «Дипломдық жұмыс», «Ақтабан шұбырынды» топтамасынан «Қасірет» картинасын аса қызығушылықпен тамашалады.

Жиында Күлбайраш Сүлейменқызы «Мағауияның артында үш қызы қалды. Екеуі әке жолын жалғастырып жүр. Үшіншісі де өнерден алыс емес, сәулетші. Ол қандай картина салса да, ғалым сияқты ізденетін. «Кеңістікте де түстер бар, көкжиек деген болмайды» деп жиі айтатын. Өзі де кеңістікке сіңіп кетті. Бәлкім, қазір бір жерде бізді тыңдап отырған да болар…Ол адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынасты түсіне алмады. Өмірге періште болып келді, періште болып кетті, – деді.
Мағауия Аманжолов – тарихи суреттердің жүйрігі, қазақ сурет және кенеп бетіне түсірілген кескіндеме өнерінің барлық негізгі жанрларының хас шебері. Мағауияның басқа суретшілерден айырмашылығы, ол елін өзінше сүйді, өмірлік шабыттарын ауыл тіршілігінен тапты. Мысалы, «Ауылда» деген картинасында қарапайым механизаторлардың кесек те, абыройлы тұлғалары нақ сол тыныштықты, дәстүрлік ғұрыптарды сақтап тұрғандай, қарапайым тұрмыстың дәл сол белгілері, өзгешіліктері мен қарама-қайшылықтары да бірдей үйлесім тапқан. «Уақыт үстемдігі» композициясы эмоциялық сезімдерге толы. Суретші өзінің арман қиялымен қатар шынайы өмірдің өткінші сәтін қатар алып жүреді. Ал «Ақтабан шұбырынды» топтамасы халықтың жүрегіндегі мәңгі сақталған ащы зар мен ауыр мұңды тура жеткізе білді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. М.Аманжоловтың «Ақтабан шұбырынды» тарихи топтамасындағы «Қасірет» шығармасы ешкімді бей-жәй қалдырмайды. Бұл туынды XVIII ғасырдағы Қазақстан тарихындағы жоңғар-қалмақ шапқын- шылығы кезіндегі өз үйін, малын тастап Орта Азияға үдере көшкен қазақтардың ауыр жан айқайын бейнелейді.
Мағауияның картиналарына қарап отырып, өзіндік бір тылсым әлемге енгендей боласың. Мен оны қазақ поэзиясындағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен теңестірген болар едім. Ішкі жан тебіренісін Мұқағали тіл байлығын жырымен жеткізсе, Мағауия нәзік қылқаламы арқылы суреттеді. Суретшінің туындыларында көбінесе қоңыр түсті көп пайдаланғанына қарап, оның шыдамды, байсалды жан екенін аңғаруға болады. Бұл түс, оның мінезіндегі тұрақтылықтың, еркіндік пен сабырлықтың көрінісі іспеттес.

Мағауия Аманжоловтың туындылары тұнып тұрған философия. Оны біз қазір жоқ деп айта алмаймыз. Өйткені оның артында мәңгілік мұрасы қалды.

Бекайым ҰЯБАЕВА,
Шығыс Қазақстан облысытық
өнер музейінің директоры

Бүгін, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді