
Алаяқта жанашырлық болмайды. Оған үлкен де, бала да бәрібір! Алдап, арбаса болды. Атырау қаласында қалтасын қалыңдатқысы келгендер мүгедек балаларды пайдалануда. Науқас баланың суреті бар қорап көтеріп, «Емделуіне қаражат қажет» – деп халықтан ақша жинап жүр.
Екі бірдей науқастың анасы осыған орай ренішін білдірді. Бұл жайында «Мой Город» тілшісі хабарлайды. «Дина» орталық базарында бейтаныс келіншек сал ауруына ұшыраған Елнардың суретін алып, қаржы жинайды. Қораптағы таныс бейнені тұрғындардың бірі көріп қалды. Ол дереу Елнардың анасына хабарласқан. Бұл жағдай бірінші рет емес екен. Тағы бір тұрғын өз баласының суреті бар қорапты біреуден көріп, соңынан қуып жете алмапты. Елнардың анасы көптеген жеңіл жолмен ақша табатындарды жауапқа тарту қажет дейді. Ол «Адамдар неге сонша қатыгез болып барады. Солардың кесірінен кінәсі жоқ балаларымыз зардап шегуде. Біз өзіміз үшін емес, шын мәнінде көмекке мұқтаж балаларымыз үшін сіздерден қолғабыс етулеріңізді сұраймыз. Мұндай алаяқтарды құзырлы орындар қашан құрықтар екен» – дейді ашынған ана.