
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Еңбекші ауданындағы Қоғамдық бақылау кеңесінің мүшелерімен және аудан тұрғындарымен кездесуінде 48 мәселені өзекті деп танып, хаттамалық тапсырмалар берген болатын.
Тапсырманың орындалу барысын М.Әйтенов бүгін аудан тұрғындарымен өткен кездесуде жеке-жеке талқылап, пысықтады. Аталған 48 тапсырманың 15-і орындалып, 10-ы тұрақты бақылауға алынған. Бұл жұмыстар 2023 жылға өтпелі. Ал 23 мәселе бойынша берілген тапсырмалар жыл соңына дейін толығымен орындалады.
Шешімін тапқан мәселелердің бірқатарына тоқталсақ: Базарқақпа тұрғын алабында 2 шақырымдық жол орташа жөнделді.
–«Қаратөбе» аумағының 12 мың тұрғыны Шаңырақ шағынауданында жаңадан бой көтерген «Дария Медикус» емханасына тіркелді.
–Базарқақпа, Абдуллабад және Тұрдыабад елді мекендердегі 3000 үйге 16 млн м3 лимит бекітіліп, осы лимит шегінде ағын сумен қамту жұмысы ұйымдастырылды.
–«Сүзік ата» мазаратына баратын жолға тас төселді.
Тоғыста 2 трансформатор қоршалып, 7 электр бағанасы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан ауыстырылды.

–Маятас тұрғын алабының Мұнайбарлаушылар көшесіндегі ойын алаңшасына 6 электр бағанасы орнатылды.
–Маятас, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас тұрғын алаптарына жалпы 20 жол белгісі мен аялдама павильондары орнатылды.
–Елтай мен Тоғыс елді мекеніне 4G технологиясымен базалық станция орнатылды.
–«Қазығұрт» аумағындағы Елтай, Айнатас, Тоғыс, Жыланбұзған, Маятас тұрғын алабына аумақтың төлқұжаты көрсетілген стендтер ілінді.
Сонымен қатар, тұрғындардан «Базарқақпа» және «Абдулабад» алаптарының орталық «КХ-82» көше бойында жауын-шашын кезінде ағын сулар жиналуына байланысты, жолдың шетінде аяқ жолға дейін (обочина) асфальт салу ұсынысы түскен болатын. Қазіргі сәтте қала әкімінің тапсырмасы негізінде Абдулабад т/а Абдулабад көшесінен бастап Базарқақпа т/а Сареми көшесіне дейінгі аралықтағы Түркістан облысына қарасты облыстық маңызы бар КХ-82 автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылдың соңына дейін жүргізілу жоспарлануда. Автожол бойынша басқарма тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жолдың екі жақ шетіндегі аяқжолдарда қалыпқа келтіру, тротуарға дейінгі жолға асфальт төсеу, жарық шамдарды іске қосу, аялдамалар пандусын қалпына келтіру қажеттіліктері анықталды. Қазіргі таңда жарықтандыру бағаналарын қосу бойынша ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде және бағдаршам орнатылды.
Жиын барысында Мұрат Дүйсенбекұлы Еңбекші ауданының белсенді тұрғындарымен кездесуінде қала аумағына енген елді мекендердің инфрақұрылымдық жағдайын жақсартудың күн тәртібінен түспейтінін, яғни, алдағы уақытта да кезектегі 23 мәселенің орындалуын тұрақты бақылап, нәтиже беруін қадағалайтын болады.
Тоқтар Жақаш