
Биыл ҚР Полициясына — 30 жыл. Атаулы мерекеде қала әкімі М.Әйтенов шымкенттік полицейлерді құттықтап, Мемлекет басшысының алғыс хаттарын табыстады. Салтанатты шараға қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, жергілікті атқарушы мекеме басшылары, ішкі істер органының ардагерлері де қатысты.
Жиылғандар алдымен қызмет бабында ерлікпен қаза болған полицейлерді еске алып, гүл шоқтарын қойды. Жиында сөз алған қала әкімі Қазақстан полициясы отыз жыл ішінде құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен еліміздің тыныштығын қамтамасыз ететін маңызды құрылым ретінде қалыптасып, дамып келе жатқанын айтты.
–Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз Қазақстан Полициясына – 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Тәуелсіздікті нығайта түсу, әділетті қоғам құру, экономиканы дамыту және құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер енгізу бойынша көптеген істер атқарылуда. Қазақстан полициясы отыз жылдың ішінде– қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен еліміздің тыныштығын қамтамасыз ететін маңызды құрылым ретінде қалыптасып, жүйелі түрде дамып келеді.
Сіздердің антқа адал болуларыңыздың арқасында қаламызда тұрақтылық пен тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — елдің өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында жергілікті мемлекеттік басқару органдарына «полицияның сервистік моделін» кең ауқымды ету міндетін қойғаны белгілі. Осыған орай, соңғы жылдары елімізде полиция қызметі сервистік модельге көшірілді. Бұл ішкі істер органдарының халықпен байланысын күшейтіп, азаматтардың полицияға деген сенімін арттырады.
Тұрғындармен серіктестік жағдайында әрекет ету арқылы қылмыстың алдын алу жұмысы нәтижелі бола бастады. Сондай-ақ, ауыр және аса ауыр қылмыстар ізі суымай ашылуда. Бұл – Сіздердің кәсіби деңгейлеріңіз жоғары екенін дәлелдейді. Еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!- деп тілек білдірді.
Бүгінде мемлекет полицейлердің жалақысын көбейту және баспанамен қамтуға баса назар аударып отыр. Ал, әкімдік тарапынан полицияның материалдық-техникалық базасын нығайту қолға алынды. Соңғы 3 жылда полицияға 109 автокөлік қалалық бюджет қаражатына сатып алынды. Өткен жылы 3 868 дана бейнебақылау камералары іске қосылды.
Соынмен қатар, биылғы жылы 1 000 дана бейнебақылау камераларын орнатуға 1 миллиард 438 миллион теңге және полиция қызметкерлерінің арнайы киім-кешектері үшін 255 миллион теңге жергілікті бюджет есебінен қарастырылды.

Шымкентте «Аманат» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында былтырғы жылы 7 модульдік полиция бекеті салынды. Осының барлығы полиция қызметінің тиімділігін арттыруға және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң ықпал етуде.
Салтанатты кеште 50-ге тарта полиция ардагерлері мен тәртіп сақшыларына Президент алғыс хаты мен қала әкімінің алғыс хат, естелік сыйлықтары табысталды.
Тоқтар Жақаш