
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов №65 мектеп-гимназиясы, №72 мектеп және Сайрам шағынауданындағы қосымша ғимарат құрылысымен танысты. Сайрам шағынауданында №7,10 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру жұмысын бақылады.
Қаладағы №65 білім ұйымына оқушы санының артуына байланысты ғимарат қажеттілігі туындаған. 2021-2022 оқу жылында №65 мектепте 3 268 оқушы білім алды. Сыйымдылығы 1251 оқушыға арналған ғимаратта 3 ауысымда сабақ жүргізілген. Жаңа ғимарат бой көтерсе, екі ауысымда мыңнан аса оқушы білімін жалғастыра алады.
Жобада 25 оқушыға лайықталған 24 сынып бөлмесі, ашық спорт алаңы, онда футбол мен жүгіруга арналған арнайы жол және есік алдына субұрқақ, қоқыс контейнерлеріне арналған орын қаралып отыр. Қосымша ғимарат қажеттілігі жөнінде 2021 жылы сынама өткізіліп, оң қорытындысы шыққан. Қазір құрылысқа бөлінген жер көлемінің аумағы 0,92 га, құрылыс ауданы 1995,85 шаршы метрді құрайды. Осы жылдың наурыз ауында басталған жұмыстар 2023 жылдың тамызында пайдалануға берілмек.
Ал, С.Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта білім беретін мектептің сыйымдылығы 1200 оқушыға арналған. Білім мекемесінде 3 556 оқу жылын аяқтады. Оқушы саны шамадан тыс көп болғандықтан қосымша ғимарат қажеттігі туындаған. Қала әкімі білім нысандарын аралау барысында №72 мектептің қосымша ғимарат құрылысын да көрді.
Жаңадан салынып жатқан оқу корпусының сыйымдылығы 375 орын. Екі ауысымда 700 жүзден аса оқушы білім алуға болады. Қолданысқа берілген нысанда балалардың білім алуымен бірге 27 жаңа жұмыс орны ашылады. Үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 1350,74 шаршы метр. Құрылыс жұмысы осы жылдың наурыз ауында басталған. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылдың тамызына жоспарланып отыр.
Мұнан кейін шаһар басшысы Сайрам шағынауданында болды. Тұрғындар «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады.
Қазіргі сәтте шағынаудандағы №7,10 көпқабатты үйлердің ауласындағы ойын алаңшасы балалардың игіліген берілген болса, №6,9 үйлердің ауласында жұмыстар жалғасуда. Өндірістік кестеге сәйкес өзге үй аулаларында да жұмыстар басталғалы тұр.
Сайрам шағынауданында көпқабатты 29 үй орналасқан. 2013 жылы шағынаудандағы барлық үй аулаларына абаттандыру жұмысы жүргізілген. Уақыт өте келе балалар ойын алаңшаларының бірқатары көнеріп, қайта құруды қажет еткен. Өткен жылы ықшам ауданда 2 ашық спорт алаңшасы орнатылды.
Тоқтар Жақаш