jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ұлтарақтай жер болса, үй салатын…

16 маусым 2016, 17:49
635

20160501112709

Он сотық жер сұраған халық мамыр айының соңын ала жергілікті әкімдіктердің маңын тағы торуылдады. Соңғы он жылға көз жүгіртсек, жер сұраған көпшілік құзырлы мекемеге әр екі-үш жыл сайын жөңкілген екен. Бірақ кезектің жылжыуы баяу, Астана қаласында халыққа үлестіретін жер мүлде жоқ.
Алдымен иек астындағы ғасырға көз салсақ, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін беру және белгілеу нормасы кеңес дәуірінде де болған. Бәлкім, соның негізінде болар, 1995 жылы ПрезидентЖарлығымен республика азаматтарынажеке тұрғын үй салу үшін 0,10 гектар көлемінде жер телімін жекеменшікке тегін алу құқығы бекітілді. 2003 жылғы Жер кодексінде де осы норма сақталып, тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін берудің жалпы тәртібі жасалды. Ал 2006 жылғы 1 тамызда қабылданған Үкіметтің №726 қаулысында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін берудің тәртібі нақтыланды. Осы құжаттан кейін ғой, тегін жер сұраған халықтың бір дүрліккені. Барлық ірі қалалар мен облыс орталықтарында жер учаскесіне үміткерлердің саны күрт өсіп кеткен. Мәселен, Астана қаласы бойынша түскен өтініштер бір айда 45 мыңнан асып жығылыпты сол тұста.
Енді қазіргі ахуалды сараласақ, Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті өкілдерінің мәліметінше, жеке тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер инфрақұрылым жүргізілгенде ғана беріледі.Яғни, су және электр жүйелері тартылғанда ғана азаматтардың өтініштері қанағаттандырыла бастайды. Елімізде 2006 жылдан бері жеке тұрғын үй құрылысы жерлерін алуға 1 547 141 өтініш түскен. Бүгінде тегін жер алу кезегінде 1 миллион 129 мыңның шамасында қазақстандық тұр.
Ұлттық экономика министрлігі мамыр айының ортасында бекіткен ережеге сай, республика бойынша жеті өңірдің халқына 10 жүздік тегін жер берілмек. Тізімде Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары бар. Астана жоқ. Десе де, осы ақпардың «дүбірі» болса керек, өткен айдың ортасынан бері елордалық құзырлы мекеменің табалдырығын аттаушылардың қатары жиілеп кеткен. Астана қаласы Жер қатынастары, жердің пайдалану мен қорғауды бақылау басқармасының инспекторы Айдана Жақыпбекованың айтуынша, мамыр айының соңына дейін жер кезегіне өтініш білдірушілер күніне мыңға жетіп жығылған. «Дәл қазіргі сәтте Астана бойынша жер телімін алғысы келетіндердің саны 109 мыңға жетті. Бірақ екі апта бұрынғы дүрбелең басылған, күніне 80-100 шақты адам ғана келеді кезекке тұруға» дейді басқарма өкілі.Алайда, оларға тегін жердің нақты қашан берілетіні белгісіз. Мамандардың сөзіне қарағанда, жолы салынып, суы, жарығы тартылған дайын жер телімі де жоқ. Бірақ, құзырлы мекеме биыл да ұзын-сонар кезекке тұрғандардың арызын қабылдауға мәжбүр болған. Өйткені, олар тиісті заңғасәйкес, ел азаматтарының кез келгенінен 10 сотық тегін жер телімін алу үшін өтініштерін қабылдауға міндетті.
«Астананың бас жоспары бойынша, 45 мың жер үй салу көзделген. Қазір оның 30 мыңы тұрғызылды. Негізі 2030 жылға дейін 15 мың жер учаскесін беруіміз керек. Жер телімін бөлмес бұрын, инфраструктурасын реттеуіміз қажет. Бүгінгі таңда елордада жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне сұраныс қаланы дамытудың бас жоспарының жобалық қуатынан 7 есеге артып отыр» деген Астана қаласы Жер қатынастары, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау басқармасының басшысы Телғозы Нұркенов. Тағы айта кетерлігі, елордадан жер алуға өтініш білдіргендердің 80 пайызы астаналық емес. «Ата Заңымызда жазылғандай, Қазақстанның кез келген азаматы өзі қалаған өңірден 10 сотық жер алуға құқылы дегенімізбен, Астана аумағынан жер алуға өтініш бергендердің 80 пайызы республиканың өзге аймақтарында тұратын азаматтар» дейді әкімдік өкілдері.
Жер кезегінің жылжуы баяу дедік сөз басында. Шенеуніктер мұның себебін, жоғарыда айтқанымыздай, инфрақұрылымы тартылмай, жер игілікке берілмейтіндігімен түсіндіреді. Ал бас шаһар аумағынан баспана салуға арналған жерлерге коммуникация тарту қыруар қаражатты талап етеді екен. Мысалы, 1000 учаскеге 6,6 миллиард теңге қажет. Қала әкімдігінің мәліметінше, елордада жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін беру жұмысы дайын алаңдар болмағандықтан, 2007 жылдан бері жүргізілмеген.Жер учаскелерін таяу уақытта беру жоспарда да жоқ көрінеді. Ал Астанада соңғы он жылдың шамасында заңға сәйкес жер телімін алғандардың көбісі Ұлы Отансоғысының ардагерлері, мүгедектері және олардың жесірлері.
Астанадағы жер кезегіне қатысты жағдай осындай. Өтініш берушілер жеке тұрғын үй үшін тегін жер телімін әйтеуір бір алатындарына үмітті. Алайда, мамандар сөзінің аужайына қарағанда, бас қаладан баспана тұрғызар жердің бұйырар күні алыстау сияқты…

 Асхат РАЙҚҰЛ

30 қыркүйек, 10:06
Дәрігер жазасын жеңілдету дұрыс па?
23 қыркүйек, 11:38
Әпкем, жездем және мен
23 қыркүйек, 11:29
Бәріне «мәһір» кінәлі ме?
23 қыркүйек, 11:27
Бағы ашылмаған әйел
23 қыркүйек, 11:23
Ораға, Жұмаға, Нұраға немесе сексеннің сеңгіріндегі баспасөз серкелері туралы мөлтек сыр
23 қыркүйек, 11:13
Жаһандық қауіпсіздік парадигмасы
23 қыркүйек, 11:09
«Май шелпек» кімнің есебінен?
23 қыркүйек, 11:07
Бізді үй кезегіне қоймады!