
Біздің елімізде логистика саласы екі мыңыншы жылдардың басынан бері қарқынды дамып, бүгінде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 7-8 пайызын құрайтын дәрежеге жетті. Айталық, 2021 жылы ЖІӨ-дегі көлік саласының үлесі 6,5 пайыз (5,26 трлн теңге) болды. Ал пандемияға дейін, яғни 2019 жылы көлік логистикасында 5,59 трлн теңгеге қызмет көрсетіліп, ЖІӨ-нің 8 пайызын құраған болатын. Салыстыру үшін айтсақ, дамыған елдерде көлік тасымалының ЖІӨ-гі үлесі 13-14 пайыз шамасында. Ал бүкіл дүние жүзі бойынша логистика нарығының үлесі әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызын (2,7 трлн теңге) құрайды.
Қазақстанда жүк-көлік тасымалы мен логистика нарығының болашағы зор. Ал логистиканың дамуы кәсіби мамандарды даярлауды қажет ететіні түсінікті.
Отандық нарықта «логист» мамандығы пайда болғалы көп уақыт өткен жоқ. Осы мамандыққа сұраныс көбейгенде еліміздегі жоғары оқу орындары кәсіби логистерді дайындауға кірісті. Жыл өткен сайын бұл мамандыққа сұраныс артып жатқанын ескерсек, таяу жылдары тіпті «ғасыр мамандығы» мәртебесін иеленуі де ғажап емес. Себебі жұмыс берушілерге, кәсіпкерлерге арнайы жоғары оқу орнын бітірген білікті мамандар қажет.
Сонымен «логист» қандай мамандық?
Түсінікті тілмен айтсақ, логистика саласының маманы материалдық және ақпараттық ағым қозғалысын реттейді. Логистика тізбегіндегі барлық бөлімшелердің жұмысын үйлестіріп, әрқайсысының мүддесін ескереді. Логист барлық процесті қадағалауы тиіс. Тауарды сатып алу және оны тасымалдау, кеден және мемлекеттік органдармен байланыста болу, тауарды орау және сату сияқты жұмыстың бәріне жауап береді. Білікті маман тасымалдау схемасын дәл есептеп, барынша үнемдеуге тырысады. Қажетті өнім сапасы мен көлемі жағынан сәйкес келіп, тұтынушыға белгіленген уақытында жеткізілсе, логист өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарған болып саналады. Қысқасы, кәсіби бизнесті тиімді жүргізу үшін экономикалық және техникалық білім керек.
Жалпы қазіргі таңда ел экономикасында көлік жүйесінің атқаратын рөлі өте зор. Әсіресе, бүгінгі күні Қазақстанның әлемдік экономикаға кірігуі неғұрлым белсенді болған кезде, біздің алдымызда жаһандық экономиканың сын-қатерлеріне жауап бере алатын, сондай-ақ еліміздің көлік-логистикалық саласының прогресі мен өркендеуіне жәрдемдесуге қабілетті жоғары деңгейдегі кәсіби мамандарды, көшбасшыларды даярлаудың амбициялық міндеті тұр. Осы орайда Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Экономика және бизнес жоғары мектебі» факультеті мектеп түлектері мен және екінші жоғары білім алғысы келетіндер үшін логистика, тасымалдауды ұйымдастыру, экономика, қаржы және есеп және аудит бойынша бакалавриатта, сондай-ақ магистратурада күндізгі оқытуды ұсынады.
Табысты мансап жасау үшін болашақ логист талдау жасап, жүйелі ойлауды, қиын жағдайлардан тез жол тауып, адамдармен араласа білу дағдыларын меңгеруі қажет. Тәжірибесі аз, сондай-ақ математиканы, техниканы, қолданыстағы заңнаманы және бизнес жағдайын терең білмейінше, оның қызметі табысты бола алмайды. Бейнелеп айтсақ, тауар мен жүктерді шахмат тақтасындағы фигуралар тәрізді қозғай алатын дарынды маманнан ғана жақсы логист шығады. Шынында да, логистика — болашақтың мамандығы. Қазіргі таңда ол біздің елімізде зор сұранысқа не мамандықтардың бірі болып отыр.
Әділбек Қыдырәлі,
Батырбек Мұхтар,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Экономика және бизнес жоғары мектебі» факультеті логистика мамандығының 4-ші курс студенттері