Күрсінбейтін, күлімсірейтін кісі еді

29 қыркүйек 2023, 16:02

«Мамандыққа кіріспе». Сол бір ғазез жанды ұмыту мүмкін емес еді. Себебі… Бір суретшілердің жазған портреті мен автопортреті кейде керемет орындалғаны соншалық, тіпті қарағайдың өзіне сыймай шығып кете жаздап тұрады ғой. Тауман ағаның өмірдегі бейнесі сурет күйінде қалғалы бері ол кісінің келісті келбетіне көз түскен сайын осындай бір тосын сезімді бастан кешемін. Оның портретін салған суретшінің осы әсерді орындап шығатынына сенесің. Өйткені ол тәңірдің бере салған сонша жомарт сыйына, ғажайып нұсқасына кір шалдырмай өтті. Өзі қандай көркем болса, ісі де сондай көркем еді.

Университеттің ұзына бойы дәлізімен маң-маң басып, маңғаз кейіпте кетіп бара жатыр еді. Студенттер, мұғалімдер оған жапырлай амандасады, бұл күлімсіреген қалпы аудиторияға келіп кіреді. Ол көп күрсінбейтін, көп күлімсірейтін. «Еңселеріңді тік ұстап, тік жүріңдер. Жас адамға күлімсіреп, қуанып жүрген жарасады» дер еді аса мағыналы дәрісінің бір тұсында күлімсіреп тұрып. От шайнап, от басып жүрген ессіздеу кезімізде есте тұтқанымызбен, мағынасына терең бойламаған осы сөзді қазір айтқан адамды аялап өтердейсің. Сұлу өмір. Әдетте табиғаттың берген жомарт сыйы сұлулығына сай сұлу өмір сүрмейтіндерді көргенде сол бір көркем көкеміз еске түсіп елжіретер еді. Біз қазір сондай ұстаздарды сағынады екенбіз. Неге? 1976 жылы журфактың табалдырығын жүрегіміз тарсылдап аттаған қоңыр күзде профессор Тауман Салықбайұлы Амандосов «Мамандыққа кіріспе» атты пәннен дәріс оқып еді.

Сол алғашқы лекция біздің болашақ тағдырымызға есік ашқан екен. Лекциясына міндетті түрде елімізге танымал бір журналисті шақыратын көрінеді. Жыл сайын қайталанатын осы бір сәт журналистиканың әліппесін енді ашқан сары ауыздың есінде өмір бойына қалып қояры сөзсіз. Алғаш «тірі журналист» Әзілхан Нұршайықовпен кездескеніміз, оның санына жете алмайтын қойын дәптерлері және журналистика дегеннің не екенін тұңғыш рет тәптіштеп түсіндірген Тауман ағаның ұмытылмайтын бір себебі осы. Оның жүзіндегі соншалықты бір жылы мейірім, әлгі бір күлімсіреу біздің мамандық таңдаудағы келешек тағдырымызды шешкенін жылдар жөңкілген сайын терең сезінгендей екенбіз. Әлі күнге «Мамандыққа кіріспеден» артық пән жоқтай көрінеді де тұрады. Журналистиканың іргетасы секілді сол бір лекция біз үшін алдағы талпыныстарымыздың алтын бастауындай еді, солай болды да. Уызында жарымағанның жарты жолда қалып қоятынын өмірдің өзі көрсетеді ғой. Өзімізді мақтасақ, ұстазбен мақтанғанымыз болар. Біз уызға тойған екенбіз, оның аты Тауман ағаның «Мамандыққа кіріспе» атты қоңыр пәні, лекциясы. Мұндай адамды қайтіп ұмытарсың!? «ҚазаҚ совет баспасөзінің жанрлары» Тауман Амандосов – журналистиканы қазақ топырағында ғылым деңгейіне көтерген ғалым. Журналистиканың жанрларын жіліктеп, әрқайсысына өзінің ғылыми негізделген анықтамасын дәлме-дәл берген бірегей тұлға. Біз ол кітапты жастанып оқыдық. Бұл жанрдың өзін өмірден алып түсіндірген тәлімді кітап еді.

Журналистикада өз жанрыңды табу жақсы жар табумен бірдей екенін қазір сезінгендей халдеміз ғой. Ол очерк туралы айтқанда очерк жазғың келіп кететін. Қысқасы, бүгінде аға, орта буын жасына жеткен журналистерді теориялық тұрғыдан шыңдаған кітаптың бірегейі осы еді. Ең бастысы, оның өмірдің өзінен алып айтатын әңгімесі өрісімізді кеңейтті. «Правданы» үзбей оқып, «Времяны» қалт жібермей көрген адам журналист болып шығады. Алам оқып қана журналист болмайды, журналистің ең басты оқулығы – өмір» дейтін. Сол кездің шындығын бүгінгі күннің өңі, тәсілі өзгерген шындығымен салыстырғанда, ұстаз сөзінің қай кезде де құнын түсірмей келе жатқанын үнсіз мойындайсың. Ол тағы бірде шынайы дерек, дәйегін қосып журналистиканың жасыл жайлау емес екендігін де айтып, алдымен үрейлендіріп алып, сосын үміттендіріп сөйлейтін. Мамандықтың қасиетін. қадірін білсін дегені ғой. Осының бәрін жай айтып қоймайтын, журналистика жайында жыр оқып отырғандай көрінетін. Тауман көкеміз соншалықты сырбаз бола тұра, соншалықты қарапайым, студенттермен тең құрбысындай сөйлесіп кететін, кей жағдайда сырласатын. Орайын тауып айтылған қалжың жақындастырып жіберетін. Кейде қалжыңның соңы қарыз сұрауға айналып кететін. Ондайда ол көз тартатын әдемі әмиянын күлімсіреп қолына алып отырып, Атымтай жомарттығы ұстап, қанша деместен қолына түскенін бере салатын. Бір ерекшелігі, ақшаны әмиянға тік салатын және бүктелген ақшаны алмайтын. Сол үшін банкіге барып, ақшаны жаңалап қайтаратынбыз.

Амандосовты ешкімге ұқсата алмас едің. Ғылым жолы қанша бұралаңы көп болғанымен, ол қоңыр өмір сүріп, қоңыр күйінде кетті. Әдемі өмір сүрді, әлдекімдердей әулекіленіп, қартайғанда тышқаншылап кеткен жоқ, жақсы қартайды. Дұрысы, ол қартайған жоқ, қартаюға уақыты да болған жоқ, қалай қартаю керектігін қайта бізге ұғындырып кетті. «Тұңғыш» сөзі Амандосов есімімен тығыз байланысты. Ол 1966 жылы өзінің ұйтқы болуымен құрылған журналистика факультетінің тұңғыш деканы болды. 1982 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын сәтті қорғап, Қазақстанда журналистика теориясы бойынша тұңғыш доктор, кейінірек тұңғыш профессор атанды. Мынау бардың бағасын, жоқтың қадірін білу бәсеңдеп тұрған заманда сағынып еске алатын осындай тұлғалардың болғаны да көңілге бір демеу.

Қали Сәрсенбай,
қаламгер

Бүгін, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді