
Алматының психологтары ақыл-естің дамуын тежейтін, балалардың сөйлеу және ойлау қабілетін шектейтін номофобия және гаджетоманияға шалдығу жиілегеніне алаңдайды. Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының балалар бөлімінің меңгерушісі Ольга Александрова ата-аналарға баланың бос уақытын бақылап, телефонға тәуелділік дертінің асқынуына жол бермеуге шақырады.
Цифрлық дәуірдің көзге көрінбейтін дерті номофобия сөзі ағылшын тілінен аударғанда «ұялы телефонсыз, ғаламторсыз немесе байланыссыз қалудан қорқу немесе үрей құшағында болу» деген мағынаны білдіреді. Бұл кеселдің ең көп тараған белгілерінің бірі жеткіншектер телефонына хабарлама келмесе де мазасы қашып, нәр татпайды, оқшауланып, ешкіммен сөйлеспейді, құрдастарымен бетпе-бет жүздесіп әңгімелеспейді. Олар әлеуметтік желілердің көмегімен хабарлама жазу арқылы әңгімелеседі.
Осыған орай мамандар балалардың ғаламторды тұтыну уақытын реттеу, яғни интернетті пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажет екенін ескертеді. Өйткені номофобияға шалдыққан жасөспірімдер әлеуметтік желілерде көбірек қаралым, лайк жинау үшін денесін жарақаттау, өз-өзіне қол салу оқиғалары кездеседі.
Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының балалар бөліміне осындай себеппен жүгінетіндер кездеседі.
14 жастағы Дамира (жасөспірімнің есімі өзгертілді) сұхбат беретін бөлмеге аяғын сүйретіп әрең келді. Шашы ұйпа-тұйпа, өңі аппақ қағаздай. Өмірден түңілген адам сияқты, ешнәрсеге зауқы жоқ екені аңғарылып тұр. Оны орталыққа жедел жәрдем көлігі жеткізіпті. Әкесі телефонын тартып алғаннан кейін қыз бала білек тамырын кескен.
«Телефонға күніне 13-14 сағат телмірдім. Бір апта бойы үйден шықпайтын кездерім көп. Тикток қараймын, достарыммен хабарлама жазысамын. Кейде интернеттен көрген бейнекөріністер есімде қалмайды. Телефоннан басқа ешнәрсе керек емес. Тамақ та ішпеймін. Содан әкем телефонымды тартып алды. Мен үшін тіршілік тоқтап қалды. Достарыммен байланыс үзілді. Өмір қызық емес, сүреңсіз күндер басталды. Тәбетім жоғалды. Әкем мен әпкемнің менімен сөйлесуге уақыты жоқ. Әкем телефонымды бірнеше күн бермеді. Білегімді кескілеп тастадым. Мені осында әкелдім. Маған психиатр суицид жасауға бейім деген диагноз қойды. Қазір бұрынғыдай телефон болмаса өмір тоқтап қалғандай, буындарым сырқырайтындай «ломка» жоқ. Негізі мен ата-анамның, достарымның назарын аудару мақсатында білегімді кескіледім. Қазір телефонсыз өмір сүруді үйрендім. Сөйлесуді үйрендім», — дейді жасөспірім.
Номофобия секілді гаджетомания да балаларды шырмауықтай шырмап алатын цифрлы дәуірдің дерті. Психиатрлардың айтуынша, телефон, компьютер, ноутбук немесе планшетке тәуелді бала шынайы өмір мен виртуалды әлемді шатастырып, экранның ар жағындағы өмірдегі жетістікке қуанып, өмірін сол ойын, әлеуметтік желілерсіз елестете алмайтын күйге түседі. Мамандар балаларға гаджет пайдалануға мүлдем тыйым салуға кеңес бермейді. Интернетті саналы түрде пайдалану мәдениетін қалыптастыруға шақырады.

Ольга Александрова, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының балалар бөлімінің меңгерушісі:
«Біз жақында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен съезде болдық. Олар зерттеу жүргізіп, балалардың басым бөлігі телефонда отырады деген тұжырымға келді. Бұл түйткіл Ресейде ғана емес, біздің елімізде де бар. Әр бірінші бала телефонға телміреді. Телефоннан басқа түк көрмейді. Далаға шықпайды. Бетпе-бет ешкіммен сөйлеспейді. Бұдан әрі оларға далаға шығу немесе әлеуметтік ортамен байланыс орнату қорқынышты көрінеді. Содан кейін «телефонда маңызды хабарламаны жіберіп аламын» деген мазасыздық пайда болады. Кей бала бала көліктер жүйіткіген көшеде де телефоннан көз алмай өтеді. Себебі айналасындағы қауіп-қатерді ойламайды. Интернеттегі түрлі сайттар, әлеуметтік желілердегі ақпараттардың қайсысы пайдалы, қайсысы заңсыз екенін де ажырата алмайды. Кибербуллингке ұшырауы мүмкін, лаңкестікті үгіттейтін, есірткі сатумен айналысатын телеграм арналардан сақтануды білмейді. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері әлеуметтік желілердегі есірткі саудасына қарсы күресті күшейтті. Дегенмен балалардың өз денесін жарақаттап, оны интернетке салуы өте қорқынышты. Тіпті лайк үшін өмірін қиюға баруы өте қауіпті».
Ольга Александрова ата-аналарға балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға кеңес береді. Бала жаздай гаджетте отырмау үшін, қаладағы түрлі үйірмелерге тіркеп, демалыс күндері бірге спортпен шұғылдану, баламен көбірек сөйлесудің маңызды екенін ескертеді.
Жазира Бегалы,
журналист
Сурет: vtkosnova.com