
Бүгінде цифрландыру қарқынды дамып, қаржылық қызметтер бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Алайда осы мүмкіндіктермен қатар интернет-алаяқтық та күшейіп келеді. Сарапшылардың айтуынша, жаңа технологиялар тек адал пайдаланушыларға ғана емес, алаяқтарға да тиімді құралға айналған. Сондықтан әрбір азамат қаржылық қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән беруі тиіс.
Ұлттық Банктің Ұлттық төлем корпорациясының PR-директоры Дмитрий Акмаев мәселенің өзектілігіне тоқталып, цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлердің артқанын атап өтті. Сарапшының пікірінше, мұндай жағдайда адамдар сақтық танытып, әрбір қаржылық әрекетін ойланып жасауы тиіс.
«Мен баршаға сәл “параноик” болуға кеңес беремін. Кез келген ақпаратты сүзгіден өткізіп, қаржыға қатысты әрбір қадамды мұқият ойлау қажет. Сізбен байланысқа шыққан адам кез келген кейіпке ене алады. Сондықтан ақша аудару немесе қандай да бір қаржылық операция жасау туралы ұсыныстарға әрдайым күмәнмен қарау керек», – деп ескертеді маман.
Сондай-ақ, маман алаяқтардың психологиялық қысым жасау әдісіне ерекше назар аударды. Егер сізді асықтырып, қорқытып немесе белгілі бір шарттар қою арқылы шешім қабылдауға мәжбүрлесе – бұл қауіпті белгі.
«Егер сізді тез әрекет етуге мәжбүрлесе, қорқытса немесе шектеу қойса – бұл бірінші дабыл белгісі. Екінші маңызды белгі – тым тартымды ұсыныстар. Тәуекелсіз, бірақ жоғары табысты инвестициялар деген болмайды. Минималды әрекетпен үлкен пайда табуды ұсынатын жобаларға сенуге болмайды», – деді ол.
Дмитрий Акмаевтың айтуынша елде интернет-алаяқтықтың кең таралған 5 түрі бар. Олар – телефон арқылы алдау, жалған интернет-дүкендер, жалған инвестициялық жобалар, әлеуметтік желілердегі алаяқтық және несие рәсімдеуге байланысты қылмыстар. Бұл схемалар елдегі барлық алаяқтықтың шамамен 80 пайызын құрайды.
Айта кетейік, 2024 жылы Ұлттық Банктің Ұлттық төлем корпорациясының базасында арнайы антифрод орталығы іске қосылған. Осы уақыт ішінде 120 мыңнан астам инцидент тіркеліп, оның 90 мыңы алаяқтықпен байланысты болған.
«Қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының арқасында шамамен 500 миллион теңге қайтарылып, 3 миллиард теңгеге жуық алаяқтық операциялар бұғатталды», – деді Дмитрий Акмаев.
Ал алаяқтар тұрғындардан алдап өздеріне аударып алған ақшаны қалай қайтарамыз деген сұраққа маман былай деп жауап берді:
«Ақша цифрлық жүйеде тұрған кезде оны қайтаруға мүмкіндік бар. Ал қолма-қол ақшаға айналған соң бұл процесс күрделене түседі. Сондықтан алаяқтық фактісі анықталған сәтте бірден әрекет ету қажет. Мүмкіндігінше тез арада құқық қорғау органдарына және өз банкіңізге хабарласып, барлық шоттарды бұғаттау керек. Неғұрлым жылдам әрекет етсеңіз, ақшаны қайтару мүмкіндігі соғұрлым жоғары.
Банктер ешқашан клиенттердің деректерін алаяқтарға бермейді. Көп жағдайда адамдар өздері жүйеге кіріп, биометриядан өтіп, барлық әрекетті өз қолымен жасайды », – деп түсіндірді сарапшы.
Сондай-ақ, полиция өкілдері де интернет-алаяқтық пен дропперлік жағдайларының алдын алу мақсатында азаматтарды ескертеді. Азаматтардың үшінші тұлғалардың бастамасымен ақша аудармауға және дропперлік фактісін болдырмау үшін өздерінің жеке банктік карталарын басқа адамдарға бермеуге шақырады.
Олжас Әбдіхалық