
Алматыда қалалық кітапханалардың жаңа кітап беру пункті ашылды, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Іс-шара қала күніне орай Алмалы ауданындағы «Асыл» сауда орталығында өтті. Ашылу салтанатына Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Олжас Құрманбекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан, ақын-жазушы Бейбіт Сарыбай, журналист, жазушы Баян Болатханова және мәдениет саласының өкілдері қатысты.
«Әсем Алматы қаламызда осындай кітап беру пункттерінің көптеп ашылғанына қуаныштымын. Бұл – тұрғындардың кітапқа қолжетімділігін арттыратын маңызды бастама», – деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Олжас Құрманбекұлы.
Жаңа пункттің қорында 2000-нан астам кітап бар. Мұнда көркем әдебиет, балалар әдебиеті және танымдық басылымдар ұсынылған. Бұған дейін алғашқы кітап беру пункті «Адем» сауда орталығында ашылды.

Кітап пунктінің сауда орталықтарында ашылып жатқанына кәсіпкерлер де дән риза.
«Осы жерден мотивациялық және салалық кітаптарды алып, кәсібімізді дамытуға көмектесетін әдебиеттермен танысатын боламын. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын,» – деп атап өтті кәсіпкер Азамат Инкаров.
Кітап беру пункті сәрсенбі–дүйсенбі күндері сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Сейсенбі – демалыс күні.
Бастама Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» жобасы аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – тұрғындардың кітапқа қолжетімділігін арттырып, кітап оқу мәдениетін дамыту.
Олжас Әбдіхалық
Суреттерді түсірген автор