jasqazaq.kz

Кино – тарих сөйлейтін тіл

Бүгін, 13:16

Jas qazaq газеті мен Chevron компаниясының бірлескен жобасы

Жобаның мақсаты – ерекше жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеу. Қазір журналистикаға құмар жандар компьютерлік сауаттылық, мерзімді баспасөз және  тележурналистика бойынша дәрісте тәжірибесін шыңдап, шағын хабар, ақпарат, мақала жазуға, сұхбат алуға төселіп келеді. Курсқа қатысушы Захра Әнуарқызы белгілі режиссер-документалист Қалила Нематуллаұлымен сұхбат құрды.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық. Ал тарихты таспаға түсіріп, ұлттың рухын экран арқылы сөйлеткен шығармашылық иелерінің еңбегі – уақыт өткен сайын маңызын арттыра түседі. Қазақ деректі киносының қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосқан режиссер-документалист Қалила Нематуллаұлының шығармашылық жолы – ұлт тарихын түгендеу, тарихи тұлғалардың тағдырын зерделеу және ақиқатты кейінгі ұрпаққа жеткізу жолындағы ізденіске толы.

Қалила Омаров 1957 жылы 4 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Он балалы отбасындағы тұңғыш перзент. Шығармашылық жолын кино және телевидение саласымен байланыстырған режиссер 1987 жылдан бастап «Қазақтелефильм» студиясында еңбек етті. Кейін ұлттық телеарналарда, Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио-кешенінде, «Хабар» агенттігінде және Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарды.

Режиссердің шығармашылығында қазақ халқының тарихы, ұлттық рухы, тарихи тұлғалар мен ел басынан өткен күрделі кезеңдер кеңінен қамтылады. «Тәушен», «Мағжан», «Нәубет», «Алашорда», «Міржақыптың оралуы», «Барып қайт, балам ауылға» секілді деректі туындылары көрерменге ой салған еңбектер қатарында.

Өнердегі еңбегі Қазақстан Жастар сыйлығы және Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықпен бағаланып, кейін «Қайсар» ордені, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағымен, «Бауыржан Момышұлы» құрмет белгісімен және басқа да марапаттарға ие болды.

– Қалила Нематуллаұлы, шығармашылық жолыңыздың бастауына үңілсек. Ленинградқа оқуға барған жылдарыңыз туралы айтып берсеңіз. Сол кездегі қала сізге қандай әсер қалдырды?

– Ресейге оқуға келген кезім әлі күнге дейін көз алдымда. Ленинградтағы Мәдени-ағарту училищесіне түсіп, студент атандым. Ол – өмірімдегі ең қызықты әрі ең жауапты кезеңдердің бірі болды.

Ленинград ол кезде өнер мен мәдениеттің үлкен орталығы еді. Театрлар, мұражайлар, кино, музыка – бәрі де жас студенттің дүниетанымына әсер етпей қоймайды. Сабақтан тыс уақытта да өнер әлеміне жақын болуға тырысатынбыз.

Студенттік жылдар адамды тек маман ретінде емес, тұлға ретінде де қалыптастырады. Мен сол ортада көп нәрсе үйрендім. Ең бастысы – өнерге жауапкершілікпен қарауды, үнемі ізденуді және өзіме талап қоя білуді меңгердім.

Ленинградтағы жылдар шығармашылық бағытымды қалыптастырды.

– 1981 жылы оқу бітірер тұста дипломдық фильм түсірдіңіз. Оның атауы – «Кісен ашқан», орысша — «Воплощение». Бұл фильмнің идеясы қалай дүниеге келді?

– Дипломдық фильм негізіне ұлы күйші Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін алдым. Бұл күйді тыңдаған сайын менің көз алдыма қазақ халқының өмірі келетін. Күйдің ішінде халықтың тағдыры, көрген қиындығы, мұңы мен қайғысы ғана емес, ең бастысы – оның еркіндікке деген ұмтылысы мен қайсар рухы бар сияқты сезілетін.

Сондықтан осы күй арқылы қазақ халқының өмірін суреттегім келді.

– Неліктен дәл «Кісен ашқан» күйіне тоқтадыңыз?

– «Кісен» деген сөздің өзінде үлкен мағына бар. Кісен – адамның еркіндігін шектейтін белгі. Ал кісенді ашу – азаттыққа ұмтылу, бұғаудан босану деген ұғымды білдіреді.

Құрманғазының күйін тыңдағанда осыны сезіндім. Күйдің әуені арқылы халықтың ішкі жан дүниесін, оның еркіндікке деген арманын көрсетуге болады деп ойладым. Мен үшін бұл күй жай ғана музыкалық шығарма емес, халықтың рухын жеткізетін көркем тіл болды.

«Кісен ашқан» – шығармашылық жолымның алғашқы маңызды қадамы.

– Фильм арқылы қазақ халқының өмірін қалай көрсетуге тырыстыңыз?

– Менің мақсатым – қазақ халқының өмірін тек сыртқы көріністер арқылы көрсету емес, оның ішкі рухын жеткізу болды.

Халықтың тұрмысы, тағдыры, қуанышы мен қайғысы, қиындыққа мойымайтын мінезі – осының бәрін Құрманғазының күйімен байланыстырып көрсеткім келді.

Кейде сөзбен айтып жеткізе алмайтын дүниені музыкамен жеткізуге болады. Әсіресе, күйдің мүмкіндігі өте үлкен. «Кісен ашқан» маған осындай мүмкіндік берді.

Сол жұмыстың барысында киноның тек камерамен түсірілген бейне емес екенін түсіндім. Кино – ой, музыка, бейне, ырғақ және сезімнің бірлігі.

– Дипломдық фильмді түсіру кезінде қандай қиындықтар болды?

– Әрине, студент кезіндегі жұмыс болғандықтан, қиындықтар кездесті. Ол кездегі техникалық мүмкіндіктер де қазіргідей емес. Бірақ жастықтың бір ерекшелігі, ойыңды жүзеге асыруға деген ұмтылыс күшті болады.

Мен фильмнің әрбір көрінісі күйдің табиғатымен үндес болғанын қаладым. Музыка мен бейненің бір-бірін толықтыруына ерекше мән бердім.

– Фильмді қорғаған кезде қандай баға алдыңыз?

– 1981 жылы оқуымды аяқтар кезде осы фильмді дипломдық жұмыс ретінде қорғадым. Еңбегім I дәрежелі дипломмен бағаланды.

Жас студент үшін бұл үлкен қуаныш еді. Өйткені дипломдық жұмысқа салған еңбегіңнің бағаланғанын сезінесің. Ал кейін фильмнің Ленинградта «Ақ түн-82» фестиваліне қатысуы мен үшін одан да үлкен оқиға болды.

– «Кісен ашқан» фильмінің Ленинградта өткен фестивальдерге қатысып, Гран-при алғаны белгілі. Сол сәт есіңізде ме?

– Әрине, ондай сәт ұмытылмайды. Мен үшін бұл жеңістің ең үлкен мәні – өзімнің студент кезімде жасаған фильмімнің бағалануы ғана емес. Ең бастысы, қазақтың күйі арқылы қазақ халқының өмірін, оның рухын көрсетуге жасаған талпынысымның қабылдануы болды. Ол кезде жас болдық. Мұндай марапат адамға үлкен сенім береді. «Демек, осы жолды жалғастыру керек» деген ой пайда болады.

«Гран-при – шығармашылық жолымды жалғастыруға үлкен демеу болды».

– Сіз «Қазақтелефильм» студиясына 1987 жылы келдіңіз. Осы шығармашылық орта сіздің режиссерлік жолыңызға қалай әсер етті?

– «Қазақтелефильм» – қазақ киносы үшін үлкен шығармашылық мектеп болды. Мұнда ұлттық тарихымызды, мәдениетімізді, өнерімізді, салт-дәстүрімізді және белгілі тұлғалардың өмірін экранға түсіруге мүмкіндік болды.

Осындай ортада кәсіби режиссер ретінде қалыптасудың маңызы зор. Әр фильм жаңа ізденісті талап етті. Әр кейіпкермен жұмыс істеу арқылы өзің де көп нәрсе үйренесің.

Деректі кино – уақыттың куәгері. Бүгін түсірілген фильм ертең белгілі бір кезеңнің тарихына айналуы мүмкін. Сондықтан деректі фильм авторының жауапкершілігі өте жоғары. Деректі кино – уақыттың куәгері.

– Шығармашылығыңызда «Тәушен», «Мағжан», «Нәубет», «Алашорда», «Міржақыптың оралуы» секілді тарихи және ұлттық тақырыптағы фильмдер көп. Бұл тақырыптарға деген қызығушылығыңыз неден басталды?

– Қазақтың тарихы – мен үшін таусылмайтын тақырып.

Біздің өткенімізде зерттеуді, қайта қарауды қажет ететін қаншама тұлға мен оқиға бар. Олардың арасында халық жадынан өшпеуге тиіс есімдер де, ұзақ уақыт бойы айтылмай келген тарихи шындықтар да кездеседі.

Мен режиссер ретінде сол дүниелерді экран арқылы жеткізуге тырыстым. Әсіресе, тарихи тұлғаның өмірін көрсеткенде оның тағдырын жеке адамның тарихы ретінде ғана емес, сол кезеңнің шындығымен байланыстыра қарау қажет. Ұлттық тарихты экран арқылы сөйлету – басты мақсатым.

– 1992 жылы Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты атандыңыз. Бұл марапат шығармашылық ізденістеріңізге қандай әсер етті?

– Жастар сыйлығының мен үшін орны ерекше болды. Бұл марапат шығармашылық жолымдағы еңбегімнің бағаланғанын көрсетті.

Сонымен қатар, осы марапат архивтермен жұмыс істеуге жол ашты. Тарихи фильм түсіру үшін архив құжаттарының маңызы зор.

Архив – тарихтың үнсіз сөйлейтін жері. Бір ғана құжаттың артында тұтас адамның тағдыры немесе белгілі бір тарихи кезеңнің шындығы тұруы мүмкін. Сондықтан деректі кино режиссері архивпен жұмыс істей білуі керек.

– Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев сіз туралы пікірінде Міржақып Дулатовтың сүйегін елге қайтару ісіне атсалысқаныңызды атап өткен еді. Бұл кезең сіздің жадыңызда қалай сақталды?

– Міржақып Дулатов туралы фильммен жұмыс істеу – менің шығармашылық жолымдағы жауапты кезеңдердің бірі.

Міржақыптың тағдыры – қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының тағдырымен сабақтас. Сондықтан ол туралы фильм түсіру үшін жай ғана дерек жинау жеткіліксіз болды. Оның жүрген жолын, өмір сүрген ортасын, тарихи кезеңін түсінуге тырысу қажет еді.

Соловецк лагеріне бару да сол ізденістің бір бөлігі болды. Кейін Міржақыптың сүйегін елге қайтару мәселесі көтерілген кезде осы іске атсалысқан азаматтардың қатарында болдым.

Мұндай сәттерде режиссер ретінде ғана емес, азамат ретінде де жауапкершілік сезінесің. Міржақыптың тағдыры – ұлт тағдырымен сабақтас.

«Ұлттық мүдде – шығармашылықтағы басты ұстанымдардың бірі»

– Бауыржан Момышұлы туралы деректі фильм түсіру кезінде де күрделі жағдайларға тап болғаныңызды айтқан едіңіз. Осындай сәттерде шығармашылық ұстанымыңызға не тірек болады?

– Тарихи тұлға туралы фильм түсірген кезде әрқашан түрлі пікір болады. Кейде белгілі бір мәселеге қатысты ұсыныстар да айтылуы мүмкін.

Бірақ режиссердің ең басты міндеті – тарихи шындыққа адал болу. Ұлттық тарихқа қатысты дүниеде жауапкершілік одан да жоғары.

Осындай сәттерде отбасымның, балаларымның айтқан сөздері де маған үлкен демеу болды. Әке ретінде де, шығармашылық адам ретінде де кейінгі ұрпаққа не қалдыратыныңды ойлайсың.

– Бүгінде ұлдарыңыз Қуаныш пен Мұхтар да кино саласында еңбек етіп жүр. Бұл отбасылық шығармашылық дәстүрдің жалғасы деп айтуға бола ма?

– Әрине, бұл – мен үшін үлкен қуаныш.

Әр баланың өз жолы, өз көзқарасы бар. Бірақ киноға деген қызығушылықтарының болуы – қуантады.

Мұхтар шығармаларымның компьютерлік графикасы, монтажы және визуалдық шешімдерімен жұмыс істейді. Заманауи технологияларды жақсы меңгерген. Оның «Басып кіру» («Вторжение») сияқты жобаларда визуалды эффектілер бағытында ізденіп жүргені – бүгінгі киноның мүмкіндіктерін көрсетеді.

Ал «Хан Кене. Соңғы шайқас» секілді тарихи жобаға атсалысуы да – үлкен жауапкершілік. Өйткені тарихи тақырыпты заманауи визуалды тілмен жеткізу оңай емес.

Үлкен ұлым Қуаныш та отбасылық шығармашылық дәстүрді жалғастырып, тарихи-деректі фильмдердің техникалық сапасын жетілдіруге, оларды цифрлық форматқа көшіруге және заманауи платформалар арқылы көрерменге ұсынуға үлес қосып келеді.

Меніңше, әкеден балаға берілетін ең үлкен мұра – мамандықтың өзі емес, еңбекке деген көзқарас пен жауапкершілік.

Шығармашылық дәстүрдің жалғасқанына қуанамын.

– Әңгімеміздің басында сөз болған «Кісен ашқанға» қайта оралсақ. Бүгін сол фильмге қарап, өзіңіз қандай ой түйесіз?

– Бүгін мен ол фильмге тек дипломдық жұмыс ретінде қарамаймын. Ол – шығармашылық жолымның бір бастауы.

«Кісен ашқан» арқылы Құрманғазының күйін экран тілімен сөйлетуге тырыстым. Ал сол күй арқылы қазақ халқының тағдырын, өмірін, еркіндікке деген арманын көрсетуге ұмтылдым.

Адамның шығармашылық жолында алғашқы жұмыстарының орны ерекше. Өйткені сол алғашқы дүниелерде оның неге сенетіні, нені айтқысы келетіні байқалады.

Мен үшін «Кісен ашқан» – Құрманғазының күйі арқылы халықтың рухын көрсетуге жасалған алғашқы үлкен қадамдардың бірі.

– Құрманғазы күйлерінің құдіретін өзіңіз қалай түсіндіресіз?

– Құрманғазының күйлерінде халықтың үні бар. Оны тыңдағанда кейде сөздің қажеті болмай қалады. Күйдің өзінен-ақ бір тарихты, бір тағдырды, бір адамның немесе тұтас халықтың жан дүниесін сезінуге болады.

Сондықтан мен «Кісен ашқан» күйін фильмнің негізіне алдым. Мен үшін ол күй – еркіндікке ұмтылған халықтың жүрек соғысы секілді.

Ал сол жүрек соғысын экран арқылы көрерменге жеткізу – менің басты мақсатым болды. Күй – халықтың жүрек соғысы.

– Қалила Нематуллаұлы, бүгінде деректі киноның мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда кең. Жас режиссерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен көп оқу керек, көп іздену керек және адамды тыңдай білу қажет.

Кино тек техника емес. Қазір камера да, монтаж да, компьютерлік графика да дамыды. Бірақ техниканың мүмкіндігі артқанымен, жақсы фильмнің негізгі өзегі өзгерген жоқ. Ол – идея, шынайылық және автордың көзқарасы.

Жас режиссер өз тақырыбын табуы керек. Біреуге еліктеп емес, өз жүрегін толғандырған дүниені түсіруге ұмтылғаны дұрыс.

Ең бастысы – тарихты ұмыттырмау. Өткенді бүгінгі ұрпаққа жеткізу арқылы біз болашаққа қызмет етеміз. Киноның міндеті – ұмыттырмау.

– Соңғы сұрақ. Сіздіңше, режиссер үшін ең үлкен марапат не?

– Ең үлкен марапат – жасаған дүниеңнің халыққа қажет болуы.

Жылдар өткеннен кейін фильмді бір адам көріп, одан бір нәрсе түсінсе, бір тарихи тұлға туралы білсе, өз тарихына басқаша көзқараспен қараса – режиссер үшін осының өзі үлкен нәтиже.

Менің мақсатым да сол болды: халықтың тарихын, елдің тағдырын, ұлттың рухын экран арқылы жеткізу.

                                                         ***

Қалила Нематуллаұлының шығармашылық жолы – қазақ деректі киносының тарихымен сабақтасып жатқан үлкен ізденіс жолы. Ленинградтағы студенттік жылдардан басталған алғашқы қадам, Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін экран тіліне айналдырған дипломдық фильм, тарихи тұлғалар мен ұлт тағдырын арқау еткен деректі туындылар – режиссер шығармашылығының негізгі арнасын айқындайды.

Бүгінде бұл шығармашылық дәстүр кейінгі буынға жалғасып келеді. Әке жолын жалғаған Қуаныш пен Мұхтардың заманауи технологияларды меңгеріп, кино өнеріне өзіндік үлес қосуы – шығармашылық сабақтастықтың бір көрінісі.

Тарихты зерттеу, оны экран арқылы сөйлету және ұрпақ санасына жеткізу – бір күннің емес, тұтас ғұмырдың еңбегі. Қалила Нематуллаұлының шығармашылық жолы да осындай азаматтық ұстаныммен өріліп келеді.

Захра Әнуарқызы

Суретті ұсынған автор

Бүгін, 13:16
Кино – тарих сөйлейтін тіл
01 қазан, 14:17
Шымкенттің мәдени өмірі жанданып келеді
30 қыркүйек, 20:17
Шымкент: Өрісі кеңейген өңдеу өнеркәсібі
30 қыркүйек, 14:40
Шымкенттегі медициналық инфрақұрылым: жаңа нысандар бой көтереді
29 қыркүйек, 15:58
Шымкентте бұқаралық спортқа басымдық берілуде
28 қыркүйек, 14:29
Шымкент: Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде
22 қыркүйек, 16:36
Зауыт құрылысында - отандық жабдық! (Видео)
17 қыркүйек, 21:00
Таңғы шық елімен тартымды уағдаластық
11 қыркүйек, 10:49
Алматыда жаңа кітап беру пункті ашылды