
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Осы орайда Үкімет қаулысымен Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген болатын.
Республикалық жоспардың мақсаты – балалардың дене бітімі, зияткерлік, рухани, имандылық дамуына ықпал ететін жағдайлар жасау жолымен олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.
Жоспарға 66 іс-шараның ішінен баланың шығармашылық, спорттық, зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатында тікелей бағытталған 21 (32%) іс-шара кіреді. Пандемияның екі жылында бұқаралық іс-шаралардың қысқаруына байланысты балалар өзара қарым-қатынастан біршама ажырап қалды. Енді олар мектептегі, облыстық, республикалық мерекелерге, концерттер мен шығармашылық жобаларға белсенді атсалысуға дайын. Осындай іс-шараларда олардың қарым-қабілеті дамитыны белгілі.
Республикалық жоспардан басқа, 17 өңірлік, 280 аудандық және қалалық, сондай-ақ білім беру ұйымдарының жоспарлары қабылданды.
Жыл басынан бері 9,4 мың орындық 130 балабақша ашылды. 300 мың бала түрлі үйірме және секциялармен қосымша қамтылады. Алғаш рет Халықаралық зияткерлік, шығармашылық, спорт олимпиадаларының 100 жеңімпазы мен жүлдегерлері «байқаудан тыс» қағидаты бойынша отандық жоғары оқу орындарының гранттарына ие болады. Беделді халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне алғаш рет ақшалай сыйлықтар табыс етіледі (1 орын – 4,5 млн тг, 2 орын – 3 млн тг, 3 орын-1,5 млн тг).Ұстаздарына да сыйлық беріледі.
Наурыз айында жалпы саны 6-дан 17 жасқа дейінгі 3 мыңнан астам баланы қамтитын «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасы аяқталды. Жоба толеранттылыққа тәрбиелеу және көпұлтты Қазақстанның бірлігін сақтау арқылы балаларды адамгершілік жағынан дамыту мақсатында өткізілді. Дебатқа қатысушылар арасында – үздік шешендер мен талдаушылар; жетім балалар арасында – үздік жас вокалистер, театралдар мен хореографтар; ЕБҚ бар балалар арасында – үздік жас суретшілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері анықталды.
Министрлік мектеп парламенттерінің 500 көшбасшысымен 8 онлайн тренинг ұйымдастырды. Бүгінгі таңда осы бағыттағы 7 өңірдің – Нұр-Сұлтан, Алматы, Жамбыл, БҚО, ШҚО, Қызылорда және Түркістан облыстарының қызметін ерекше атап өтуге болады.
500 мың баланы ақпараттық жағынан қамтыған «Жастар мен балалар арасындағы интернет-тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу» жобасы бойынша «Жас Отан» жастар қанатының республикалық қоры да грант алушы болды.

«Әжемнің ертегілері» жобасы аясында Ұлттық академиялық кітапхана ақпан, наурыз, сәуір айларында 4-8 сыныптардың 50 оқушысына «Үлкен өнеге», «Тәрбие – тал бесіктен» танымдық сағаттарын, «Ертегілер елінде» бейне-оқылым өткізді.
Балалар жылын өткізу жөніндегі бүкіл ақпарат министрліктің ресми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда жарияланады. Министрлік пен ОМО журналистердің 20 сауалына ресми жауап дайындады.
Сәуір айында Инновациялық психологиялық-педагогикалық идеяларды қолдану бойынша әр түрлі елдердің ғалымдары мен практиктерінің күш-жігерін біріктіру мақсатында Алматы қаласында Zoom-портал, Facebook, Youtube арқылы тікелей трансляциямен «Қазақстан Республикасындағы білім беру процесіне қатысушыларға тиімді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету бойынша Инновациялық технологиялар» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Биылғы жылғы 1 маусымда Алматыда Балаларды қорғау күніне арналған «Балафест» мерекелік іс-шарасы өткізілді. 3 маусымда «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы базасында жазғы маусым ашылды.
Еліміздің барлық өңірлері бойынша балалар проблемасын талдау елдегі балалардың дайындау шеңберінде жыл сайын жүргізіледі. Жүйелі проблемалар 2023-2027 жылдарға арналған балалар мүддесіне арналған жаңа ұлттық жоба шеңберінде кезең-кезеңімен шешілуі тиіс.
Балалар жылында атқарылатын іс-шараларды жүзеге асыру Үкіметтің ерекше бақылауында.
(Өз тілшіміз)