Алматыда балаларға қатыгездік танытқан жекеменшік балабақшаның тәрбиешісі өзіне қол салды. Күллі елдің талқысына түскен мектепке дейінгі мекемедегі шудан кейін педагог пәтерінде асылып өлген. Марқұмның артында бес баласы қалды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
— Алматы қаласы ПД 1979 жылы туған Б.есімді азаматшаның өзіне қол салғанын растайды. Қазір Жетісу ауданының полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 105-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Күні кеше «Сәби-Бала» балабақшасының тәрбиешісі бүлдіршіндерге қол көтеріп, оқтаумен түрткілеп жүрген видеосы желіде желдей ескен. Жұрттың ашуын туғызған бейнекадрлерден кейін ата-аналар «балаларымыз тәрбиешіден жәбір көрді» деп, полицияға жаппай шағымданған болатын. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу де басталған.
Әлеуметтік желіде педагогтың әрекетін сынап түрлі пікір жазғандар да көп. Халықтың сөзі сүйегінен өтіп кетті ме, көршілерінің айтуынша, жұмыстан қуылған 42 жастағы балабақша қызметкері құрбысының үйінде асылып өліпті. Марқұм Көкжиек ықшамауданында тұрған. Көршілері жайсыз хабарды естігенде есеңгіреп қалғанын жасырмады. Айтуларынша, Есік қаласынан көшіп келген отбасы бес бала тәрбиелеп отырған.
Мархаббат Мақтабекқызы:
— Жақсы, үлгілі отбасы. Отағасы жақсы. Бес баласы бар. Үлкен қызынан немересі бар. Кішкентай баласы үштен асқан. Ол кісілер екі-үш жыл болды, көшіп келгендеріне. Есік жақтан көшіп келді. Педагог, тәрбиеші деп еститінбіз. Кешегі видеоны көріп жаман күйде болдым. Кез келген адамға әсер етеді ғой. Видеодан ол кісіні танымадым. Ойламадым бұл кісі деп.