
Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду футбол тарихындағы үздік сұрмерген атанды.
Туриндік «Ювентус» намысын қорғайтын Роналду Италия суперкубогы финалында «Наполи» клубының қақпасына өзінің спорттық жолындағы 760-ыншы голын соқты. Бұған дейін рекорд чехословакиялық шабуылшы Йозеф Бицанға тиесілі еді. Ол 1931-1955 жылдар аралығында 759 голдың авторы атанған еді. «Наполимен» өткен матчта Роналду 64-минутта есеп ашты. 94-минутта Альваро Мората ойын нүктесін қойды – 2:0. Осылайша жас жаттықтырушы Андреа Пирло баптайтын «Ювентус» Италия суперкубогын тоғызыншы рет ұтып алды. К.Роналду лиссабондық «Спортинг», ағылшындық «Манчестер Юнайтед», мадридтік «Реал», «Ювентус» және Португалия құрамасы сапында 1036 кездесу өткізді.
ҚазАқпарат