Көтеріліске қатысқандар қашан ақталады?

05 маусым 2020, 14:29

Қуғын-сүргінге қатысты Қазақстан заңнамаларын бір ізге түсіру қажет. Мәселен, 1993 жылғы Заңда «Қарулы көтеріліске немесе қарулы бандалар құрамында республика аумағына революцияға қарсы мақсатта басып кірген, күш көрсету әрекеттеріне, тіміскілік, зорлық-зомбылық, бүлдіру әрекеттеріне қатысқан адамдар ақталуға жатпайды» делінген. Тап осы бап күшінде қалмауы тиіс!

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 30 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялап, жазықсыз жапа шеккендерді ақтау үшін арнайы комиссия құруды тапсырғаны – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам.
Мұның ерекше атап өтуге лайық екі қыры бар. Біріншіден, Қазақстан халқына Жолдауында Қ.Тоқаев Елбасы саясатының сабақтастығы сақталатынын, әрі халыққа берген уәдесін міндетті түрде орындайтынын айтқан еді. Үндеу арқылы 1993 жылы қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңды кең көлемде орындау қисынды жалғасын табатын болды. Жаппай ұжымдастыру тұсындағы халық көтерілістері мен ашаршылық туралы да осыны айтуға болады. Екіншіден, кеңестік тоталитаризмнің бірнеше миллион адамның өмірін қиған қылмысы ұмытуға да, кешіруге де жатпайды. Адамның қаны су емес. Қазақстанда әділетсіздікпен атылғандар мен тағдыры талқыға түскен, бірақ күні бүгінге дейін ақталмағандар, тіпті көмусіз қалғандар әр жылдары ақталғандардан бірнеше есе көп екеніне толық сенімдімін.

Аты шулы бап өзгертілуі тиіс!

Әрине, қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихын зерделеу бұған дейін де іргелі нәтижелермен көмкерілгенін жоққа шығаруға болмайды. Дейтұрғанмен, түйіні тарқатылмаған мәселелер бар екенін ғалымдар ауық-ауық қаперге салып отырды. Мәселен, осыдан 2-3 жыл бұрын Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында жиын өтті. Jas qazaq газетімен бірлесе өткізілген осы басқосуда кеңестік Қылмыстық кодекстің 59-бабымен атылғандар, сотталғандар, жер аударылғандар әлі күнге дейін ақталмағаны туралы сан түрлі дерек пен дәйектер келтірілді. Сол жолғы әңгіменің жалғасы арнайы ғылыми жобаға ұласып, профессор Светлана Смағұлова 2019 жылы «Ашаршылық қасіреті» монографиясын жариялады. Мұнда XIX ғасыр мен XX ғасырдың 20-жылдарына дейінгі аралықтарында болған түрлі жұт тарихы талданады.
Енді, міне, ақ түйенің қарны жарылды! Президент бастамасы жаңа таным биігіне көтерілуді талап етеді.

Қуғын-сүргіннің әлемдік деңгейде қабылданған ұғым-түсінігі – репрессия. Ол латынның «repressio» сөзінен шыққан. Дәлме-дәл аудармасы «жаншу» дегенді білдіреді. Жаншудың не екенін қазақ қоғамы Ресейге бодандықты қабылдағаннан кейін әбден танып білді. Исатай-Махамбет, Кенесары-Наурызбай, 1916 жылғы көтерілістердің тағдыры жаншумен, қырып-жоюмен шешілді. Революцияға дейінгі Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысы, казак әскерлерінің зорлық-зомбылығы жайлы зерттеулер баршылық десек те, әзірге оларды қуғын-сүргін деп бағалаған саяси қорытынды, пайым-тұжырым дүниеге келген жоқ.

Қуғын-сүргін кеңестік билік тұсында бұрын-соңды болмаған ауқымда, қатыгездікпен және жүйелі түрде жүргізілді. Ол жайлы Батыс тарихнамасында Ленин мен Сталиннің көзі тірісінде-ақ айтыла бастады. Ақиқатты ашуға ұлы жерлесіміз М.Шоқай мол олжа салғанын оның осыдан 90 жыл бұрын Парижде жариялаған «Кеңестер билеген Түркістан» атты кітабы дәлелдеп тұр.

Президент үндеуі тарихшы ғалымдардың көңілінен шықты. Қазақ осындайда: «Көктен іздегенім жерден табылды» деген шығар-ау! Ғасырлар қарызын қайтару үшін бірінші кезекте атқарылар шаралар, менің ойымша, мыналар:

1. Қуғын-сүргінге қатысты Қазақстан заңнамаларын бір ізге түсіру қажет. Мәселен, 1993 жылғы Заңда «Қарулы көтеріліске немесе қарулы бандалар құрамында республика аумағына революцияға қарсы мақсатта басып кірген, күш көрсету әрекеттеріне, тіміскілік, зорлық-зомбылық, бүлдіру әрекеттеріне қатысқан адамдар ақталуға жатпайды» делінген. Тап осы бап күшінде қалмауы тиіс!

2. Қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихын ашатын архив құжаттарын жабық қорда ұстағанды тоқтатып, кең көлемде жариялауды, естеліктер жинауды, яғни толыққанды дерек базасын қалыптастыруды жүзеге асыруды ұсынамын.

3. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1991 жылы құрылған комиссиясы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу» және «Кулактар мен байларды тап ретінде жою туралы» қаулылары, сондай-ақ 1931-1933 жылдардағы күштеп ұжымдастыру мен аштық туралы қорытындысын 1993 жылы жариялаған еді. Тұтастай алғанда, сол құжат қағаз жүзінде қалды. Мәселеге жаңаша келіп, Парламент деңгейінде кешенді заң қабылданғаны дұрыс.

4. Қазақстандағы қуғын-сүргін мен ашаршылық адамзатқа қарсы жасалған қылмыс және жаһандық гуманитарлық апат ретінде беделді халықаралық ұйымдар тарапынан өз бағасын алуы керек.

Ғылымның құдіреті ақиқатты айта алатындығында.

Ханкелді Әбжанов,
«Әділет» тарихи-ағарту
қоғамының төрағасы, ҰҒА академигі

26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады