
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінде әлемдегі үздік жоғары оқу орындарымен иық тіресіп, бой таластыра алтын деңгейде. Оған дәлел – 2017 жылғы Халықаралық QS рейтингі бойынша университетіміздің әлемдегі 800 үздік жоғары оқу орындарының ішінде – 236 орынға табан тіреуі. Мұның өзі университеттің қандай биік деңгейде екенін көрсетеді.

Cондай-ақ университетіміз еліміздегі жоғары оқу орындары арасында мемлекеттік білім гранты саны бойынша көшбасшы болып отыр. Мәселен, биыл оқу орнына 20 мың қосымша грант бөлінген.
Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың үздік білім ордасы екенінің тағы бір кепілі — алыс және жақын шетелдің 300-ден астам талапкері осы жоғары оқу орнына түсу үшін университеттің онлайн жүйесі арқылы тіркеліп, құжаттарын тапсырған. Қызметтің бұл түрін Бразилия, АҚШ, Франция, Германия, Индонезия, Оңтүстік Корея, Түркия, Үндістан және тағы басқа мемлекеттердің азаматтары қолданып үлгерген.

Айта кетейік, жаңа оқу жылында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Оксфорд университеті (Ұлыбритания) арасында ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық кеңейтілетін болады. ҚазҰУ басшыларының Оксфорд университетіне жұмыс сапары барысында көптеген келісімге келді. Жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатында ҚазҰУ-дың ең үздік магистранттары мен докторанттары «Ғылымға кіріспе» бірлескен білім беру бағдарламасы аясында Оксфордқа оқуға жіберілетін болады.
ҚазҰУ – міне осындай талантты, білімді студенттерімен ғана емес, ұстаздарымен де танымалы. Бұл оқу орнында Қазақстанға белгілі, білікті докторлар мен профессорлар қызмет етеді. Олар ғылымда ғана емес, күнделікті жұмыста да көпке үлгі. Айталық, көптеген жас физиктерді қанат қақтырған ұстаздар қатарында кураторымыз Құндыз Төреханова, Марат Сармасаев, Айғаным Сәрсенбаева, Мерлан Досболаев сияқты білікті, ғалымдар бар.
Сонымен бірге, Қазақстан республикасы ғылымына сіңірген еңбегі медальінің иегері, ф.м.ғ.кандидаты, профессор Қоданова Сандуғаш Құлмағамбетқызы басқарып отырған Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасы биыл үлкен жетістіктерімен көзге түсті.
Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасының қызметкерлері ф.м.ғ докторы, ҚазҰУ-дің ғылыми-инновациялық қызметі бойынша проректоры Рамазанов Тілекқабыл Сәбитұлы Қазақстанда тұңғыш рет Астана қаласында өткен Scopus Award 2018 байқауында «Шетелдің авторларынсыз ғылыми мақала жариялап, жоғары сілтемеге ие болған қазақстандық ғалым» аталымы бойынша марапатталды.
Ф.м.ғ. кандидаты, PhD доктор Ғабдуллин Маратбек Төлепбергенұлы «Жыл адамы — Алтын адам» сыйлығының жеңімпазы болды.
Профессор Жұмағұлова Қарлыгаш Нұрманқызы «Ғылымдағы үздік әйел» беделді Elsevier-Scopus сыйлығына ие болды.
Біз университетіміздің осындай білікті, білімді ұстаздарын шын жүректен құттықтай отырып, ҚазҰУ-дың мақтанышына айналған тұлғаларымызды өзімізге үлгі етеміз! Заманауи талаптарға сай, ғылымда да, қызметте де жұлдыздай жарқырап жүрген нағыз көшбасшыларымызбен мақтанамыз!
Физика-техникалық факультеті,
физика білім беру мамандығы,
1 курс магистранттары