jasqazaq.kz

Коронавирусқа қарсы вакцинаны енді мәжбүрлеп салады

29 маусым 2021, 22:25

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина міндетті болады. Бүгінге дейін тек ерікті түрде деп келген екпені енді мәжбүрлеп салу қажеттігі Үкіметте алғаш рет ашық айтылды. Бірақ қашан міндетті болатыны әлі белгісіз. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Оның үстіне, әзірге жаппай салынады деген әңгіме жоқ. Тек білім беру, қызмет көрсету салаларына қатысты айтылып отыр. Білім ошақтарымен бірге сауда, ойын-сауық орындары, кафе-мейрамханалар, қонақүй, туристік орын қызметкерлеріне де міндетті болады деген сөз. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір коронавирусқа қарсы екпе салдыруға жататын қазақстандықтардың арасында 3 миллион 300 мыңға жуығы ғана вакцинаның бірінші бөлігін салдырған. Ал екі бөлігін салдырғандар қатары 2 миллионға жуық. Үкіметтегілердің ойынша, енді халықты мәжбүрлемесе болмайтын сияқты. Өйткені мұндай есек-аяңмен жыл аяғына дейін вакциналауға жататын халықтың 60 пайызына жетпейтінін үкімет жақсы түсініп отыр. Қыркүйекке дейін 10 миллион қазақстандыққа салып үлгереміз деген үміт көзден бұлбұл ұшқан. Жығылғанға жұдырық болып, соңғы уақытта елдегі эпидахуал да күрделеніп кетті. «Жасыл» аймақта небәрі 7 өңір. Бесеуі «сарыда», қалғаны «қызылға» енгізілген. Басқа амал жоқ, вакциналау қарқынын арттыру үшін күштеп салдыруға кірісетінін меңзеді.

Асқар Мәмин, ҚР премьер-министрі:

— Әкімдер, әсіресе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында вакциналау қарқынын күшейтуі қажет. Еңбек ұжымдарында, қызмет көрсету және білім беру салаларында міндетті вакциналауды енгізу қажет екені анық байқалып отыр.

Демек білім беру орындарымен бірге, қызмет көрсету саласы, яғни сауда, ойын-сауық орындары, кафе-мейрамханалар, қонақүй, туристік орын қызметкерлеріне де міндетті болады деген сөз. Олай етпеске амал жоқ сияқты. Осыдан бес бұрын «қызыл» аймақта елорда ғана тұрған. Үнді штамы келді дегелі, Алматы қаласы мен Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстары да «қызылға» өткен. Шымкент қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау облыстары «сарыда» тұр. Өткен аптаға қарағанда елдегі ковид-19-ға шалдығушылар да 39 пайызға артқан.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

— Республика көлеміндегі науқас санының өсуі елорда мен Алматыда вирус жұқтырушылардың 1,7 есе көбейюінен болып отыр. Екі қала ел бойынша аурулардың 43 пайызын алады. Қазір елордада инфекциялық төсек-орын 65%, жан сақтау төсек-орны 74% пайыз, ал Алматыда инфекциялық төсек-жабдық 32%, жан сақтау – 31 пайызға толған. Осы қалалардағы эпидахуалдың ушығуына байланысты адам көп жиналатын орындардың жұмысын шектеу бойынша қосымша шаралар қабылданды.

Дегенмен министр арнайы сараптама вакцинацияның тиімділігін көрсетіп отырғанын айтады. Айталық, сәуір-маусым аралығында вакцинаның бірінші бөлігін салдырғандар саны 1 миллион 300 мыңнан 3 миллион 200 мыңға дейін жеткен. Осы кезде науқас саны екі есеге азайыпты. Тіпті елде «дельта» штамы пайда болса да, вакциналаудың айтарлықтай оң ықпал етіп отырғанын айтады. Тек елорда әкімі Алтай Көлгіновтің баяндамасы министрдің мәлімдемесімен сәйкеспей тұр. Қала әкімінің айтуынша, «дельта» штамм пайда болғалы науқас саны артқаны байқалып отыр. Соңғы аптада жаңадан үш жарым мыңға жуық науқас тіркелген.

Бүгін, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия