
Әлеуметттік желілерде елімізде болған беташар рәсімі қызу талқыға түсті. Беташарда асаба коронавирус жайлы ән орындапты. Көпшіліктің алдында бидің ырғағына келетін музыкамен қонақтарды ортаға шақырады.
«Коронавирус, кет, кет, кет! Коронавирус, нет, нет, нет! Коронавирус, жақындама, жолама! Билеп, билеп шығамыз! 5 мыңды саламыз! Келін, келінжан, сәлем!» — деген сөздермен әндетеді асаба.
Еске сала кетсек, жақында белгілі композитор Марат Омаров коронавирус туралы осы бір әнді шығарып, ол ел арасында кең тарап кеткен еді…
Сонымен, кеше azattyq-ruhy.kz сайты беташарда коронавирус туралы ән айтып, елді билеткен асабаның кім екенін анықтапты. Тілшімен телефон арқылы сөйлескен жамбылдық Ерболат Нарбек 24 наурызда Тараз қаласының «Массив көктем» шағын ауданынан беташар рәсіміне шақырту алған.
«Марат ағамыз (Омаров – авт.) бір сұхбатында халықтың көңілін көтеру үшін сол әнді жазған болатынмын деп айтты ғой. Мен де сол елдің көңілін көтеру мақсатында орындадым. Ямахада сүйемелдеп тұрдық. Қонақтар жақсы қабылдады. Беташар соңында да халыққа бұл әнмен беташарды келеке ету үшін емес, осындай уақытта көңіл түспесін, еңсе түспесін, вирусты бірге жеңіп шығамыз деген ниетпен орындағанымды түсіндірдім», — деді асаба.
Айтуынша, ол қуаныш иелеріне ел аумағында төтенше жағдай жарияланғанын ескерткен. Сондықтан беташарға 30 адам ғана жиналып, қонақтар 15-20 минутта тарқасыпты.
«Беташарды далада жасады. Дастархан жайылып, тамақ берілген жоқ. Тез-тез бет ашып, қайттық. Адамдар әлеуметтік желіде басқаша мазмұнмен таратып жатыр. Бұлай болады деп ойламадым. Әнді бірінші рет айтып тұрмын, теріс мақсатым да болған жоқ», — деп түсіндірді Ерболат Нарбек.