26 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрында танымал әзілкеш, продюсер Нұрлан Қоянбаевтың «Кореядағы қазақша бизнес» (Бизнес по казахски в Корее) атты туындысы көрсетіледі. Алматыда аталған киноның жабық көрсетілімі көпшілік қауымға жол тартып, фильге қатысқан актерлар БАҚ өкілдерімен кездесті. Көрсетілімге көпшілікпен бірге jasqazaq.kz тілшісі де барып қайтты.

Фильм бұған дейін көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Америка, Африкадағы хикаяларының жалғасы. Комедияны шығарушылар интерьер ретінде нанотехнологияны таңдайды. Сондай-ақ, картинадан қосымша рөлдерді сомдайтын кәсіпкер Қайрат Құдайберген мен Дильназ Ахмадиеваны да көре аласыз. Комедиялар сериясының бұл бөлімінде тосын оқиғалардың куәсі боласыз.
Фильмнің режиссері Ален Ниязбековтың айтуынша, үш туындыдан кейінгі төртіншы туындының ерекше болуы үшін аз тер төгілмепті. Ол: « Бұл бөлім өзге бөлімдерден кем түспеуі керек. Өйткені өздеріңіз білесіздер осыған дейінгі үш бөлім де көрерменнің жүрегінен орын алды. Ал бұл туындының көрерменнің есінде ерекше әсерде қалуы үшін көп еңбектендік»- дейді.
Комедия жанрындағы бұл фильм әр адамға ерекше көңіл –күй сыйлары анық. Ал фильмнің сюжетін көрерменге қызық болуы үшін құпия қалдырдық. Отбасымен барып, сапалы да қызықты фильді көруге шақырамыз.

Фильнің басты кейіпкері, әрі продюсері Нұрлан Қоянбаев: « Біз фильмді Сеул қаласында түсірдік. Шетелде кино түсіру оңай емес. Сондықтан да қиын болғанына қарамастан, көрермен үшін біраз жұмыс істедік»-деп фильм түсірудегі әсерімен бөлісті.
Ал кинодағы «Еркош» рөліндегі актер Рамазан Амантайдың айтуынша, Корей бөлімі ерекше бөлімдердің бірі болыпты. Ол: « Бұл өздеріңіз байқағандай, Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чин Ынды пародиялаумен сәл ерекше»- деді.
Бұл кинода туыстық қарым – қатынас, бауырмалдық, махаббат, туып өскен жерге деген сағыныш сынды қасиеттер жақсы көрсетілген. Кореядағы қазақша бизнестің немен аяқталғанын білгіңіз келсе, желтоқсанның 26-сынан бастап, еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетін комедияны тамашалауға асығыңыз.
Мақпал Ноғайбаева
https://www.youtube.com/watch?time_continue=3&v=cp9I9WYlLTg&feature=emb_logo