
Біреудің қаңсығы бізге таңсық! Себебі, 1997 жылдан бері құрастырылмайтын әуе кемесі ескірген. 20 жылдан астам уақыт қолданыста болса да одан бас тартпай отырған мемлекеттердің бірі – біз. Дәл осы ұшақ маркасы осы уақытқа дейін 20 рет қатерлі сапар жасап, апатқа да ұшырады. Бүгінгі трагедиямен бұл статистика тағы да өсті.
Алғаш рет 33 жыл бұрын «Фоккер 100» көкке қалықтады. Темір қанатты техника апаттың тұзағына талай түсті. 200-ден астам адамның ажалы осы ұшақтан болды. 1993 жылдың наурызында әлемді дүр сілкіндірген апат Македонияда болды. Әуеге 400 метр көтеріле бере, құлаған ұшақтың 81 жолаушысы жан тапсырған еді. Мамандар кінәрат ақау шыққан техникадан деген қорытынды жасады. Тізе берсе, әлемде мұндай мысалдар жетерлік. «Бек Эйрдің» басына қара бұлт бүгін ғана үйірілген жоқ. 2016 жылы Нұр Сұлтан әуежайына фоккер апатты жағдайда қонғаны елдің есінде болар. Бортта сол сәтте 116 жолаушы болған. Механика істемей қалып, ұшақ алдыңғы шассисіз қонды. Қуанышқа орай, ешкім жапа шекпеді. Бәлкім бұл ақау белгі болды ма, кім білсін. Өйткені 1997 жылы құрастырылуы тоқтаған, ескі ұшақтың «сырқырайтын» жерлері көп боларын мамандар біледі. 2017 жыл. Ақтаудан Оралға бет алған «Бек Эйрдің» тағы бір фоккері шұғыл қонып, елдің есін алды. 23 жыл бойы қолданыста келе жатқан бұл ұшақты «ұшықтап» қатарға қайта қосты. Компания өкілдерінің мұндай жайтқа еті өліп кеткендей. Былтыр желтоқсанда Нұр- Сұлтаннан Алматыға ұшқан әуе кемесі тағы да техникалық себепке байланысты ұшқан бетте іле кері қайтты. Төбесінен су ағып, жолаушыларды үркіткен «Бек Эйрдің» тағы бір фоккері биыл мамырда алдыңғы шассисіз қонған еді. Ал, бүгін «сәттілік» лимиті біткен «Бек Эйрдің» ұшағы Алматы маңындағы Гүлдала ауылында апатқа ұшырады… Бұл өлкенің жарасы әлі жазылмады. Осыдан 6 жыл бұрын «Скат» әуе компаниясының ұшағы дәл осы маңда құлады. Ол кезде 21 адам ажал құшқан болатын.