
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер мексикалық Сауль Альвареспен екінші жекпе-жектен кейінгі қызық жағдай туралы әңгімелеп берді, деп хабарлады Sports.kz.
«VADA жекпе-жектен кейін Головкинді кездейсоқ тестен өткізбекші болды. Мен «Канелоны» да тестілеу жоспарға енгізілгеніне сенімдімін. Дегенмен келесі күні допинг-тестілеу тоқтатылды. Алдымен жоспарланып, кейін тоқтатылғаны қызық болып тұр… «Канело» бұл кезде Мексикаға барып, ет жеп, өз «шешімін» тойлап үлгерген болса керек», — деп жазды Леффлер твиттерде.
Осы мәлімдемеден соң кейбір шетелдік баспасөздер мақала жариялап, «Канелоның» допинг-тестілеуден бас тартқанын сынға алды. Кейінірек Леффлер Metro басылымына берген сұхбатында не айтқысы келгенін түсіндірді: «Канело» соңғы тестілеуден бас тартты деген жоқпын, оны VADA тоқтатты. Бірақ бұл допинг-тестілеу тоқтатылған алғашқы жағдай».
Естеріңізге сала кетейік, Альварестің екі допинг-сынамасынан клинбутерол табылып, осы жылдың ақпаны мен тамызы аралығында – алты айға бокстан шеттетілген болатын, бірақ оның Головкинмен екінші кездесуі қыркүйек айында өтті. Екінші жекпе-жекте төрешілердің шешімімен «Канело» жеңіске жетті.