5 маусым күні Алматының Республика сарайында Қазақстан мен Қытайи елі бірлесіп түсірген «Композитор» көркем фильмінің салтанатты тұсауесері өтті. Кинотуынды «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Қытайдың «Shinework Pictures» компаниясының бірлескен жобасы болып табылады.

Киноның режиссерлары: Сәбит Құрманбеков пен Шерзат Якуб. Сценарий авторлары: Чжан Суйсуй, Ғайша Табарак, Зәуреш Ерғалиева. Сянь Синхай рөлін қытайлық актер Ху Цзунь сомдаса, Бақытжан Байқадамовтың рөлін еліміздегі танымал актер Берік Айтжанов ойнады. Сондай-ақ, Юань Цюань,Аружан Жазылбекова, Алтынай Нөгербектер сынды актрисалар басты рөлдерден көрінді. Көркем фильмге негіз болған екі елдің атақты композиторлары Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхай арасындағы достық. Ұлы Отан соғысы жылдарында қиын жағдайға түскен қытай композиторына Бақытжан Байқадамов қолдау көрсетіп, көмек қолын созады.
Туған жерінен жырақта, қазақ жерінде өмір сүріп жатқан композитордың Отанға, отбасына, кішкентай қызына деген сағынышы қаншалықты терең болса да, ол шығармашылықпен айналысуын тоқтатпайды. Музыкамен айналысып, тіпті Амангелді Иманов жайлы скрипка мен фортепианоға негізделген «Амангелді» симфониялық поэмасын жазады.
«Бұл тұсаукесер бізді ерекше толқытты. Осыдан жетпіс жыл бұрын қиын жағдайғаа тап болған қытай композиторы Сянь Синхай Алматыға келіп, қазақтың танымал композиторы Бақытжан Байқадамовпен танысады. Байқадамов пен оның отбасы оған барынша көмек көрсетеді. Міне, жетпіс жыл өткен соң, Қазақстан мен Қытай кинематографистерінің арқасында көпшілік біле бермейтін әсерлі үлкен оқиға экранға жол тартты» — деді бас консул Чжан Вэй.
2017 жылы 8 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньнің Қазақстанға жасаған сапары аясында бірлесіп киноөндірісті жүргізу туралы мемлекетаралық келісім қол қойылған еді, осылайша аталған жоба іске асқан болатын. Қытайда көркем туынды 17 мамырдан бастап прокатқа шықты. Еліміздің кинотеатрларында 6 маусымнан бастап көрсетіледі.
Мақпал Ноғайбаева