Отандық ауыл шаруашылығының әлеуеті шын мәнінде зор. Мұны сыртқа жөнелтілетін азық- түлік тауарларының көбейіп жатқанынан байқауға болады. Биылғы жылдың 9 айында экспорт 950,5 млн долларға жетіп, өсімі 2,4 пайызды құрады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет сағатында хабарлады.
Министрлік ұсынған мәліметке жүгінсек, осы кезеңде өндіріс көлемі сүт өнімдері бойынша 2 пайызға, макарон 37,4 пайызға күнбағыс майы бойынша 11,7 пайызға артқан. Агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының жалпы көлемінде дайын өнім экспортының үлесі 37 пайызға жетті. Енді осы көрсеткішті өндіріс көлемін ұлғайту және экспорттаудағы бірқатар кедергілерді жою
арқылы 70 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдері көбіне Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттер мен Орталық Азия елдеріне (Өзбекстан, Тәжікстан), жөнелтіледі. Бұған қоса, Ауғанстан, сондай-ақ Еуропа елдері (Германия, Италия) біздің тауарды тұтынады. Е. Қарашөкев Ұлттық жоба аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына инвестициялар тартуды ынталандыру мақсатымен шығыстың бір бөлігін өтеу бойынша инвестициялық субсидия беру, сондай-ақ
агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің лизингі мен кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелері, өңдеуші кәсіпорындардың шикізат сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде алдағы бес жылда тамақ өнімдерін өндіру көлемін 1,5 есеге ұлғайту, сондай-ақ осы салаға салаға 700 млрд
теңгеге дейін инвестиция тарту көзделген. Бұл қосымша 7 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айдос ҚҰСАЙЫНҰЛЫ