jasqazaq.kz

Көкжайлау: Алматыдағы экологиялық туризмнің экономикалық әлеуеті

Бүгін, 21:11

«Көкжайлау шатқалында тау курортын салынады» деген жаңалықты Алматы қаласындағы салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар мен шаңғышы журналистер қауымы да зор қуанышпен қарсы алды. Расында, «Almaty Superski» жобасы Іле Алатауының етегінде орналасқан алып шаһарда жазғы және қысқы туризмнің өрісін күрт кеңейтеді. Табиғатқа жанашырлық танытып, таудың таусылмас мүмкіндігін ұтымды пайдаланып дамыған елдердің тәжірибесі де осы пікірді дәлелдейді.
Әңгіме басында тілшілерден сөз етуіміз бекер емес. Еліміздегі іргелі ақпарат құралдарында еңбек ететін әріптестеріміз біраздан бері шаңғы спортын өзіне серік етіп жүр. Олар сырғанақ жолдары 25 шақырымнан аспайтын, әсіресе, демалыс күндері келушілерді сыйғыза алмайтын Шымбұлақтың мүмкіндігін жақсы біледі. Журналистер, сондай-ақ, Халықаралық шаңғышы журналистер Клубының (SCIJ) ұйымдастыруымен жыл сайын Еуропа мен Америка құрлығындағы ең үздік тау шаңғысы орталықтарына барып, жан-жақтан келген әріптестерімен бірге жергілікті қысқы туризм мен ғаламат тау кластерінен де хабардар. Атап айтқанда, табиғатқа жанашырсымақтар өре-тұра қарсы шыққан Болгариядағы Банско мен Пампоровоның әлемдік деңгейдегі курортқа айналғанын көзбен көрді. Сондай-ақ, бір кездері жұмыссыз жастары қалаға кетіп, шал-шауқан ағаш отынды есекпен таситын Монбландағы Флумет шатқалының қазір дүниенің түкпір-түкпірінен турист тарту сырына қанықты.
Қай жағынан алып қарасаң да, Алматы қаласының экологиялық туризмін өркендетуде әлеуеті мол. Басқалармен салыстырғанда, басым тұсы көбірек. Іле Алатауы тап іргеде. Ал Швейцария мен Франциядағы атақты курорттарға жету үшін сағаттап жол жүруге тура келетіні белгілі. Көлік-логистикадағы мұндай мүмкіндік қала экономикасындағы маңызды бағытқа айналып келе жатқан тау кластерін дамытуға септігін тигізеді. Бұл жерде әңгіме спорт, белсенді демалыс, отбасылық саяхат және табиғатпен етене болу төңірегінде ғана емес. Тұтас кешен, сонымен қатар, саяхатшыларға қонақ үй, дәмхана, жабдықтарды жалға беру, нұсқаушылар қызметін ұсыну сияқты көптеген салаларды да қамтиды. Демек, шаһарда шағын және орта бизнес қанат жайып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Курорт бастамашылары атап өткендей, «Almaty Superski» жыл сайын 8,9 млн келушіні қабылдай алады. Бұлардың 2,4 миллионы шаңғы тебумен айналысса, 6,4 миллионы жаяу жүргінші бағыттарымен серуен құрады. Көрсеткіштің өзі айтып тұрғандай, жоба экологиялық турзимді өркендетуге басымдық береді. Мұның экономикалық тұрғыдан тиімді екеніне «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының басшысы Ержан Еркінбаев бек сенімді. Осы саладағы белгілі маманның айтуынша, туристердің демалыс, тамақтану, қонақ үй және өзге қызмет көрсетуге жұмсайтын шығындарын ескерсек, қала экономикасына түсетін қаржы көлемі жыл сайын 1 млрд долларға жетуі мүмкін.
Көкжайлаудағы тау кластерінің тағы бір кереметі – инвестиция тартып, жаңа өндіріс орнын ашуға мүмкіндік беруі. Озық тәжірибе ретінде айта кетейік, Болгарияда тау курорттары ашылған соң шаңғы мен сноуборд жасайтын фабриканың құрылысы басталды. Сөйтіп, елге әлемге әйгілі брендтер келді. Міне, сондай, өндіріс ошағы Алматыда ашылып жатса, Қазақстандағы және көршілес елдерді шаңғы, сноборд және жаяу жүргіншілерге арналған таяқшамен қамтамыз етуге мүмкіндік туады.

Көкжайлау ең алдымен Іле Алатауының тұма табиғатына жауапкершілікпен қарауды көздейді. Өйткені, замануи инфрақұрылым болмаса, саяхатшылардың бей-берекет ағылуы ретсіз әрі жүйесіз туризмге жол ашып, табиғатқа салмақ түсіруі ықтимал. Бұған қоса, адамдардың қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Міне, сондықтан жобаны іске асырғанда бірінші кезекте экологиялық талаптардың қатаң сақталуына мән берілмекші. Қазірдің өзінде Көкжайлауға жанашыр көзқарас қалыптасты. Жуырда қала әкімдігінің ұйымдастыруымен тау бөктерінде 2 мың дана шыршаның отырғызылуы бұған айқын дәлел болса керек.

Срайыл Смайыл, Қазақстан Шаңғышы журналистер клубының төрағасы

13 қазан, 12:25
Айдана Қасен: Қалдықтарды сұрыптау – экологиялық мәдениеттің маңызды бөлігі
12 қазан, 13:04
Әуесбек Опабек: Шымкентте экология мен жайлы ортаға басымдық берілуде
09 қазан, 13:42
Шымкентте жасанды интеллект полиция жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталуда
07 қазан, 15:02
Ұстанымы ұқсас Оман
06 қазан, 15:09
122 года спустя: Память, наследие и школа Мухамеджана Фаризова
05 қазан, 14:25
Бағдат Байболов: Су жүйесін жаңғырту – тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етудің негізгі тетігі
02 қазан, 13:16
Кино – тарих сөйлейтін тіл
01 қазан, 14:17
Шымкенттің мәдени өмірі жанданып келеді
30 қыркүйек, 20:17
Шымкент: Өрісі кеңейген өңдеу өнеркәсібі