
Арықтан су тасып ішкен ауыл. Алматы облысында бүтін бір ауыл ауыз суға жарымай отыр. Жамбыл ауданына қарасты Көкқайнар ауылында қазан айында ғана жеті жарым шақырымдық құбыр ауыстырылған. Алайда қыс басталғанда жаңа құбыр сыр беріп, 120 отбасы судан қағылды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Екі айға да жетпеген құбырға бюджеттің 33 миллион теңгесі жұмсалған. Жұрт енді мал суаратын бастаудан тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. Арыз суға жарымаған Көкқайнар ауылында соңғы күндері береке қашқан. Бақандай он күн бойы судан тарыққандар сан рет жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырыпты. Тұрғындардың айтуынша, екі ай бұрын құбыр ауыстыру жұмысы аяқталғанда төбесі көкке жеткендей қатты қуанған. Алайда жеті жарым шақырымнан тартылған құбыр қыс басталғанда сыр беріп, тіршілік нәрі тоқтап қалды.
Сәрсебек Екейбаев, Көкқайнар ауылының тұрғыны:
— Жаңа салған фирма толық аяқтамай кетіп отыр ғой. Содан су жоқ. Қазір 4-5 күн болды, ауылда мүлдем су жоқ. Бәрімізге сусыз өмір жоқ қой. Қазақша айтқанда, малымыз да шұрқырап, «су» деп тұр, адам да шұрқырап тұр. Осыған жәрдем берсе болды.
Бақыт Нүсіпбаев, Көкқайнар ауылының тұрғыны:
— Әкім жүгіргеннен не пайда?! Жасаған мердігерлер неге дұрыстап жасап кетпейді. Біз су ішіп отырғанбыз. Соны жасаймыз деді де, құртып тастады ғой. Суды жоқ қылды.
Бар суды жоқ қылды. Ашынған ауыл халқының «артық қыламын деп, тыртық қылған» шенеуніктерге өкпесі қара қазандай. Себебі, бұған дейін ескі құбырдан бірде-бір кінәрат табылмаған екен. «Сапасыз жүргізілген жұмысты білікті мамандар қадағаламаған», — дейді тұрғындар.
— Сіздердің тараптарыңыздан бақылау көп байқалған жоқ.
— Қалай көп байқалған жоқ?
— Міне, соны айтамын.
— Сәрсебек ата, басына бардыңыз ба? Сәрсебек ата бір-ақ рет басына барды. Ол маман емес қой.
Қыстың көзі қырауда тіршілік нәрінен қағылған тұрғындар ауыл шетіндегі сайды жағалап кеткен. Бұл жерде санитарлық талапты айтпағанның өзінде, шелекпен су алғанда басыңды бәйгеге тіккендей күй кешесің. Ең сорақысы, қорадағы төрт түлікті де осы бастаудан суарады екен.
Бақыт Нүсіпбаев, Көкқайнар ауылының тұрғыны:
— Малмен бірге аламыз. Су алатын жер жоқ. Таза жерінен аламыз, ішеміз. Қайтеміз енді? Біреудің жағдайы бар, біреудің жағдайы жоқ. Көрші ауылдан әкелу керек. Басқа не істейміз?
Бастаудан тартылған жеті жарым шақырым құбырды ауыстыруға биыл 33 миллион теңге бөлінген екен. Бірақ мердігер компания жұмысын толық аяқтамапты. Бір қызығы, құбырдың сыр бергенін мойындаған ауыл әкімі мәселенің бір қалтарысын табиғаттан көріп отыр.
Дәурен Әбдуәли, Үңгіртас ауылдық округінің әкімі:
— Бір жер анықталды. Басқа жерден сыртқа қосылған екен. Қазір ол құбырды ашып, қайта жөндейді. Екіншіден, бастауда су деңгейі 50 пайызға азайып кетті.
Әкімнің айтуынша, ертең құбырдағы ақауды жөндеу аяқталып, ауылға су беріледі. Алайда қолда барды ұқсата алмаған шенеуніктерден көңілі қалған тұрғындар құрғақ уәдеге сенбейді. Егер мердігер компания мен әкімдік уәдесінен тайқыса, тағы да арықтан су тасығаннан басқа амал жоқ.