
Әлемдік энергетикада «көгілдір отынның» маңызы айрықша. Кез келген мемлекеттің де экономикасында стратегиялық мәнге ие. Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне химия өнеркәсібінде құнды шикізат саналады. Сол үшін де ол бизнес пен саясаткерлер үшін тартымды. Тұрғындарға да қажет. Әлемдік экономикадағы газға деген зор сұраныс осымен байланысты. Ал оны пайдалану — қайсыбір елдердің даму деңгейінің көрсеткіші.
Көптеген дамыған елдердің өз энергетикасында көмірден газға дейінгі өрлеу жолын жүріп өткені бекер емес. Бұл негізінен Еуропа, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея басынан кешірген құбылыс. Көмірмен салыстырғанда, газ қоры жер бетінде шашыраңқы орналасқан. Сондықтан оны өндіру мен тұтынушыға жеткізу аса ірі инфрақұрылымды қажет етеді. Тартымдылығына қоса, газды қолжетімді ету де күрделі міндет. Бұл арада бірнеше жәйтті қаперге алу керек. Біріншісі — газ өндіру инфрақұрылымымен, екіншісі — оны негізгі нарықтарға жеткізумен, үшіншісі жергілікті газ желісі арқылы тұтынушыларды қамтамасыз етумен байланысты. КСРО кезінде еліміздің аумағынан «көгілдір отын» Орта Азиядан Ресейге Бұқара – Орталық газ желісі арқылы тасымалданды. Сол кезде түрікмен газының өндірісі жылына 90 млрд текше метрге, өзбек газының өндірісі 60 млрд текше метрге жеткенін есепке алсақ, кеңес одағының энергетикалық тепе-теңдігі үшін оның маңызы зор еді.
КСРО ыдырағаннан кейін өткізу нарығына қолжетімділік мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Басты газ нарығы Еуропада болды. Онда ресейлік «Газпром» Еуропа мен Солтүстік Африка өндірушілерімен бәсекеге түсті. Сондықтан Бұқара — Орталық газ желісінің маңызы төмендеді. Бұл Қазақстан арқылы осы бағытта газ тасымалдау көлемінің азаюына әкеп соқтырды. Алайда дәл осы кезде Түрікменстаннан Өзбекстан мен Қазақстан аумағынан өтіп, Қытайға баратын газ желісі салынды. Бұл газ желісімен түрікмен және өзбек газы тасымалданады.
Әлбетте, Орта Азиядан Қытай мен Ресейге газ транзитін қамтамасыз ету отандық газ саласын дамытуға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, «ҚазТрансГаз» желісі арқылы газ тасымалдау 65,8 млрд текше метрге жетті, яғни 2016 жылмен салыстырғанда 75 млрд текше метрге артық.
Қазақстанның өз аумағында газ саласын дамытудың стратегиялық маңызы ерекше. Тәуелсіздік жылдары бұл бағытта зор жетістіктерге қол жетті. Әсіресе, соңғы жылдары елдің газ әлеуетін жүзеге асыруға бағытталған бірқатар бағдарламаны жүзеге асыру барысында қыруар шаруа атқарылды.
Бізде негізінен мұнай өндірген кезде ілеспе газ алынады. Еліміздің газ саласындағы басты ерекшелігі де осы. Мәселен, Ресейде, Түрікменстан мен Өзбекстанда көгілдір отын кен орындарында өндіріледі. Ал бізде ілеспе газ Теңіз бен Қарашығанақта өндіріледі. Өндірілген газдың басым бөлігі жер қабатына қайта айдалады. Ал өзге бөлігі өңделеді.
Газ өндірісі негізінен батыс аймақтарда шоғырланған. Өткізу нарығы — оңтүстік, оңтүстік-шығыс аудандарда. Осыған байланысты, мемлекет оңтүстік өңірдің тұрғындарын газбен қамтуға күш салды. Екінші жағынан, елдің оңтүстігі арқылы Қытайға газ экспортын жүзеге асырады.
Осы міндеттерді орындау мақсатында, 2015 жылы Бейнеу-Бозой-Шымкент газ желісі салынды. Ол Батыс Қазақстанды елдің оңтүстігіндегі газ желісіне жалғады. Сөйтіп Алматы мен бүкіл Түркістан облысының өңірі отандық газбен қамтамасыз етілді. КСРО кезінде бұл жақтарға «көгілдір отын» Орта Азиядан жеткізілетін. Сондықтан экономикасы дамыған оңтүстік аймақты газбен жабдықтау мәселесінің шешілуі стратегиялық басымдық болып табылады.
Бұдан басқа, осы газ желісінің арқасында Қытайға газ экспорттау мүмкіндігі туындады. Биылғы жылдың тамыз айында Қытайға отандық газ экспортының көлемі 5 млрд текше метрге жетеді деп хабарланды. Қытайға газ экспорттау бұл елдегі тұтынушының көбеюін есепке алғанда, болашағы бар жоба. Өйткені көршіміз өз энергетикасында көмір тұтынуды азайтуды жоспарлап отыр. 2020 жылға қарай Бейжің энергетикадағы көмірдің үлесін 64 пайыздан 58 пайызға азайтуды көздейді. Сондықтан Қытай ірі газ экспортеріне айналатыны анық. British Petroleum мәліметінше, 2020 жылға қарай Қытай Орталық Азиядан 65 млрд текше метр газ сатып алатын дәрежеге жетеді. Оның ішінде Қазақстан газының үлесі қомақты болатыны айқын.
Energyprom.kz дерегінше, Қазақстаннан газ экспорты үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, көлемі жағынан 51,8 пайызға, бағасы жағынан 80,6 пайызға артты. Бірінші тоқсанда 7,2 млрд текше метр (495 млн доллар) «көгілдір отын» экспортталды. Негізінен ол батысқа жөнелтілді.
Бейнеу-Бозой-Шымкент газ желісі екі бірдей стратегиялық міндетті жүзеге асыруға септігін тигізеді. Бірі – Қытайға экспорттау, екіншісі – ішкі тұтынуды көбейту. Ішкі тұтынуды қамтамасыз ету – отандық газ саласындағы аса маңызды міндет. Бұл орайда жаңа газ желісін салу оған жақын жерде орналасқан көптеген елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтуға мүмкіндік береді. Сонда өткізу нарығын қалыптастырумен қатар, ішкі аудандардағы экономиканы өрге бастыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік туады. Осылайша тағы бір стратегиялық маңызды міндетті шешуге болады. Ол — еліміздің кең-байтақ жерінде өмір сүру жағдайын жақсарту арқылы мемлекеттік қауіпсіздікті нығайту.
Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің бас қаласы – Астана мен орталық аймақтардағы аудандарды газдандыру саладағы ең маңызды стратегиялық кезең екені анық. Қазіргі кезде «ҚазТрансГаз» Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген оңтүстіктен солтүстікке — «Сарыарқа» газ желісі бойында орналасқан елді мекендер мен Елорданы газдандыру міндетін орындауға кірісті. Биылғы жылдың наурыз айында энергетика министрі Қанат Бозымбаев газ желісінің бірінші кезеңіне 267,3 млрд теңге жұмсалатынын айтты.
Газдандыру жұмысының біртіндеп, ішкі ресурсқа сүйеніп жүзеге асып жатқаны маңызды. Сондықтан еліміздің орталық және солтүстік бөліктерін қамтамасыз ету үшін салынған газ желісі елдің батысынан оңтүстік аудандар арқылы экспорттық газ желісіне қосылу арқылы өтеді. Бұл ішкі аудандардағы тұтынушыларды газбен қамтамасыз етумен қоса, жабдықтаушыны таңдауға мүмкіндік береді.
Еліміз газ саласында тасымалмен қатар, өз өндірісін дамытуға ұмтылады. Биылғы жылдың бірінші жарты жылында 28,6 текше метр табиғи газ өндірілді. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,3 пайызға артық. Оның үстіне, соңғы он жылдан бері өндіріс өсімі тұрақты. Әсіресе, соңғы екі жылдағы өзгеріс айтарлықтай. 2015 жылы 43,2 млрд текше метр газ өндірілсе, биылғы меже – 57 млрд текше метр.
Өндіріс көлемінің артуы, сондай-ақ батыстан шығысқа, оңтүстіктен солтүстікке қарай жаңа газ желісінің салынуы есебінен газ саласы Қазақстан экономикасындағы ең бір қарқынды дамып келе жатқан салаға айналды. Мұндағы инвестицияның басым бөлігі ең алдымен газ желісі мен елді мекендерді газдандыруға жұмсалады.
Сонымен бірге, газ саласы, ең алдымен «ҚазТрансГаз» мемлекеттік компаниясы ішкі газ тұтынуды дотациялап отыр. Өйткені ішкі нарықта көгілдір отын өзіндік құнынан төмен бағамен сатылады. Жыл сайын ішкі нарықты жабдықтаудағы шығын 57 млрд теңгеге жетеді. «ҚазТрансГаз» компаниясының мағлұматынша, отандық тұтынушыларға кеткен дотация соңғы үш жылда 168 млрд теңге болды. Бұл шығын газ экспортынан түсетін табыспен жабылатынын айту керек.
Әлемдік нарықтағы бағамен есептейтін өзге елдердегі бағамен салыстырғанда, Қазақстанда газ бағасы тым төмен. Биылғы мамыр айында Мәжілісте «Газ және газбен қамту туралы» заң жобасы талқыға түсті. Сол кезде сұйытылған газ саласындағы «көлеңкелі экспорт» жайы сөз болды. Заңсыз экспорттың белең алуының сыры да осы газ бағасының арзан болуында. Ал соңғы жылдары сұйытылған газға сұраныстың артқаны байқалады. Бұл ішкі нарықта газ тапшылығының орын алуына әкеп соқтыруы мүмкін.
Сондықтан Мәжіліс сұйытылған газдың көтерме бағасын кезеңмен реттеу туралы заң жобасын мақұлдады. Газбен жабдықтау электронды сауда алаңдарында жүзеге асырылады. Энергетика министрлігі газдың шекті бағасын өзі белгілейді. Негізі Еуразия экономикалық одағы шеңберінде ішкі баға экспорт бағасымен тепе-тең (салық пен тасымал шығынын қоспағанда) болуы керек. Мұның да мемлекет пен «ҚазТрансГаз» алдында күрделі міндеттер қоятыны сөзсіз.
Экономика мен тұрғындардың тіршілігінде газ тұтынуды ұлғайтуда еліміздің әлеуеті зор. Бұл да мемлекетімізді дамыту стратегиясының маңызды бір бөлігі. Осындай зор мүмкіндіктерді пайдалану саясаты да жоғары деңгейде жүргізілгені дұрыс. Бұл орайда «ҚазТрансГаз» сияқты мемлекеттік компанияны басқару сапасы жоғарыда айтылған стратегиялық маңызы бар міндеттерді шешуге ықпал етеді.
Мақпал Ноғайбаева