Жұмыстың алғашқы жылында-ақ 2000 пайыздан астам табыс. Мәдениет және спорт министрлігі мінсіз бизнес ойлап тапты. Шенеуніктер елдің төлем нарығы мойнына мінетін және біздің әрбір аударымымыз үшін 4 пайыздан ақша алатын құрылым түзді. Әрине, бизнес оған қарсыласып бағады, ақырында ақшаны оффшорға әкетеді.
2021 жылы 4 қаңтарда елімізде «Ойын бизнесі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енеді. Оған сәйкес, мәдениет және спорт министрлігі қолма-қол ақшасыз операцияларды бақылау мақсатында Бәс тігуді есептеу орталығын (ЦУС) құруда. Бұл орталық букмекерлік кеңселер мен олардың клиенттері арасындағы ақша айналымы туралы толық ақпарат беруі керек.
Мәдениет министрлігінің мағлұматы бойынша, Қазақстандағы букмекерлер нарығы 200 млрд теңгені құрайды. ЦУС (Бәс тігуді есептеу орталығы) дәл осы ақшаны бақылауы тиіс. «Paybox.money» ЖШС директоры және «Exirius» ЖШС техникалық өкілі Алексей Назаров оның қалай жүзеге асатынын жуырда өткен интернет-конференцияда айтып берді.
Назаров жеткізуге тырысқан негізгі идея – букмекерлер салық төлемейді. Сондықтан оларды әшкерелеп, ақшасын көрсететін жүйе құру керек. Нәтижесінде бюджетке түсетін салықтың мөлшері артады.
Бұл идея Парламентте және үкіметте қолдау тапты. Өйткені келесі жылы халықтың табысын жариялау кезеңіне аяқ басамыз. Демек дәл осы жүйе ақшасын спортқа салған жанкүйерлердің шығысы мен кірісін бақылауға алады. Егер оған көбірек құқық берілсе, ол сонымен бірге құмар ойынға патологиялық тәуелді адамдарды да бақылай алады. Сонда олар бәс тіге алмайды. Халықтың мәдени деңгейі көтеріліп, барлығы бақытқа бөленеді-мыс.
Осыған орай мәдениет және спорт министрлігі және «Exirius» ЖШС, ЦУС операторы бұл міндеттердің ешқайсысын орындай алмайтыны айтылуда. Дегенмен қомақты үлес алып үлгереді. Бұл бәрімізге тікелей әсер етеді.
Енді бәс тігілмейді
Айта кету керек, «Exirius» ЖШС Бәс тігуді есептеу Орталығын (ЦУС) құруға мұқият дайындықпен келді. Алайда оны жүзеге асыру барысында бәс тігу бизнесінің қалай жұмыс істейтінін білмейтіндігін көрсетті. Олар осы үлкен бизнесті кімнің дөңгелетіп отырғанын білмейтін болып шықты. Әрине, ол – адам. Бәс тігетін адам болмаса, бұл бизнестің алға баспайтыны бесенеден белгілі.
Егер Мәдениет министрлігінің есеп-қисабын өзімізге түсінікті санға аударсақ, елімізде 120-140 мың адам түрлі ойынға бәс тігеді екен.
Ойыншы көбіне ақшаны бір букмекерлік кеңсе арқылы тігеді. Аталған компанияның платформасында оның жеке есепшоты болады. Оған ақшаны төлем терминалы арқылы салады немесе банк картасы арқылы толтырады. Тіпті болмаса, кассирге барып, тікелей бәс тігеді.
Ойыннан ұтылса, ақша букмекерлік кеңсенің қоржынына түседі. Ұтып жатса, қаржы оның жеке әмиянына түседі немесе букмекерден қолма-қол ақша алады.
Келесі жылдан бастап букмекер мен оның бәс тігушінің арасына есеп орталығы қыстырылады. Ережеге сәйкес, букмекерлер ЦУС арқылы өтпеген ақшаны қабылдай алмайды және ұтыстарды төлей алмайды. Сондықтан, адам өзінің шотына букмекер арқылы ақша салғысы келгенде, оның тиыны алдымен орталықтың шотына түседі. Ол өз кезегінде төлемді тексеріп, өзіне тиесілі бөлігін жырып алады. Егер мақұлданса, букмекерлік кеңсеге жібереді.
Өзің бар да, қолмен толтыр
ЦУС-тың жұмысы үшін электрондық ақша жүйесі таңдалды. Әрине, бұл – оғаш шешім. Ұлттық банктің қолданыстағы ережелеріне сәйкес, электронды ақша төлеуші мен алушының аты-жөні толық сәйкестендіруді талап етеді.
Бұл тағы бір талапқа алып келеді: букмекерлік кеңсенің әрбір клиенті тіркеліп, өзінің аты-жөнін, ЖСН және телефон нөмірін көрсетіп, жеке есепшотын ашуы керек. Дәл осы мәліметтер Мәдениет министрлігіне қарасты ЦУС-та көрсетіледі және ол төлемдерді өздеріне ғана белгілі тізімдер бойынша салыстырады, өткізуге бола ма, болмай ма деген мәселе бойынша.
Бүгінгі таңда Қазақстанда қолданушыны сәйкестендірудің қашықтан атқаратын сенімді әдісі жоқ. Демек адам букмекерлік кассаға өз аяғымен барып, сол жерде тіркелуі керек.
Ең күрделісі, заң бойынша букмекерлер Қапшағай мен Бурабай секілді аймақтарға көшірілген. Кассалар тек сонда ғана жұмыс істей алады. Жарайды, бұл Нұр-Сұлтан мен Алматыдан алыс емес, бірақ Қызылорда немесе Атырау сияқты алыс аймақтағы тұрғындар қайтпек? Айталық, Қызылордадан Қапшағайға дейін 1200 шақырым. Оның өзі кейбір аймақтарға қарағанда жақын саналады.
Министрлік бір қадам арқылы букмекерлер нарығының үштен екі бөлігін алшақтатып тастады. Әрине, осы қиындықтардың барлығына бір-ақ қол сілтеп, шетелдік букмекерге жүгіну оңайырақ болады.
2007 жыл. Аңызға айналған Led Zeppelin тобы қоштасу концертін өткізу туралы шешім қабылдады. Шоу Лондонда тек 20 мың адамға арналған О2 залында өтуі керек еді. Топ билеттерді кассалар арқылы емес, өзінің промоутерлерінің бірінің сайты арқылы сату туралы шешім қабылдайды. Сайт ашылған сәттен кейін 5 минуттан соң тығырыққа тірелді. Бір мезетте 1 миллионнан астам адам билет сатып алуға тырысты. Клиенттерді тіркеу жылдамдығы минутына 80 мың адамды құрады. Төлем жүйесінің сервері мұндай жылдамдыққа шыдай алмады.
Сауалға жауап жоқ
«Exirius» көптеген мәліметтер жинауға ниетті. Көптігі соншалық, конференцияға қатысушыларда «ЦУС мұның бәрін саралай ала ма?» деген күмән пайда болды. Әсіресе, дәл қазіргі кезде?
ЦУС жұмысын «Exirius» ЖШС басшылығының көруі технологиялар әлемінде Firewall деп аталады, яғни желілер арасындағы рұқсатсыз байланысты болдырмауға арналған технологиялық тосқауыл. Бұл төлем жүйелері мен букмекерлік кеңселер арасындағы байланысты толығымен басқаратын сүзгі.
Tennisi.kz директоры Сергей Казаков мынадай мысал келтірді: өткен маусымда Чемпиондар лигасының финалында «Бавария» мен «ПСЖ» арасындағы ойын кезінде желідегі операциялар саны минутына 100 мыңға жетті. ЦУС төлемді растаудың осындай жылдамдығын қамтамасыз ете ала ма? Әйтсе де, «Exirius» ЖШС басшысы бұл сауалға жауап беруден сытылып кетті.
«Қазақстандағы құмар ойындары туралы» заң кімді пайдаға кенелтеді?
Бұл неліктен маңызды? Футбол немесе хоккей матчы кезінде ойын барысы бірнеше минут ішінде күрт өзгеруі мүмкін. Осы уақыт аралығында жанкүйердің бәс тігуге уақыты болуы тиіс.
Қазақстандық төлеушілерден төлем қабылдаудың жылдамдығы – ақша салудан букмекердің тігілген ақшаны тіркеуге дейінгі аралығы – 3 секундтан 30-ға дейін. Бұл жылдамдыққа букмекерлер сенімді серіктестерімен жұмыс істеуі арқылы қол жеткізіледі.
ЦУС тараптарды таңдамайды. Ол бәрін сүзгіге жөнелтеді. Бұл сәтсіздікке ұшыратады және ол үнемі қайталанады дегенді білдіреді.
Егер ЦУС тек ақша аударымы туралы ақпарат жинау жөніндегі өзінің алғашқы идеологиясын ұстанған болса, осындай түйіндерге жол бермеуге болар еді. Мәліметтер саны азайып, әрі оффлайн режимінде жұмыс істей алатын еді.
Мұның бәрі ЦУС-тың басты мақсаты – ақшаны бақылау екендігі жайлы ойға жетелейді. Сонда кімнен?
1999 жылы Чемпиондар лигасының финалында «Манчестер Юнайтед» пен «Бавария» кездесті. Ойын қосымша уақыттың 1,5 минутында шешілді. Бірінші голды ағылшындар 91-минутта соқты. Бір минуттан кейін олар екінші голды бұрыштан соқты. Күтпеген голдар қарсыластың еңсесін түсіріп жіберді. Чемпиондар лигасының финалында жеңілгеннен кейін, ел чемпионатының фавориті саналатын «Бавария» Германия Кубогының финалында да жеңіліп қалды…
Стандартқа сай келмейтін кім? Шықсын!
«Караван» басылымына сұхбат берген техникалық кеңесші Владимир Смирнов «Мұндай жобаны сынақтан өткізу үшін бір ай жеткіліксіз», – дейді. – Оны дұрыс жүргізу үшін уақыт пен қор қажет. Салаға тәуелді технологиялық байланысты тексеру сияқты жұмыстар кешені, мұнда ішкі қатысушылар мен процестерден бөлек, сыртқы қатысушылар да маңызды компонент болып табылады, яғни байланыс арналарының операторларына дейін. «Exirius» тест нәтижелерін ешқандай жолмен жарияламайды. Шындап келгенде, олар мұны істей де алмайды. Өйткені олардың аталған саладағы транзакциялардың аса қарқынды және аса көп кезеңінде, жауап беру үшін қажет уақыт туралы түсініктері жоқ екеніне сенімдімін. Мұндай стандарттарды есептеу өте қиын. Бізге көп жылдық тәжірибе, ұзақ мерзімді статистика қажет. Әрине, іске қосу кезінде технологиялық базаны, байланыс арналарын реттеуге болады және ол қажет. Букмекерлік кеңселер өз ресурстарын жұмылдырып, интеграцияны жүзеге асырып үлгеретін шығар. Дегенмен оны да оңтайландыру және қайта құру қажет болады».
«Exirius» бақылайтын компаниялар төлем жүйесі платформалары мен ЦУС арасындағы техникалық өзара әрекеттесу хаттамасын ала алмады. Мұндай бизнес-процесс жоқ. «Exirius» ұсынған модельге қарағанда, оның жүйесінде басқа төлем ұйымдарына орын жоқ.
Ең бастысы, ЦУС платформасына техникалық аудитті осындай жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі бар шетелдік сарапшылар жүргізбеген. Бұл таңқаларлық жайт. Өйткені «Exirius» төлем компаниясы болғандықтан, олар Ұлттық Банктің стандарттарына сәйкес келуі керек. Мұндай жоқ па? Кешіріңіз, бұл кезде жүйе айқын емес, көлеңкелі тұстары көп. Бұл оның міндетті түрде сәтсіздікке ұшырайтынын білдіреді.
2015 жылы Алматыда ONAY төлем жүйесін енгізу басталды. Жобаның операторы «Алматы көлік холдингі» ЖШС болды. Жобаны әзірлеушілердің алдында төлемдер ағымын оңтайландыру, ақшаны ұрлықтан қорғау, жолаушылар ағыны туралы ақпарат алу сияқты мақсаттар тұрды.
Дайындық жұмыстары жоба басталардан 1,5 жыл бұрын басталды. Осы уақыт ішінде әзірлеушілер шетелдік тәжірибені зерттеді. Бизнес-процестерді дамыту мен жүйені құрудың белсенді кезеңі алты айдан аз уақытты алды. Тағы 6 ай – сынақ кезеңіне арналды.
Жүйе статистиканы бір жылдай жинады. Бұл деректер кейбір кемшіліктерді реттеуге, көлік жүйесінің барлық тұстарын егжей-тегжейлі анықтауға, маршруттық желінің тиімділігін арттыруға, қаланың қоғамдық көліктерінің жүру кестесіне пайдаланылды. Тек 1,5 жыл жұмыс істегеннен кейін ғана оператор жүйенің өнеркәсіптік пайдалану кезеңіне өтті.
Ойыншы кетсе, оралмайды
Сарапшылардың ешқайсысы ЦУС жұмысында ақаулар болатындығына күмәнданбайды. ЦУС платформасы «PayBox» компаниясының шешімдеріне негізделген. Бұл Tele2 ұялы байланыс операторының төлемдерін қамтамасыз ететін компания.
Кейбір жанкүйерлер өз балансын ақша ретінде ойындарға бәс қылып тігеді. Түнде төлем терминалдарының көпшілігі қолжетімді емес, сондықтан осы уақытта телефон шоттарынан ақша шығарудың шарықтау кезі байқалады. Оператордың сайты түнде үнемі қолжетімсіз. Ақша өтпейді, ал оператордың техниктері сайттағы бұл қызметті өшіре салады.
Мәдениет министрлігі ақша жоғалтпау үшін шетелдік букмекерлік кеңселердің барлық сайттарына кіруді жабуға уәде берді.
Бірақ бұл интернеттегі қарақшылық іспетті екенін білеміз. Барлығы онымен күресуіміз керек дейді, бірақ қандай жолмен екенін ешкім білмейді. Сосын мемлекеттің өзі букмекерлердің жолын кесіп, оларды желіге қосылуға мәжбүр етеді. Не үшін? Әдеттегі кассаларды бақылау электронды төлемдерге қарағанда барлық жағынан әлдеқайда жеңіл. Ойнауға тыйым салынса, лудоман қайтсе де шетелдік сайтқа кіреді.
Біз бірнеше жылдан бері жүздеген порнографиялық сайттарды жауып жатқан ішкі істер министрлігіне де сенеміз. Бұл мүмкін емес. Қазақстан VPN қосымшаларын жүктеу бойынша әлемде 3-ші орын алады деп айтылады. Ал шетелде адамға мол мүмкіндіктер ашылады. Ол жерде таңдау тіпті көп. Шетелдік букмекерлердің ұтыстары қазақстандықтарға қарағанда жоғары, өйткені онда салық салынбайды. Әсіресе оффшорлық аймақтарда. Егер ойыншы сол жерге барса, ол қайта оралмайды. Себебі ол жақта бәс тігуші мен оның ақшасын құшақ жая қарсы алады. Ал бізде кедергі қояды, тіпті ақшаның бір бөлігін жырып алуға тырысады.
Сонымен, Мәдениет министрлігі де, «Exirius» ЖШС да технологиялық немесе заңды түрде жұмыс істеуге дайын емес. Бірақ олар алғысы келіп отырған ақшаны көріп отыр. Ол үшін олар нарықты өз бақылауына алуы керек. Сондықтан олар тәуекелге баруға дайын. Бұл жерде кім көп ұтады және кім ұтылады?
Айдос Құсайынұлы