
Қызылордада 17-20 қыркүйек аралығында «Заңсыз-2018» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілді. Осы шараның қорытындысы бойынша 814 адамның көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды, дееп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі Қызылорда облысы ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеп.
Жедел алдын алу шараларын жүзеге асыру мақсатында шетел азаматтарының көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтап, оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін мобильді топтар құрылды. Сонымен қатар базарларда, құрылыс нысандарында, іздеудегі қылмыскерді анықтау үшін шетелдік азаматтар уақытша тіркеуде тұратын жерлерде рейдтер жүргізілген.
Осы жұмыстардың нәтижесінде 814 адамның көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды.
«Бұл адамдарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. 83 шетелдік елден шығарылып, құжатсыз жүрген 29 азамат қабылдаушы-бөлуші бөліміне жеткізілді. Сонымен қатар, 125 Өзбекстан азаматының уақытша болу мерзімі қысқартылды»,-делінген хабарламада.