
Қызылорда-Шымкент ақылы тасжолы аптапқа шыдамай, бүлінді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға Түркістан облысында 8 маусымда күндіз болған. Жүргізушілер Төрткөл ауылы аумағында жолдың асфальт-бетон жабындысы көтеріліп кеткенін байқаған. Көліктер бүлінген жолды айланып, жол шетіне шығуға мәжбүр.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, оқиға республикалық Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі Қызылорда-Шымкент ақылы тасжолында болған. Сол күні облыста ауа температурасы жоғары болғаны айтылды. Термометр бағаны 45 градусқа дейін көтерілген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Сағат 17.00 шамасында тасжолдың оң жағында ауа температурасының жоғарылауына байланысты цемент-бетон тақта көтерілді. Қазіргі уақытта тақтаны бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Уақытша қалпына келтіру жұмыстарын мердігер «ШымкентДорСтрой» жүргізді. Қиыршық-құм қоспасы құйылып, асфальт-бетон жабыны төселді. 10 адам және бес техника жұмылдырылды», — деді ұлттық компания өкілдері.
Сондай-ақ, оқиға аймағында ескерту белгілері орнатылған. Жолға Түркістан облысының патрульдік көліктері қойылған.