«ҚЫЗҚАРАҒАЙ» фестивалі

31 шiлде 2023, 15:46

Неге Солтүстік Қазақстада осындай атаумен елдік шара өткізбеске? Әрине, ән айтып, би билеу үшін емес, кең байтақ жеріміздің киесін сезініп, тамыры терең еліміздің рухани байлығын, мәдениетін жаңа буынға, әлемге таныта түну үшін! Қызылжардың арғы-бергі тарихын, қаһармандық пен мәрттікті тең бейнелеген әдебиеті мен өнерін тәуелсіздік мұратынан Немесе сол жолдағы күрес пен еңбектен бөліп қарауға әсте болмас. Осы орайда барша Әлем ұстаз тұтқан аристотельдің «тарихты дәл бейнелеуге ғылыман гөрі поэзия қауқарлы» деген даналығын есте ұстаған жөн.

Сонымен, неге «Қызқарағай» фестивалі? Бұл қазақы атаудың қайта жаңғыруы дүйім ел есінде жатталып қалған әдемі әннің шығу тарихымен байланысты. Атап айтсақ, қазақ әдебиетінің классигі, ұлттық сөз өнерінің шебері Ғабит Мүсірепов ақыл-парасатына, көркемдік танымына тікелей қатысты. Туған жерге барған бір сапарында жазушы көзі қайыңқарағайлы алқап ішінде «менмұндалап» тұрған ерекше сұлу ағашқа түседі. Талай заманнан бері өсіп тұрған қарағай тағдырын да тұспалдап айтады. «Сәукелесі бар, қос етек, бүрмелі көйлек киген қазақ қызындай екен» деп суреттеп береді. Сол сәтте жазушы жанындағылардың есінде қалсын дегендей әлгі сұлу бітімді ағашқа «Қызқарағай» деп ат қояды. Араға уақыт салып сол қайыңды-қарағайлы алқапқа Ғабеңе еріп ақиық талантты інілері – ақын Мақсұтжан Әубәкіров пен композитор Жоламан Тұрсынбаев бара қалады. Сол сәтті сапардан кейін жазушының ғана емес, тұтас өнерсүйер қауымның көңілінен шыққан әсем ән дүниеге келеді. Ол әнді радиодан тұңғыш рет дүние жүзі бұлбұлға теңеген әншіміз Бибігүл Төлегенова орындайды. Сөйтіп шығарма туа салысымен түрлі бәйгеде оза шауып, бірден алтын қорға енеді. Жаңа туындының авторы – сол кезде жас кәсіби композитор, бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаев есімі халық аузына ілінеді. Заманында Шәмші Қалдаяқов, Әблахат Еспаев, Ескендір Хасанғалиев, Сейдолла Бәйтереков, Кеңес Дүйсекеев сынды бірегей тұлғалармен қанаттаса жүріп, ұлтымыздың өнерін дамытуға атсалысқан тұлға шығармашылығында дәстүрлі халық музыкасы мен классика қатар өрілген. Бүгінде аға буын композитор қатарындағы тұлғаның басқа да әндері елге және шетелге танымал. Өнер сүйер қауым оны симфониялық шығармалары – күйсимфониясы, альт пен электрлі органға арналған концерті, «Байқоңыр баспалдақтары» ораториясы, «Абылай ханның ұлы ісі» кантатасы арқылы жақсы біледі. Сондай-ақ ол Абай, Біржан сал шығармаларын оркестрге түсіріп, Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасына музыкалық шығарма арнаған. Бәлкім, бұл қасиет сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Елің үшін мақтан, елің үшін қайғыр» деген даналығын терең түсінгеннен шығар. Қайткенде де, шығармашыл адамдар елдің өткені мен бүгініне, тіпті келешегіне бейжай қарай алмайды. Өздеріңізге мәлім, қазір солтүстіктегі оқу орындарына, еңбек ұжымдарына өзге өңірлерден жастардың көбірек баруы қажеттігі жиі көтеріледі. Мысалы, осы өңірде спорт және дене шынықтыру мамандарын даярлауды жолға қою да маңызды деп санаймыз. Елді біріктіретін өнер байқаулары мен спорт жарыстарын Қызылжар өңірінде өткізу де аса өзекті. Әйтпесе, осындай шаралар оңтүстік пен батыс өңірлері еншісіне телінгендей әсер қалдырады. Сонымен бірге Солтүстік Қазақстанда мәдени ошақтардың мазмұнына, облыстық, аудандық музейлердің экспозицияларына тәуелсіздік талабына сай қайта қарау, этнобірлестіктер жұмысына бітімшіл, бүтіншіл сипат беру, елорда (Алматы әлеуеті де бар) мен облыстың бірлескен ғылыми археологиялық, этнографиялық, фольклорлық жобаларын жүзеге асыру – кезек күттірмейтін елдік жұмыс. Сонда «Тату үйге тақсірет жуымайды» дегендей, пиғылы бұзықтар мен арандатушылар іргесін аулақ салары да сөзсіз. «Қызқарағай» фестивалі ел мен жер тұтастығына, тарих пен мәдениет сабақтастығына ықпал ететін бірегей жоба болады деп үміттенеміз.

Дархан МЫҢБаЙ, Мемлекет қайраткері

Jas Qazaq газеті, 28.07.2023

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді