Құжаттарды құпиясыздандыру басталады

27 мамыр 2022, 10:52

2020 жылдың қараша айында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық комиссия құрылып, іске кіріскені мәлім. Осы кезге дейін бұл комиссия не істеді, не қойды? «ҚазАқпарат» агенттігі сауалына білім және ғылым министрлігінің берген жауабы төмендегідей:

***Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті – 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық, заңды және саяси ақтау. Демек бұл 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия екенін түсіну маңызды.

***Бүгінде мемлекеттік комиссия ақтауға жататын азаматтардың 11 санаты бойынша топ-топқа бөлінген. Оған қоса, екі кіші комиссия бар. Бірі саяси қуғын-сүргін құрбандарын заң тұрғысында ақтау мен есімдерін ұлықтау бойынша әдістеме дайындауға жұмылдырылған. Екіншісі саяси қуғын-сүргін жөніндегі жабық архив қорларын жан-жақты зерделеу және оларды кезең-кезеңімен құпиясыздандыру бойынша құрылды. Бұл жұмыс тобының құрамына ҚР Ұлттық ғылыми академиясының академиктерінен, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдарынан құралған 69 адам тартылды.

***17 өңірде мәслихат депутаттарының, ғалымдардың, өлкетанушылардың қатысуымен консультативтік-кеңесші органдар форматында өңірлік комиссия құрылып, олардың құрамына 265 ғалым алынды.

***2021-2022 жылдар аралығында азаматтардан туыстары мен ата-бабасын ақтау бойынша 156 өтініш түскен. Оның 42-сі қанағаттандырылды. 114 өтініш бойынша әлі іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.

***Өткен жылы мемлекеттік комиссияның өкілдері ел аумағында архив материалдарын жинау үшін 30 ғылыми-іздестіру іссапарына шыққан. Нәтижесінде архив құжаттарының 268 715 кадры жиналды. Олар кейін құжаттар жинағы ретінде көпшілікке қолжетімді болмақ.

***2020-2021 жылдары ғалымдар Мәскеу мен Киев архивтерінде үлкен жұмыс атқарды. Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінде КСРО-ның еңбекпен түзеу лагерлерінің тарихы бойынша, соның ішінде ҚазКСР аумағында орналасқан лагерлер бойынша архив құжаттары анықталып, зерделенді.

***Қазір еліміздің және шет мемлекеттердің (Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және т.б.) түрлі мұрағат қоймаларынан келіп түсіп жатқан архив материалдарының мәтіндерін терудің белсенді процесі жүріп жатыр.

***Қазір саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірыңғай республикалық деректер базасы сақталатын арнайы сайт әзірленіп жатыр. Осы сайт негізінде ХХ ғасырдың 20-50 жылдар арасында қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың барлық санаттарын (бай-кулактар, орташалар, депортацияланған халықтар, арнайы қоныс аударушылар, дін қызметкерлері) қамтитын жүйелендірілген электрондық деректер базасы ұсынылады. Бұл жұмыс ағымдағы жылдың мамыр айында аяқталады және интернет ресурстарда жалпыға қолжетімді болады.

***Саяси сүргінге ұшырағандардың құжаттары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің арнайы архивтерінде құпия режимде сақталып келген еді. Мемлекеттік комиссия жұмысының аясында сол құжаттарды құпиясыздандыру процесі басталды. Бүгінде құпия құжаттардың сақталу мерзімінің аяқталуына байланысты құпиясыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде ҚР Бас прокуратурасы 2 миллионнан астам құжат, ІІМ арнайы архивтерінде 2 190, ҰҚК арнайы архивтерінде 333 архив ісі және 1937-1938 жылдардағы КСРО Ішкі істер халық комиссариатының 7 нормативтік-құқықтық актісі құпиясыздандырылды. Қазіргі уақытта өңірлік комиссиялардың мүшелері ҚР Бас прокуратурасы, ҰҚК, ІІМ, Қорғаныс министрліктерінің жабық архив қорларымен әлі де жұмыс істеп жатыр.

24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді