
Елімізде адам саудасы тыйылмай тұр. Соңғы бір жылда ғана 180 қылмыстық іс тіркелген. Әсіресе қара көз қыздарымыздың шетелге сатып жіберу жайттары жиілеп кетіпті. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Қыздарды құлдыққа сатушыларға қатаң карантин де кедергі болмаған. Шетелге шығудың айласын тапқандар қыздарды Бахрейн, Түркия, Оңтүстік Кореяға жұмысқа жөнелтіп отырған. Бірақ жалақысы жоғары жұмыстың орнына жерлестеріміз жезөкше боп шыға келген. 15 қыз құтқарылып, 26 қылмыскер шетелге адам сатқаны үшін сотталған. Ішкі істер министрлігі дәл осындай жолмен жылда, кем дегенде 80 адамның құлдыққа жегілетіндігін айтуда. «Құл ұстаушылар» өз елімізде де жетіп артылады. Әсіресе Қостанай, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Жамбыл облыстарында ондай жағдай көптеп тіркелген. Осының кесірінен адам жоғалу жайттары көбейген. Қазіргі кезде 1200 адам іс-түзсіз жоғалғандар санатында. Оның 20-сы бала. Елімізде адам мен адам ағзасын сатушыларға 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Думан Таев, ҚР ІІМ криминалдық полиция департаменті басшысы:
— Біз үш күндік тексеру жүргіздік. Сол үш күнде 50-ден астам қылмыс анықталды. Оның ішінде жасөспірімді саудалау, күштеп бас бостандығынан айыру фактілері бар. Кәмелетке толмағандарды да жезөкшелікке мәжбүрлеу жайттары тіркелді. Азаматтарға айтарымыз, «жалақысы жоғары жұмысқа орналастырамыз» деп, шетелге кетуді ұсынушыларға сенбеңіздер. Шетел асқан күннің өзінде, туыс-таныстарыңызға айтып кетіңіздер.