АҚШ-тағы Қытай елшісі Цуй Тянькай жаңа коронавирустың биологиялық қару болып табылатыны туралы қауесетті жоққа шығарды. Бұл туралы РИА Новостиге сілтеме жасап nur.kz хабарлады.
Қытай елшісі жексенбі күні CBS телеарнасының эфирінде аталған ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
«Әрине, әртүрлі қауесеттер бар. Біреу бұл вирустың Қытайда емес, Құрама Штаттардағы әскери зертханадан шыққанын айтады. Біз мұның барлығына қалай сене аламыз? Бұл сандырақ», — деді ол.
Елшінің сөзінше, ғалымдар әзірге коронавирустың жаңа типі қайдан келгенін анықтай алмай жатыр.
«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол қандай да бір жануарлардан пайда болуы мүмкін. Алайда біз бұл туралы көбірек білуіміз қажет», — деп атап өтті Цуй Тянькай.
Сондай-ақ, дипломат жергілікті жерлерде вирустың пайда болуы туралы алғашқы хабарламаларға реакцияның тез болмауы мүмкін екенін мойындады.
«Бұл кез келген жерде болар еді. Дегенмен біз мұны түзету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», — деп сендірді елші.