Құрбандық шалу мәдениетін ескерсек

27 маусым 2023, 15:15

Ата салтынан ешқашан ажырамаған, мұсылмандық жолды дәстүрмен үйлестіріп ұстанған халқымыз жыл сайын Құрбан айт мерекесін лайықты атап өтеді. Еңбек кодексінің 96-бабына сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні ғана демалыс күні ретінде бекітіледі. Оның қарсаңында, әдетте, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тиісті нұсқаулық жариялайды.

Қашан, қай кезде, қалай не істеу керегін, ресми айтсақ, діни ғұрыптың ережесі мен айттаудың тәртібін түсіндіреді. Әсіресе, жыл аралығында бақилық болған жандардың шаңырағына арнайы барып, құран оқып, тілек тілеуі, күйбең тіршілікте ренжісіп қалған адамдардың бір-бірінен кешірім сұрап, татуласуы, сырқаттардың көңілін сұрауы, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын созуы, жас ұрпақ пен қазақ қоғамына жаңа енгендерге айттың мәнін түсіндіруі т.б. сауабы мол адамгершілік, гуманистік іс-амалдар жан-жақты елдік
қолдауды қажет етеді деп санаймыз.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары айтты әсіре заманауиландыру да белең алып келеді. Елімізде жаппай “телефонмен айттаушылардың” дәстүр ұстынын бүлдіре бастағаны аға, орта буынды қатты алаңдатып отыр. Осыған байланысты пәтуа қажеттігін де ашық айтуға тиіспіз.
Сондай-ақ, діни рәсімде Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең сауапты ісі – құрбандық шалу. Осы арқылы пенде Алла Тағалаға жақындай түсіп, күнәларынан арылу харакетін жасайды. Барды бөлісіп, туысқандық қарым-қатынасты арттырады. Кембағылға көмектеседі. «Еркек тоқты — құрбандық» пәлсапасының мағынасы терең. Бұл бірыңғай малға байланысты ұғым емес.

Ал құрбандық шалу мәдениеті елімізде қалай қалыптасып жатыр? Өзге мұсылман жұртынан үйренетін, қаперге алатын үлгілер бар ма?
Қазіргі таңда ислам әлемі, оның институттары діни салт-дәстүр мен жоралғыларды жүзеге асыру ісінде де біршама модернизацияға көшіп жатыр. Технология жетістіктерін пайдаланып, жаңа қадам жасай бастады. Соның бірін естеріңізге салайық. Мысалы, Құрбан айт қарсаңында Сауд Арабиясы Корольдігі мен Ислам Даму Банкі бірлесіп қолға алған тетіктің мәні ойландырады. Бағзыдан ең көп құрбан шалынатын жер — Сауд Арабиясы, соның ішінде — Мекке қаласы екені баршаға мәлім. Жүз мыңдаған, миллиондаған адам бір мезетте мал сойғанда, оның қалдығы айналаны ластап, жаман иіс, түрлі жағымсыз сәт орын алатыны белгілі. Сойылған малдың еті бір демде тау болып, ыстық климатта тез бұзылуы ел басшыларын көп әуре-сарсаңға түсіргені құпия емес.
Міне, осы жағдайды зерттей келе Сауд Арабиясының Үкіметі 1983 жылдан бастап арнайы жоба түзіп, мал соятын орындарды жоғары дәрежелі санитарлық инфрақұрылыммен жабдықтай бастады. Ендігі кезекте мал бір жерде, діни талаппен, санитарлық нормалардың қатаң сақталуымен жүргізілетін болды. Уақыт өте келе жоба жан-жақты жетілдірілді. Бүгінде Ислам Даму Банкі — оның тұрақты операторы. Банктің қаражаты мен халықаралық мәртебесі жобаны әлемдік деңгейде басқаруға жол ашты. Қазіргі таңда Сауд Арабиясында (Мекке және басқа шаһарларда) және көршілес араб елдерінде құрбан шалғысы келген әрбір мұсылман арнайы ваучер (әр санаттағы құрбандық малы үшін айқындалған ваучер) сатып ала алады. Ваучерлер Құрбан айт қарсаңында сатыла бастайды. Сойылған мал ірі көлемде салынған тоңазытқыштарда сақталып, 84 сағат ішінде мұқтаж, ғәріп жандарға, мемлекеттерге, аймақтарға жөнелтіледі. «Жобаның жаңалығы неде?» деген сұрақтың жауабы да анық. Қазір жаппай құрбан шалу арнайы санитарлық жағынан таза жерде жүзеге асып, бұзылмаған күйі тоңазытқышқа салынып, бұдан кейін рефрижераторлармен, кемелермен, өзге де көлікпен мұқтаж елдерге жеткізіледі. Яғни, құрбандық малы асып-тасып жатқан жерден халал жолмен сойылған ет әлеуметі мұқтаж жерге апарылады. Ол қорды да дем арасында тауыспай, ұзақ уақыт ұқсатуға (мұқтаждарға жоспарлы түрде беруге) мүмкіндік туғызады. Статистикалық деректерге сүйенсек, жоба басталғаннан бергі 40 жылда 33 миллионнан астам мал басы өңделіп, 100 миллионнан астам мұсылманға жеткізілген екен. Мұқтаж тараптың тізімі (БҰҰ классификациясына сәйкес кедей мемлекеттер тізімі) өтінішіне сәйкес көмекке зәру елдерден түзіледі.

Аталған тәжірибенің Қазақстан үшін, соның ішінде құрбандық көп шалынатын миллионннан аса тұрғыны бар мегополистеріміз, рухани астанамыз — Түркістан үшін практикалық маңызды тұстары көп. Осы мақсатта мынаны орындасақ:
1) Құрбан шалуға арналған стандартты, заманауи орталықтар құру қажет.
2) Мал етін ұзақ сақтау мүмкіндігін қарастыру керек.
3) Еліміздегі мұқтаж өңірлерге, аудандарға, тіпті мүмкіндік болса шет елдерге де көмек жөнелткен абзал.
Бүгінгі шындық өздеріңізге мәлім. Қалаларымызда жыл сайын қасиетті Құрбан айт күндері құрбандық шалынатын орындарды белгілеп, әуреге түседі. Мысалға, Астанадағы базарлар маңында таңғы 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейтін алты орынның
(«Ұлжан» әмбебап базары, «Сарыарқа» ауданы, Н. Тілендиев көшесі, 24 (бұрынғы «Саянұр» базары);
«Жайлау» базары, «Байқоңыр» ауданы, Алаш тас жолы, С-313 көшесі («Шарын» базарының арты);
«Шанхай» базары, «Байқоңыр» ауданы, Алаш тас жолы, 34/6 («Көк базар» базарының арты);
«Шопан ата» базары, «Байқоңыр» ауданы, (Рубиком және Әмір базарының ортасы);
«Баракат» базары, «Байқоңыр» ауданы, А-369 көшесі, №10 ғимарат) әлеуетін қадағалау оңайға соқпайды.
Біздіңше, алдағы кезде өркениетті елдердегідей жоба қолға алынса, туған жерімізде діни салт-дәстүрімізді ғана емес, қоршаған ортаны аялап, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға да мол мүмкіндік туатын еді.
Айттарыңыз қабыл болсын!

Дархан МЫҢБАЙ

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді