
Шымкентте Құрбан айт мерекесіне орай қаланың бас имамы Бақдәулет қажы Әбдірахманов пен дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров ақпараттық коммуникациялық орталықта арнайы брифинг берді.
Брифинг барысында бас имам Құрбан айт намазы шаһардағы барлық мешіттерде 09 шілде күні таңғы сағат 6:40 оқылатынын мәлімдеді.
–«Құрбан» сөзі «жақындау» деген мағынаны береді. Исламда әрбір балиғатқа жеткен, сапарда болмаған және дүние-мүлкі нисап мөлшеріне жеткілікті мұсылман жанға уәжіп. 8 шілде Арапа күні қажылықтағы мұсылмандар діни жоралғысын атқарса, қажылыққа бармағандарға сол күні ораза ұстаған абзал. Мейірімділік пен бірлікке үндейтін мерекеде барынша жақсылық жасауға тырысайық, — деді бас имам.
Қаржылай мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс болып табылады. Құрбан айт намазын оқу, қатысу ер мен әйелге уажіп амал болып саналады.
Бағзы заманнан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыз Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алады. Ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Бүгінгі баспа сөз брифингте құрбандық шалуға шамасы келмеген азаматтардың айт күндері жақсылық жасау, көп балалы отбасыларға көңіл бөлуі – сауапты іс екені айтылды. Ал, құрбандық малға түйе, қой-ешкі және мүйізді ірі қара ғана жарайды.
Рухани мереке күндері құрбандық шалушылар мен көмек алушыларға барынша ыңғайлы және ашық болуы үшін ҚМДБ-ның https://www.qurban2022.kz/ru/ сайты арқылы онлайн және офлайн құрбандық шалу рәсімдері мен мешіттерде қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, үш күн бойы санитарлық талаптардың барлығына сәйкес келетін арнайы «Бозарық» қасапханасы мен қаланың төрт мешітінде бекітілген мамандар қызмет көрсетеді.
Толық ақпарат алу үшін Шымкент орталық мешіті жанындағы «Құрбан айт «Call-Center» орталығы мен +7708 478 48 72 ұялы телефонына хабарласуға болады.
Тоқтар Жақаш