
Күні кеше әйгілі Мыңжылқы жайлауында Қоңырбөрік тама бабаның ұрпақтары ас беріп, ұлан-асыр той өткізді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұстанымға ұйыған бабаның ұрпақтары тарихи тұлғаны ұлықтау мақсатында ескерткіш орнатып, ас өткізіп, бәйге ұйымдастырды.
Мыңжылқы жазығындағы атшабарда шабандоз балалар алдымен құнан жарысына сосын ұлы аламанға қосылды.
Аламан бәйгенің ерекшелігі сол, 80 арғымақ бәйге жолына шықты. 31 шақырымдық бәйгеде елімізге белгілі атбегі Орынтай Әмірғалиевтің баптаған Қызғалдақ атты арғымақтың шабысына сүйсінбеген ел жоқ шығар. Жануар бірінші айналымнан-ақ алдыңғы лекті бастап жүріп, алдына қара түсірмей мәреге жеке дара озып келді. Бәйгені тамашалауға жиналған көпшіліктің құрметіне бөленді.
Өзім де бала күнімен атқа құмартып, жылқы үстінде өскендіктен бәйге өтеді десе, делебем қозып, көргенше асық тұрамын. Бұл мүмкін менің жылқы жануарына деген жақындығымнан шығар.
Дәулет Досымбаев,
ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан