
Қазақстандық продюсер және кәсіпкер Қыдырәлі Болманов қолөнерші Ырза Тұрсынзаданың ғимарат туралы даулы мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2018 жылғы 22 маусымында Ырза Тұрсынзада Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаны Астанадағы Майлин көшесінде орналасқан ғимаратты заңсыз иемденді деп айыптаған болатын. Болмановтың айтуынша, даулы ғимарат коммуналдық нысан болып табылады және оны балалар мектебіне ыңғайлы орын ретінде құзіретті органдар тағайындаған. «Бір жарым жыл бұрын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектеп ашу туралы әкімдікке хат жазылған болатын. Бұл мектепте оқу ақысын төлеу мүмкіндігі жоқ балалар оқиды. Олардың кейбірі науқас, бірақ талантты, ең бастысы өнер үйренуге ынталы балалар. Осылайша, елуден астам бала оқуға жазылды. Бірақ, мектептің өзі жалға алынған, ондағы 25 мұғалімге жалақы төлеу керек. Балалардың тең жартысын тегін оқыта алмағандықтан, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында әкімдіктен төмен бағада ғимаратты жалға алуға өтінім білдірдік. Қазірдің өзінде 30 баланы тегін оқуға қабылдап қойдық, олардың арасында науқас, ата-анасыз қалған немесе әлеуметтік жағдайы төмен балалар бар», — деді Қыдырәлі Болманов Астанада өткен баспасөз мәслихатында. Қыдырәлі Болмановтың қорғаушысы Аманбол Әбеуов барлық заңды құжаттарды көрсетіп, заңсыз тұрғындардың ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпағанын жеткізді. Нысанды жалға берген «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпоративі 2017 жылдың желтоқсан айында ғимаратта тұрып жатқан заңсыз тұрғындарды анықтау туралы ішкі істер органдарына өтініш жазған. Кейінірек, 2018 жылдың қаңтар айында Астана қаласының Алматы ауданы әкімдігі де полицияға жүгінген. Бірақ, ғимараттағы заңсыз тұрғындар анықталмаған және кері байланысқа шықпаған. «Астана» ӘКК мен «Қарақат» мектеп-студиясын» басқаратын «Айсұлтан Арт» компаниясы арасында келісімшарт орнаған соң, компания адвокаттық кеңсе жалдаған. Адвокаттық кеңсе жинаған деректерге сәйкес, сот ғимаратта заңсыз тұрып жатқан тұлғаларды мәжбүрлеп көшіру туралы шешім қабылдаған. Құзырлы органдар да, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина да ғимаратта кімнің тұрып жатқанын анықтай алмаған», — деп түсіндірді заңгер.